Жеке кәсіпкер Нұрболат Қошқарбаев бұл цехты 2016 жылы ашқан. Содан бері аз мөлшерде өнім шығарып келе жатқан кәсіпорынға «Ауыл аманаты» жобасы үлкен көмек болды. Нұрболат Қыдырбайұлы былтыр «Ауыл аманаты» жобасының 5 бағыты бойынша 8 миллион 600 мың теңге алып, цех жұмысын дамытты. Қазіргі таңда тәулігіне 2 мың дана құмды блокты кірпіш шығарып жатыр. Сегіз түрлі кірпіштің бағалары әртүрлі. Қызыл, сары, қара түсті құмды блоктар сәнді көрінеді. Сәнді көрінуіне қарай нарқы да жоғарылай береді. Мұндағы бірнеше түрлі құмды блоктарға сұраныс жаман емес. Құмды блоктың қарапайым түрі – 200, рбани деген түрі – 400 теңге тұрады. Бізді цех басында бригадир Дархан Қали қарсы алды. Ол жұмыс барысын таныстыра келіп: «Цехта 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Көпшілігі осы Бірлікүстем ауылының тұрғындары. Жалақылары 300 мың теңгеден кем емес. Осынша көлемде жалақы алу ауылдың дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», – деді. Жақында облысқа келген сапарында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Шу ауданын аралап, осы кірпіш цехына да атбасын бұрған екен. Үкімет басшысының орынбасары түрлі-түсті құмды блок шығаратын цех жұмысының жандануы «Ауыл аманаты» жобасының сәтті жүзеге асып жатқанының көрінісі екенін атап өткен. Өз кезегінде жеке кәсіпкер жұмысын ұлғайта беретінін алға тартып отыр.
Қазір мұнда 3 «Камаз» машинасы, 2 трактор тіркемелерімен жұмыс істеп тұр. Тәулік сайын шығарылып жатқан кірпішті тапсырыс берушінің құрылыс басына жеткізіп беруге мүмкіндіктері бар. Мұндай келісім кәсіпорынның жұмысын едәуір жеңілдетіп отыр. Жеке кәсіпкер алдағы жылдарда тәулігіне 2 мың 600 дана кірпіш шығарып, жұмысшылар санын көбейтуді де ойластырып отыр. Ол құмды блок цехының табысы жоғарылай беретініне сенімді. Жеке кәсіпкер ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, бірқатар іс-шараларға демеушілік жасап тұрады. Өз ісін де дамытқан, ауылға да қайырымы бар азаматқа тұрғындар дән риза.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді