Отан алдындағы орны бөлек міндет

Отан алдындағы орны бөлек міндет
Ашық дереккөз
Көптеген азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі – әскер. Ал, осы әскерде шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген жүректі жігіттер бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті, бүкіл өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер азаматтар да бар.

Шын мәнінде, әскери қызметшілер кез келген сәтте еліміздің ең шалғай аймағына жіберіліп, өз антына адал қызмет етуі керек. Аудандағы 91678 әскери бөлімі 51 жеке таулы-егерьлі полкі жүк-арту көлік рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға сержант Талғат Батырбеков сондай жанның бірі. Ол Шымкент қаласынан Жамбыл жеріне келіп қызмет етіп жатқан маман. Мұнда Талғат Бауыржанұлы өзін сауатты, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен және толық көлемде орындайтын еңбекқор қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсете білді. Аға сержант ұжымның қоғамдық және спорттық өміріне де белсене қатысады. Әріптестері оның еңбегі мен білімін жоғары бағалайды. Өз кезегінде ол өне бойындағы тәжірибесі және білімі арқылы жас сарбаздарға үлгі болып келеді. Ал, оның бұл еңбегі бағаланып, «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 20 жыл толуына орай мерекелік естелік төсбелгімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, ҚР Қорғаныс Министрлігі Қарулы Күштері кәсіпқой сержанттардың құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік естелік белгісімен, «ҚР Қарулы Күштеріне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Бір айта кетерлігі, Талғаттың әкесі Бауыржан Айтымбетов еңбек жолын ішкі істер саласына арнаған жан. Отбасындағы әскери-патриоттық тәрбиеде баулыған ол әкесінің өмір жолын өзіне үлгі-өнеге санайды. Оның санасында «Алтындай басыңды қор қылма, ешкімнің ала жібін аттаушы болма, өліп бара жатсаң да шындықты айт, адамдармен амандасқанда, бетпе-бет сөйлескенде, көзіне тік қараушы бол, қолын алғанда, сенімді бол», дейтін әке сөздері жаңғырып тұрады.

– Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір азаматтың парызы. Шымыр да сымбатты болуға, әрі төзімділікке тек қана әскер шынықтырады. Әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындық та күннен-күнге шыңдай түседі. Жалпы, сарбаздардың әскери өмірге бір күнде бейімделіп кетуі оңай емес екені белгілі. Жаңа аттанғалы тұрған жас сарбаздарды алда қандай тосынсый күтіп тұрғаны қызықтырады. Олар психологиялық тұрғыдан іштей дайындалатыны да анық. Бейімделу кезеңінде сарбаздармен психодиагностикалық, психологиялық ағарту жұмыстары және психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілермен өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға, ұжымды біріктіруге, жалғыздықтан шығу жолдарын көрсету мақсатында психологиялық тренингтер де өткізіліп тұрады. Рас, жаңа ортаға үйрену үшін біраз уақыт керек. Мамандар кейде мұны күйзеліс кезеңі деп те атайды. Тез тіл табыса білетін, бейімделуге қабілеті жоғары жандар 10-20 күннің ішінде жаңа ортаға сіңісіп үлгереді. Ал, туабітті біртоға, тұйық жандар үшін жаңа ортаға бейімделу бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер адам жаңа ортаға сіңісе алмай жүрсе, психологтың кеңесіне жүгінген абзал. Осы себепті, жас сарбаздар үшін алғашында әскери ортаға бейімделу кезеңі маңызды рөл атқарады, – дейді аға сержант.

Сондай-ақ, ол әскери өмір жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ата-ананың қадірін білуге, достыққа адалдықты, сабырлық пен шыдамдылыққа үйрететінін жеткізді. Сондықтан, ол жастардың әскери борыштан жалтармай, ер азамат ретінде үлкен өмір мектебінен өтуі керек деп есептейді. Десек те, қазіргі заманда көпшілік бұл пікірді қолдай бермейтіні анық. Өкінішке қарай, тепсе темір үзетін жігіттердің дені Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастыратыны жасырын емес. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары құптап, балаларын әскерге жібермеуге барын салатыны да бар. Осы тұста, ойымызға бірден «Отанды қорғау отбасынан басталады» деген сөз оралады. Сол себепті, әр ата-ана ұлына Отан алдындағы қастерлі борышы екенін ұғындыра алса, онда әскерге барудан жастар жағы жалтармас еді.

Кейіпкеріміз әскери өмір сарбазға біріншіден, Отанды қорғауға қажетті дағдыларды, ер мінезділікті, қарым-қатынас жасау және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыратынын жеткізді. «Әскердегі қызмет белгілі бір дәрежеде ересек өмірге жолдама береді», – дейді ол. Екіншіден, жас азаматтың әскерге барғаны өзіне пайдалы екені анық. Себебі, олар мұнда өз бойларына болашақ өмірінде аса қажетті қасиеттерді қалыптастыра бастайды. Базбіреулер ойлағандай, әскери бөлімде мерзімді әскери қызметшілерді тек әскери іске ғана үйретіп қоймайды. Себебі, сарбаздар өздерінің ой-өрісін кеңейту және логикалық ойлауды үйрену үшін, жауынгерлік дайындық, дене дайындығы, мемлекеттік құқықтық дайындық және түрлі сабақтар бойынша білім алады. Яғни, олардың интеллектуалдық мүмкіндігін көтеруге жағдай жасалған. Бұл тұрғысынан Талғат Бауыржанұлы жүк-арту көлік ротасының сарбаздарымен күнделікті сабақ кестесіне сай, мемлекеттік құқықтық, жауынгерлік, медициналық, техникалық, арнайы дайындық және оттық дайындығы, дене дайындығы өткізіліп, апталық сабақ кестесіне байланысты түрлі сабақтар жүргізілетінін атап өтті. Бұдан бөлек, жауынгерлер мұнда өздеріне бекітілген әскери техникалар мен қару-жарақтарына және жылқыларына күнделікті күтім жасайды.

– Он екі айда сарбазға жауынгердің бар айласын үйрету мүмкін емес. Ал, бір жыл ішінде түк үйренбейді деген пікірмен түбегейлі келіспеймін. Бұл – біріншіден, офицерлер мен сержанттарға және сарбаздардың өзіне байланысты. Егер жауынгердің үйренуге ынтасы болса, ол бір аптаның ішінде бәрін үйреніп алады. Мерзімді әскери қызметтің негізгі миссиясы – бұл соғыс жағдайы болатын болса, елімізде арнайы оқытылған резервтің қорын жасақтау. Бір жылдық қызметтің ішінде мерзімді әскери қызметтің сарбазы өзінің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, көптеген дағдыларды үйренеді. Бастысы, өз Отанына адал қызмет етудің қаншалықты қажет екенін шын ұғынып, шыңдалады, – дейді әскери қызметкер.

Иә, тәуелсіздіктің тегеурінді тірегі, еліміздің ертеңі болған жас буынға патриоттық тәрбие беру – ең маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта әскери бөлімдердегі сарбаздармен тиісті деңгейде жұмыстардың үйлестірілуі – ертеңгі болашақ ұрпақтың өз еліне адал қызмет етуіне септігін тигізетіні белгілі. Бұл ретте әскери қызметкерлер де өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсініп, сарбаздардың әскери мерзімдік қызметін абыроймен атқаруға күш салуда. Әрине, мұның барлығы Отанды қорғау, оған адал қызмет ету деген ұғымды жақсы түсінетін патриот жастарды тәрбиелеу үшін жасалуда. Ал, аға сержант Талғат Бауыржанұлы секілді жүздеген маман әскери мерзімді қызметтік борышын өтеуші сарбаздармен өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, олармен жүйелі жұмыс істеп жүр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар