«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТЖ қызметі

ТЖ қызметі
Ашық дереккөз
Ақпарат ағыны

Елде шөп өртену оқиғасы жиілеп кетті

Шөптің өртенуіне байланысты өрттер ауылдық жерлерде жыл сайын кездесетін мәселе болып табылады. Көбінесе шөп тұрғын үйлердің, моншалардың, ферма ғимараттарының жанында, жолға жақын жерлерге жиналады. Сондықтан кез келген адам сөндірілмеген темекіні тастай салғандықтан, өрттің шығуына себеп болуы, осылайша бірнеше минут ішінде шөп немесе сабан үйіндісін жоюы мүмкін. Желдің аздаған екпінімен және көбінесе оның көмегінсіз өрт шаруашылық және тұрғын үй ғимараттарына ауысып жатады.

Мәселен, өткен тамыз айының соңғы күндерінде Ақтөбе облысының Ойыл ауданында жеке тұрғын үйдің аумағында 46 орам шөп, Абай облысының Жарма ауданында ашық аумақта 500 орам шөп, Батыс Қазақстан облысының Зеленый кентінде жеке аулада мал мен оралған шөпті ұстауға арналған шаруашылық құрылысы өртенген. Ақтөбе облысының Қобда ауданында ЖШС аумағында жиналған 250 орам шөп (шамамен 75 тонна), Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жеке тұрғын үйдің аумағында 8 мың дана қойма шөп (120 тонна), Батыс Қазақстан облысының екі ауданында 1 мың гектар алаңдағы құрғақ шөп пен шабылған шөп өртенді. Бұл туралы ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті хабарлай отырып, шөптердің өртену оқиғалары еліміздің барлық өңірлерінде жиілеп отырғанына алаңдаушылық білдірді.

Шөптің жану жағдайларын болдырмау үшін тұрғындар өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын орындауды қамтамасыз етуі қажет. Тұрғын үй құрылыстарының жанындағы сарайлардың төбелерінде шөптің жиналуына, сондай-ақ өткелдер мен олардың бітелуіне жол бермеу керек. Өрттің алдын алу үшін үйінділерді ғимараттар мен құрылыстардан өртке қарсы арақашықтықты ескере отырып орналастыру қажет. Ірі жемшөпті тасымалдау ұшқын сөндіргіштермен жабдықталған арнайы көлік құралында жүзеге асырылуы керек. Қоймалардың аумағы өрт сөндіру мақсатында су қорымен қамтамасыз етілуі, құрғақ шөптер мен қоқыстардан тазартылуы, найзағайдан қорғалуы тиіс.

Ерлерді еске алу турнирі

Тараздағы «Локомотив» стадионында облыстық күштік құрылымдар арасында 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы өртті сөндіру барысында, яғни өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алуға арналған кіші футбол турнирі өтті. Мұндағы басты мақсат – облыстық құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары қызметкерлері арасында жолдастық қарым-қатынасты одан әрі арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің патриоттық рухын көтеру, жаппай спорт жұмыстарын жақсарту және ұрпақтар сабақтастығына тәрбиелеу.

Турнир басталмас бұрын қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан құтқарушылардың әріпте­стері мен туыстары ескерткіш мемориалға гүл шоқта­рын қойды. Турнирдің ашылуында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов сөз сөйлеп, қаза тапқан батырлардың ерлік істері туралы айтты.

Жарысқа республика бойынша түрлі аймақтардан келген құқық қорғау органдары мен күш құрылымда­рының 12 командасы қатысты. Командалар арасындағы бәсекелестік өте тартысты өтті. Спортшылар көрермен­дерге жоғары деңгейдегі ойын мен шеберлікті көрсетіп, бұл қатысушыларға көптеген позитивті эмоциялар сый­лады. Нәтижесінде, бірінші орынды жамбылдық ұлт­тық қауіпсіздік департаментінің командасы жеңіп алса, екінші орынға облыстың ТЖД командасы, ал, жүлделі үшінші орынға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының командасы ие болды.

Бұл күні турнирге қатысушылар патриоттық рухты, қызметтік борышқа адалдықты, ұрпақтар сабақта­стығын нығайтуды, бұқаралық спортты дамытуды және дене шынықтыру, спорттық және жауынгерлік шеберлікті арттыру қабілеттерін көрсетті. Соңында әр команданың үздік ойыншылары анықталып, дипломдар мен медальдар табысталды. Ал, турнир үздіктері кубок­тар мен ақшалай сертификаттарға ие болды.

Ата Заңның айбыны

Конституция күніне орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің қатысуымен семинар өтті.

Семинарда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экономика және құқық» факультетінің «Мемлекеттік және әкімшілік құқық» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдары магистрі Асқар Қадырқұлов хабарлама жасап, қатысушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

Жиын барысында сала қызметкерлері еліміздің Ата Заңының тарихы туралы ғана емес, оның тәуелсіз ел тарихындағы маңызы туралы да білді.

Шеберлік сабағын өткізді

Жақында жамбылдық құтқарушылар облыстың кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында шеберлік сабағын өткізді.

Облыстың Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлері орталықтың тәрбиеленушілеріне өз қызметтері туралы айтып берді. Олар, сондай-ақ, реанимобильдегі жабдықтармен таныстырып, балалар мен педагогтерге алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйретті.

Бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері болса, аталған медицина орталығының жұмысына қызығушылық білдіріп, қойған сұрақтарына жан-жақты жауаптар алды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

 

 

Ұқсас жаңалықтар