Сағатбек Барлыбаев

Сағатбек Барлыбаев
Ашық дереккөз
Еліміздің орман шаруашылығы саласының ардагері, Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагері», Жамбыл облысының құрметті азаматы Барлыбаев Сағатбек Әбілұлы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Сағатбек Әбілұлы 1946 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы, Сөгеті ауылында дүниеге келген. 1963-1968 жылдары Алматы ауыл шаруашылығы институтын «Орман шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1968 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жамбыл ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде аға орманшы болып бастаған. 1973-1982 жылдары басқарманың Луговой ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің директоры және 1982-2009 жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Кей жылдары «Тараз орман шаруашылығы» серіктестігінің кеңесшісі болып жұмыс атқарған.
Сағатбек Әбілұлының басқарма басшысы болған кезеңінде орман шаруашылығы мекемелерінің дәрежесі көтеріліп, олардың саны 7-ден 14-ке артып, ғимараттары жаңадан соғылып, күрделі жөндеуден өткізілді.

Бұдан бөлек, бірнеше мемлекеттік наградаларымен және мақтау хаттарымен марапатталған. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталған. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Еңбек сіңірген орман өсіруші» құрметті атақтары берілген.

Құрметті зейнетке шыққан ардагер орманшы 8 ұл-қыз, 18 немере және 11 шөбере тәрбиеледі.
Сағатбек Әбілұлының жасаған еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Жамбыл облысының табиғатты қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен нар тұлға азамат еді. Ағаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, жаны жәннатта болсын. Біз Сағатбек Әбілұлының отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ұжымы.

Ұқсас жаңалықтар