АТАҚТЫ СПОРТШЫНЫҢ ЖЫНЫСЫН АУЫСТЫРҒАНЫ РАС ПА?
Әлем жұртшылығы тамашалаған Париж Олимпиадасының да аяқталғанына екі аптаға жуықтады. Десе де, осынау дүбірлі додада орын алған даулы оқиғалардың дауылы әлі күнге дейін басылған жоқ. Нақтылай түссек, бұл күндері әлеуметтік желілерде алжирлік боксшы Иман Хелифтің жынысына қатысты түрлі жазбалар жариялануда. Тіпті, спортшының өзі кибербуллинг шабуылына ұшырағанын ашық айтты. Трансгендер деп айыпталған Иман өзіне қатысты пікірлері үшін әйгілі Илон Маск пен Джоан Роулингтің үстінен Париж прокуратурасына шағым түсіріп, жазалауын сұраған. Нәтижесінде белгілі француз заңгері Х парақшасында Францияның заңы шетелдік тұлғаларға жүрмейтінін жазып, Маск пен Роулинг жазаға тартылмайтынын ескертті. Дегенмен, Францияның аумағында кибербуллинг жасағандар жауапқа тартылмақ. Бір қызығы, Париж Олимпиадасында Иман секілді трансгендер деп айыпталған тағы бір боксшы тайвандық Лин Ю алтын медаль алды.
Естеріңізде болса, Олимпия ойындарында Хелифтің қарсыласы атанған италиялық боксшы Анджела Карини жекпе-жек басталғаннан 46 секунд өткен соң бокстасудан бас тартқан еді. Сол сәтте Карини рингте көзіне жас алып, тіпті бокстан кететінін де мәлімдеді. Осылайша, алжирлік әйел халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан сынға ұшарады. Алайда, оның отандастары жерлестерінің еркек емес екенін жарыса жазған болатын.
– Иманның қыз екенін барлық алжирліктер біледі. Бізде оның бала кезінен түскен суреттері бар. Оның кедей отбасында өскенін туған жерінің бәрі растайды. Ал, мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оның бойындағы әлеуетті байқап, бокспен айналысуға түрткі болды. Иманның тестостерон деңгейі жоғарылағаны белгілі. Бұл – көптеген спортшы әйелдердің бойындағы табиғи ерекшелігі және генетикалық бейімділік. Оны Құдай солай жаратқан және әлемнің көптеген спортшылары осындай жағдайларға тап болып жатады. Мәселен, оңтүстік африкалық спортшы Кастер Семеня да бірнеше рет қудалауға ұшыраған, – деп жазды алжирлік БАҚ өкілдері.
Осыдан кейін, Алжир Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) шағым түсіріп, Хелифтің жынысын ауыстырмағанын айтты. Бұл туралы спорт журналисі Руслан Меделбек те жазды. Журналистің сөзінше, Иман Хелиф өмірге тестостероны көп болып келген.
«Алжирде жыныс ауыстырған адам Олимпиадаға келмек түгілі қатты қудалауға ұшырар еді. Бұған дейін жеңіл атлетикадан оңтүстікафрикалық Кастер Семеня әйелдер арасында 800 метрге жүгіруден екі рет Олимпиада чемпионы атанып, 2019 жылы халықаралық жеңіл атлетика федерациясы тестостерон ережесін өзгертіп, Семеняны жарыстан шеттете бастаған. Атлет тестостерон азайтатын дәрі де ішкен еді. Ал, алжирлік боксшы еркек емес, бірақ осыған дейін Әлем чемпионатынан шеттетілген», – деді ол.
АТЫШУЛЫ ТРАНСГЕНДЕРДІҢ ТІРЛІГІ
Өкінішке қарай, бүгінде жынысқа қатысты айқай-шулар біздің елде де туындап отыр. Мәселен, қазақстандық блогер-трансгендер Амилай Баймұратова боксқа оралып, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысқысы келетінін жеткізген. Трансгендер саналатын блогер ұл бала болып жүрген балалық шағында бокспен айналысыпты-мыс. Болашақта осы спорт түріне қайта оралғысы келетін оның әйелдер құрамасында өнер көрсеткісі келеді екен. «Мен еліме алтын медаль әкелемін. Елім мені алтынмен аптайтын болады», – дейді Амилай Баймұратова.
Жасыратын несі бар, бұл күнде атышулы транс Амилайдың тірлігіне көпшіліктің еті үйренгендей. Тіпті, ол бірер жыл бұрын гендер-пати өткізіп, Instagram парақшасында өзінің ұлды немесе қызды болғысы келетінін жазды. Оған қоса, Амилай балаларын қалай тәрбиелейтінін де айтқан. Сондай-ақ, ол өзі секілді қарама-қарсы жынысты таңдаған тағы бір трансгендер Никоны қазақ тілінде сөйлемегені үшін айыптады. Осыдан-ақ, мұның ел арасындағы «танымалдығын» бағамдай беріңіз.
АЗҒЫНДЫҚ АШЫҚ ТҮРДЕ НАСИХАТТАЛУДА
Қазіргі уақытта әлемде ЛГБТ насихаты қатты жүріп жатқаны рас. Қолжетімді интернет, технологияның қарыштап дамуы мен ақпарат ағыны біздің елде де буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жастардың санасын сан саққа жүгіртіп отыр. Осы жылдың 29 мамырында «Республикалық ата-аналар бірлестігінің» жетекшісі Бағила Балтабай ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған. Онда балаларға біржынысты қатынастар ашық түрде жан-жақтан насихатталып жатқаны, кітап дүкендерінен, теледидар экрандарынан, тіпті, үлкен экрандарда және смартфон мен әлеуметтік желі арқылы да ЛГБТ насихаты көп таралып жатқаны айтылған.
«Кейінгі жастар азғындық қарым-қатынастарын ашық түрде таратып және насихаттап жүр. Осылайша, жасырын және байқалмай, жастар арасында жыныстық қатынастардың жаңа стандарттары қалыптасуда.
Сонымен қатар, дәстүрлі құндылықтар мен салт-дәстүрді ұстануды, олар бұрынғы заманның қалдықтары, артта қалудың белгісі деп таниды. Көпшілік бірі сыннан қорқып, бірі білмегеннен үнсіз отыр. Ал, батылдықпен сөз қозғап, ЛГБТ үгіт-насихатына қарсы шыққандарды өткен ғасырда қалып қойған ретроградтар мен консерваторлар деп мысқылдауда», – делінген петицияда.
Сонымен қатар, Бағила Балтабай санасы қалыптаспаған балаларымыз біржынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп үйреніп, тіпті тренд қылып жатыр деп есептеп, көрші елдерде ЛГБТ-ны насихаттағаны үшін және оны таратқаны үшін жазалар қарастырылғанын айтыпты.
«Мысалы, Өзбекстанда гомосексуализм және ЛГБТ құқықтары тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда толығымен жабық күйінде қалып отыр. Ресей Федерациясында 2022 жылы «біржынысты қарым қатынастарды насихаттауға», жынысты өзгертуге және педофилияға толық тыйым салу туралы Заң қабылданды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, жарнамада, әдебиетте, яғни кітаптарда және кинода ақпарат таратуға тыйым салынады. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында жынысты өзгертуге итермелейтін ақпараттарға толықтай тыйым салынған», – дейді ол.
АСЫЛ ДІНІМІЗДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында ер кісімен жыныстық қатынасқа түскен ер және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет жасаған болып саналады деп жазылған. «Алла Тағала о бастан адамзатты жұп етіп, яғни ер мен әйел етіп жаратқан. Ол жайында Құранда: «...сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар» («Ниса» сүресі, 1-аят), – деген. Сол секілді «Сендерді жұп-жұп етіп жараттық» («Нәбә» сүресі, 8-аят) деп айтылған. Жаратушы Иеміз ер мен әйелді бір-бірін физиологиялық әрі рухани тұрғыдан толықтыру үшін жұп етіп жаратқан. Олар бір-біріне болған сүйіспеншілік негізінде өзара одақ құруы тиіс. Бұл одақтың ең басты мақсаты – дүниеге ұрпақ әкелу. Исламның бір жыныстағы адамдардың өзара жыныстық қатынасын қабыл етпеуі осы ұғымға негізделген», – делінген мақалада.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Бүгінгі таңда «жыныстық азшылықтың» құқығын қорғау деген желеу Батыстың өзге елдерге саяси қысым көрсету құралына айналды. 2006 жылы тамыз айында Израиль мәсихи, мұсылман дініндегілер үшін де қасиетті қала болып саналатын Құдыста дүниежүзілік гейлер мен лесбиандардың жиыны өтіп, әлемдік қоғамдастықтың наразылығын туғызған еді. Алайда, азғындықты жарнамалау сол уақыттан бері қайтадан үдей түсті. Ендеше, бұл тасқынға терең ұлттық санамен, мықты заңмен ғана қарсы тұруға болады. Бастысы, болашақ ұрпақтың тағдырына бәріміз жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді