Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған жарыс Т.Рысқұлов ауданының гимніне айналған «Келші, Құланға» әнімен ашылды. Біртуар тұлғаның бірегей туындысын композитор есімін еншілеген Мәдениет үйінің әншілері Рысбек Қадырқұлов пен Нұрлан Әмірбетов орындады. Мэлс Өзбеков атындағы «Келші, Құланға!» VІ облыстық ән конкурсын Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев салтанатты түрде ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнер бәйгесіне ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент оркестрінің жетекші әншісі, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров, «Жігер» тобының әншісі Данияр Жүнісалиев, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Азамат Байжанов, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов қазылық етті. Сайыс ережесіне сай үміткерлерден І кезеңде Мэлс Өзбековтың әнін айтып, ІІ кезеңде еркін тақырыпта бір ән орындау талап етілді. Байқауда композитор мұраларын дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталған өнер майталмандары бастаманың өңір мәдениетін дамытудағы үлесі де зор екендігін атап өтті.
– Музыка әлемінде өшпес мұра қалдырған Мэлс ағамыздың әндері қай кезде де тыңдарман жүрегінен өшпек емес. Оны бүкіл халыққа танытқан «Келші, Айым», «Жазылбек маршы», «Тобылғы сай», «Келші, Құланға» әндері күні бүгінге дейін халық жадынан өшпек емес. Оның шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттап жеткізу баршамыздың азаматтық парызымыз. Біздің өлкеде осындай мақтанышымыздың бар екендігіне, оны қолдайтын, оны құрметтейтін ізінен ерген ұл мен қыздың барына шын ризашылығымызды білдіреміз. Осы шараны қолдап отырған облыс, аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына алғысымызды білдіреміз. Осы арқылы жаңа өнерпаздардың тұсауы кесіліп, алдағы уақытта да үлкен елдің алдына шығатын азаматтар болатынына күмәнім жоқ, – деді әнші Досымжан Таңатаров.
Қазылар алқасының шешімі бойынша көрермен көзайымы номинациясымен Нұрғұлан Оспанов, «Жаңа есім» номинациясымен Али Әзімжан, «Сазгер» номинациясымен Әділет Мәдібек марапатталса, ІІІ орынды сарыкемерлік Саламат Молдабаев және жамбылдық Жақсылық Жандаралиев иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынға таластық Гүлмира Абрен тұрақтаса, І орынды құландық Жансая Сарсенбаева иеленіп, кіл мықтылар арасында топ жарды. Жеңімпаздарға қаржылай сертификаттар табысталды. Бұдан бөлек, барлық қатысушылар аудан әкімінің Алғыс хаты мен ынталандыру мақсатында сыйақымен марапатталды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді