«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім биігіне ұмтылған бүлдіршіндер

Білім биігіне ұмтылған бүлдіршіндер
Ашық дереккөз
Ұлттың келешегі кемел болуы үшін жас ұрпақтың келелі іске жақын жүріп, өнер-білімді бірдей меңгергені маңызды. Әсіресе, мұндай қасиетті жас балаға қабырғасы қатаймай, бұғанасы бекімей тұрып үйрете білген жөн. Ерте жастан кітап оқуға қызығушылығын оятып, ізгілікті іске бастай білу қажет-ақ. Бұл бағытта облыста кітапханалар да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Мәселен, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының «Кітап мұхитындағы аралдар» жобасы аясында жазғы демалыс кезінде бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, әрбір баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Тау самалы» жазғы балалар лагерінде «Жазғы кітап әлемі» жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырды.

Іс-шара барысында балаларға Ділдар Мамырбаеваның «Роботтар отбасы», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Баянғали Әлімжановтың «Ғарыш пен қазақ» сияқты шығармалар кейіпкерлері таныстырылды. Кітапхана мамандарының айтуынша, жоба аясында мұндай іс-шаралар жыл бойына өткізіліп тұрады. Әсіресе, танымдық бастамалардың жаз айында маңыздылығы артатын көрінеді.

– Балалардың кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында қолға алынған жоба үлкен масштабты қамтып, жыл бойына арнайы бекітілген жоспар аясында жұмыс атқарады. Мұндай жылжымалы көрмелер жаз айларында мектептен қол үзген бүлдіршіндер үшін таптырмас бастама. Біз бұған өзге демалыс орындарына барғанда жиі көз жеткіземіз. Балалардың мектепке, оқуға деген сағынышы кітапқа деген көзқарасынан аңғарылып тұрады. Әр кездесуде біз бірін-бірі қайталамайтын форматта іс - шаралар ұйымдастыруға тырысамыз. Кейде театрландырылған композицияға баса назар аударсақ, енді бірде интеллектуалды ойындар ойнатамыз. Бұл мектеп жасындағы оқырмандарды қызықтырып, кітапқа деген құрметін қалыптастыра түседі, – дейді кітапхана директорының орынбасары Жанат Тұрлығұлова.

Жасөспірімдер кітапханасының мамандары бұған дейін де «Мөлдір бұлақ», «Болашақ» демалыс орындарында жылжымалы кітап көрмесін ұйымдастырып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған. Бұл жолы да жас оқырмандарға ертегілер туралы сұрақтар қойылып, жұмбақтар жасырылды. Кинофильм, анимациялық шығармалардың, Қазыбек Мадиярдың «Ахмет Байтұрсынұлы кім?», «Тазша бала», «Джунгли кітабы», «Алдар көсе», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», «Жеті лақ» ертегі кітаптарының кейіпкерлерін бір - бірлеріне жасырып білімдерін шыңдады. Сондай-ақ, балалар мақал-мәтелдер мен викториналық сұрақтарға жауап беріп, командалық ойындарға белсенді қатысты.

Бұдан бөлек, оқырмандардың назарына «Кел, балалар, оқылық!» кітап көрмесі ұсынылып, панорамалық, дыбысты, 3D форматты «Көңілді көжек», «Ұсқынсыз үйрек балапан», 4D пішіндегі «Абай Құнанбайұлы өлеңдері, «Әли Абай «Бурабай» секілді алуан түрлі көркем әдебиет пен ертегі кітаптарына шолу жас а лды. Кіт апхана басшылығының айтуынша, келешегінен үміт күттірген келер ұрпаққа берері көп мұндай тағылымдық жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар