Ай астында алау жағып, күй ойнап...

Ай астында алау жағып, күй ойнап...
Ашық дереккөз
Абай күні мерекесі қарсаңында елімізде ақын мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Бұл өнегелі істен өңір жастары да шет қалған жоқ. Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жасөркен» демалыс орнында «Ystyq qairat, Nurly aqyl, Jyly jurek» жобасы аясында «Желсіз түнде жарық ай» атты өнер кеші өтті. Аталған іс-шарада өнерлі, талантты жастар өнерсүйер қауымға ерекше сый жасады.

Әдеби-сазды іс-шара облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығы орке стрінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды. Бұдан соң бір топ жастардың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» туындыларынан әзірленген керемет композициялары кеш қонақтарының назарларына ұсынылды. Бұл мерекелік іс-шара да бұрынғылардан өзгерек, себебі мұнда өнер көрсетушілер ортада тұтанған алауды айнала отырып, еркін форматта ән шырқап, өлең оқыды. Жамбылдық жастар жылы қабылдаған мұндай форматтағы кештер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

– Халқына қашанда азық болған Абай мұраларын өз деңгейінде дәріптеу – ұрпақ парызы. Іс-шараның басты мақсаты – өнер сүйген облыс жастарын бір ортаға жиып, «Желсіз түнде жарық айдың» аясында өнерін ұлықтап, өлеңін, әсем әндерін, сондай-ақ күйлерін де орындап, ақын өнерін әрмен қарай дәріптеу. Тек Абай күнінде емес, жалпы жастардың іс-шараларының барлығын осындай еркін түрде өткізу жоспарланып отыр, – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Қадыралиев.

Әуезді кеште облыстың жас ақындары жырдан шашу шашты. Айтыскер ақын Медеу Мырзатай мен Аят Бәтей, Жанерке Қамбар ұлы ақынға арнау өлеңдерін жеткізді. Сондай-ақ, жас жазба ақындары Марал Хантөреқызы және Ғайникен Маралтайқызы кеш аясында мазмұнды өлең-жырларын тарту етіп, жас әнші Сейітжан Сұлтан Абай өлеңдерін нақышына келтіре орындады. Дәл осы күні облыстың барлық аудандарында ақын мұраларын насихаттау мақсатында челлендж өткізіліп, бейнеқұттықтаулар ұйымдастырылды. Бұл Абай әндері, музыкалық мұралары Әулиеата аспанында әуелеген, асқар таудың алыстаған сайын биіктейтініне тағы да көз жеткізген кеш болды. Белсенді жастар ұлы Абайдың өлмес мұраларына, соны жүректерге жеткізе білген өнер иелеріне қошемет көрсетті.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар