«Aq jol» ардагері құрмет құшағында

«Aq jol» ардагері құрмет құшағында
Ашық дереккөз
Қай саланың болмасын үздіктеріне құрмет көрсету – жақсы іс. Сондай майталман маманның бірі – облыс журналистикасының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты – Ақылжан Мамыт. 42 жыл ғұмырын баспасөз саласының дамуына арнаған ардагер журналистке өңірдің әр ауыл, әр бөлімшесі таныс десек артық айта қоймаспыз.

Ақылжан Қорғанбайұлының 65 жылдығына орай Жуалы аудандық әкімдігі қолдап, аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған «Ел ағасы» атты кездесу кеші Жуалы жерінде жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жерлес қаламгер туралы айтты. Ол: «Біз ұзақ жыл облыстық «Aq jol» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редакторының бірінші орынбасары болған, елімізге белгілі журналист Ақылжан Мамытты мақтан тұтамыз. Жазған құнды дүниелері оқырманның үлкен олжасы. Жерлесімізге әрқашан табыс тілеймін», – деді. Мұнан соң кеш иесінің 86 жастағы анасы Камила Халықова қаламгер перзентінің балалық шағынан жылы естеліктер айтып, ақ батасын берді.

Ал кеш иесі Ақылжан Мамыт оқырмандар алдында өмір жолы жайлы ой қозғап, қызықты естеліктер айтты.

«7 сынып оқып жүргенімде мектебімізге әйгілі жерлес жазушы-журналист Шерхан Мұртаза келіп, кездесу өткізді. Сол іс-шарада ерекше әсерге бөлендім. Сосын барлық арманымды жиып тастап, журналист боламын деп шештім. Сол жолда келе жатырмын. Әлдихан Қалдыбаевтан бастап, бірнеше бас редактормен бірге еңбек еттім. Көркемсөз саласының қызығын да көрдім, қиындығын да бастан өткердім. Облыстық «Aq jol» газетінде бір күн еңбек етудің өзі оңай емес. Мен 27 жыл еңбек еттім», – деді ол.

Қаламгер кеш барысында оқырман сұрағына жауап бере отырып, өзінің «Айтылмаған алғыс», «Болмысы бөлек Боранқұл» атты көркем кітаптарының қалай жазылғанын да айтып берді. Әріптес інісі, облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Марат Құлибаев, ақын Нұржан Әліш жылы лебіздерін білдіріп, әдемі естеліктерімен, әсерлі жыр шумақтарымен кеш иесінің болмысын аша түсті. Мұнан соң жуалылық өнерпаздар Бақытжан Абдалиев, Мәлік Мықтыбеков, Салтанат Мейіржан әннен шашу шашты. Кеш барысында бірге туған бауырлары Мақпал, Махмуджан, Толқын Мамытовтар ағасы жайлы естеліктер айтып, әннен тарту жасады. Кеш иесі осындай құрмет көрсеткені үшін Жуалы ауданының әкімдігіне, мәдениет мамандарына алғысын білдірді.

Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы қорытындылап, Ақылжан Мамытқа және оның анасы Камила Халықоваға құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар