«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ дзюдосының дарабозы

Қазақ дзюдосының дарабозы
Ақәділ РЫСМАХАН
Қазақтың даңқты палуаны, Алаш жұртының мақтанышы – Елдос Сметов қатарынан үш бірдей Олимпиада ойындарында үш түрлі жүлдені иемденіп, аты аңызға айналған спортшы. Сан сүрлеуден сүрінбей өткен саңлақ Париж төріндегі ХХХІІІ жазғы Олимпия ойындарында арман-мақсатына қол жеткізді. Жерлесіміз төртжылдықтың басты додасында жарыс иесі Лука Мхеидзені өз көрермендерінің алдында тізе бүктірді. Шын мәнінде, Францияның мақтанышына айналған қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес. Мхейдзе Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Алайда, исі қазақтың өр мінезді өрені байрақты бәсекенің басты жүлдесіне таласу мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Осылайша, ер Елдос 32 жасында мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді. Бұл – Қазақстан дзюдо тарихындағы Олимпия ойындарының алғашқы алтын медалі!

Бұған дейін, қос Олимпиадаға қатысып, күміс және қола медальді олжалаған даңқты палуанның осы жолы Францияға баруының өзі мұң болды. Оған ең алдымен елішілік жарыстарда өзінің мықтылығын дәлелдеу керек болды. Ендеше, Жақсылықтың жеңісті жолын жалғаған чемпионның тарихи жеңісінің ізін шолып өтейік. Жалпы, Елдосты күрес үйірмесіне жетелеп апарған туған ағасы. Асықтай ұлдың алғашқы жаттықтырушысы – Ахмет Жұмағұл бала палуанның сол кездегі жарыстарда шашауына шаң жұқтырмағанын көріп, оның болашағынан зор үміт күтеді. О баста теледидарды алу үшін талпынған тарыдай талант уақыт өте сол көгілдір экраннан көрсетілетін спорттық жарыстардың басты кейіпкерлерінің біріне айналды. Сақа спортшы татамиде тартысып, талай жарыста шыңдалып өсті. Жерлесіміз 2010 жылы Мароккода өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанған алғашқы қазақ. Содан бері Қазақстан дзюдо тарихында талай мәрте рекорд жаңарды. Ал, сол жетістіктердің бәрінде Елдостың еңбегі бар.

2012 жылдан бастап ересектер құрамасына алынған палуан арада бір жыл өткенде Бангкоктағы Азия чемпионатында қола, Түркия елінің Самсун қаласында өткен гран-при кезеңінде күміс, Тбилисидегі Еуропа кезеңінде және Варшавадағы ашық Еуропа Кубогында алтыннан алқа тағынған. Сондай-ақ, Сметов 2014 жылы Инчхонда өткен жарыста Азия чемпионы атанды.

Келесі жылы Ташкенттегі тартыста қарсыластарын алып та, шалып та жыққан ол Азияның үздігі екенін тағы бір дәлелдейді. Елдос бұл сында миллиондаған өзбек көрермендерінің алдында сол елдің ақ үміті Дилёрбекті зар еңіретіп кетті. 2015 жылы Астанада дзюдодан Әлем чемпионы атанып, ақтық сында тағы бір қазақстандық палуан Рустам Ибраевты жеңген. Елдос Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иемденді. Бірақ, Риода күміс алған соң, Токиода алтынға таласатынын жеткізді. Ол Қытай елінде өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде жартылай финалға дейін қиналмай жетті. 60 килограмда өнер көрсеткен Елдос бұл Олимпиаданың алғашқы күнінде қола медалді місе тұтты. Сонымен, көпті көрген көкжал Елдос Сметовте күміс пен қола медаль бар. Бірақ, екеуін қоссаң да алтынның орны бөлек. Осы сәтте «Ер кезегі үшке дейін» деген ер Елдос Париж Олимпиадасын нысанаға алады. Париж Олимпиадасы. Францияның бас шаһарында дүбірлі дүрмекте жеребе оңай болған жоқ. Алайда, тәжірибесі толысқан саңлақ әр белдесуде қарсыластарының босаңсыған сəтін күтті. Сол мезетте ғана арыстанша атылып, астыртын жоспарын жүзеге асырды.

Суретті түсірген: Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Париж татамиіндегі басты бəсекелерде жастар арасындағы Еуропа чемпионы, бельгиялық Торнике Цакадеуо мен құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері, украиналық Дильшод Холматовты қапы қалдырды. Ширек финалда Ян Юн Вэймен күш сынасты. Негізінде Тайпейдің өкілі де азулы еді. Оның Токио Олимпиадасының финалисі, Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген атағы бар. Сонымен қатар, Ян қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұр. Өте сауатты тактика құрған Сметов дəл сол дүлдүлді бəсекенің аяқталуына тура бір минут қалғанда «вазариге» түсірді. Ал, жартылай финалда Ғалымжан Жылкелдиевтің шəкіртін Франсиско Гарригос күтіп тұрды. Испания дзюдошысы да шын мықтының бірі. Ол – 2021 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылғы Әлем чемпионы, Еуропа біріншілігіне үш алтын жəне үш қола медальды мойнында жарқыратқан сақа спортшы. Соның алдында ғана Гарригос Жапонияның жұлдызы Рюдзю Нагаяманы қылқындырып тастап, есінен тандырғаны тағы бар. Бірақ, Пиреней түбегінен келген тарлан Елдостың алдында дəрменсіздік танытты. Қазақтың қайсар ұлы оның да тас-талқанын шығарды. Міне, енді екінші мәрте бас жүлде үшін таласу мүмкіндігі бұйырды. Алтынмен астасқан асқақ арманға жетуге санаулы минуттар ғана қалды. Финалда өз елінде, өз жерінде, Лука Мхеидзені алып ұрған Елдос ең басты мақсатын және елге берген уәдесін орындады. Марапаттау рəсімінен кейін ел мақтаған Елдос:

«Мүмкін емес ешнəрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бəрін де жеңуге болады. Бəрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын», деп тіл қатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның астанасында өткен жарыста асығы алшысынан түскен даңқты палуанды тарихи жеңісімен құттықтады. Ал, жуырда ғана елге оралған оғланды Алматы әуежайынан палуанның ата-анасы мен жүздеген спорт жанкүйерлері зор қошеметпен күтіп алғаны бар. Сол күні кешке туған жеріне ат басын бұрған асықтай ұлдың жарқын жеңісінің құрметіне Тараз қаласындағы орталық стадионда салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Осынау жиында ең әуелі сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл өңірі халықаралық деңгейдегі спортшылар легін даярлайтын орда екенін айрықша атап өтті.

– Әулиеата өңірі – чемпиондар өлкесі, мықты бапкерлер ордасы дегім келеді. Сондай-ақ, қасиетті Жамбыл жері – ер Елдостың жеңісінен кейін жауырыны жер иіскемеген палуандардың астанасы десек қателеспейміз. Қазақ спортының, Жамбыл жерінің даңқы артып, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін. Спортшыларымыздың келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жалпы, Парижде қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып, Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовті қалай құрметтесек те артықтық етпейді. Ел үмітін арқалап, Еуропа төріне аттанған жерлесіміз туған халқын жерге қаратқан жоқ. Есейген Елдос араға 44 жыл салып, Алаш жұртының асқақ арманын орындады. Өзі айтқандай, осы жеңісі арқылы қазақстандық қыз-жігіттерге жігер сыйлады. Бастысы, ол биіктен көрінгенде де қарапайымдылығын көрсете білді. Айталық, жанкүйерлерімен өткен кездесуде есімі көпшілікке беймәлім бірінші бапкері Ахмет Жұмағұлдың еңбегін ұмытпай, ел алдында оған алғысын жеткізді. Сондай-ақ, жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке де шынайы ризашылығын білдірді. Ал, әкесі Бахтыбайға деген шексіз құрметі көпшілікті сүйсінтті. Әлемді мойындатқан арда ұл асқар тауының алдында басын иіп, төбесіне көтерді. Шын мәнінде, бұл – қазақ халқының тәрбиесінің өзегі еді. Өйткені, сіз бен біз қанша жерден мықты болсақ та, ата-анамыздың, жалпы үлкендердің алдында кішірейе білуіміз қажет. Әсіресе, мұны кейінгі ұрпақ түсінуі керек. Ал, Елдостың осынау әрекеттері бүгінгі жас буынға үлгі-өнеге. Ендеше, ел намысын қорғаудың айқын үлесін көрсеткен талантты бағалау – бізге аманат.

 

«Париж–Алматы–Тараз»

Ұқсас жаңалықтар