«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су мамандары «Дипломмен ауылға» барады

Су мамандары «Дипломмен ауылға» барады
Ашық дереккөз
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың сәуір айында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Оқу орны жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуы арқылы құрылды.

Енді, арнайы оқу орны су шаруашылығы мен ирригация жүйесі үшін жоғары білікті кадрларды тұрақты түрде даярлайтын болады. Бұл қуантарлық жағдай әрі ғалымдарға үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Ендеше, алдағы уақытта гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану бойынша салалық мамандардың тапшылығы жойылатыны сөзсіз. Бұл Мемлекет басшысының су мамандарының мәртебесін жоғарылату бойынша жасаған батыл әрі тиімді қадамдарының арқасы. Президенттің Су ресурстары мен ирригация министрлігін құруы елімізде су саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге, саланы дамытуға үлкен серпіліс берді.

Қазіргі кезде елімізде жаңадан 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау жұмыстары басталып кетті.

Әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту, су үнемдеу технологияларымен қамту жұмыстары қолға алынды.

Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе көбейіп, жалпы штат саны 242 адамға жетіп, республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдері ашылуда.

Бүгінгі таңда еліміздің су саласында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді екен. Сала мамандарының еңбекақылары орта есеппен 25 пайызға көтерілді. Суды заңсыз пайдалану және су тұтынуды есепке алу деректерін бұрмалау фактілерін жою, сондай-ақ су қоры аймақтары мен нысандарында заңсыз шаруашылық қызмет мәселелерін реттеу үшін министрлікте жаңа Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды.

Міне, жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстарды атқаруға білікті, білімді кадрлар қажет. Бұл кадрлар ұлттық мәртебе берілген жаңа университетте дайындалмақ. Ұлттық университетте «Су шаруашылығын басқару және автоматтандыру», «Мелиорация және гидротехнология», «Экология және аквамәдениет» жоғары мектептері болашақ мамандарды дайындайды. Жаңа университетте бұрынғы су саласына қатысты білім беру бағдарламаларымен қоса, жаңадан ашылған «мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «гидроэнергетика», «су шаруашылығының экономикасы», «су дипломатиясы» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады. Сонымен қатар, жастар «Болашақ» бағдарламасымен «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» мамандықтары бойынша шетелде білім ала алады.

Сонымен қатар, ұлттық университетте жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы су бағыты бойынша «Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механикаландыру» ұлттық зерттеу университетімен қос дипломдар беру бойынша білім беру жүзеге асырылады. Университет «Мелиорация және суғармалы егіншілік», «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар» бағыттарында докторанттар дайындайды. Ғылыми дәрежесі бар жас ғалымдарды дайындау мақсатында 8D074 – «Су шаруашылығы», 8D086 – «Су ресурстары және суды пайдалану» бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер жұмыс істейді.

2008 жылы мемлекеттің ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау көрсету мақсатында қабылданған «Дипломмен ауылға» жобасына су саласының мамандары енгізілді.

Яғни, ауылдық елді мекенге барған су маманына жұмысқа орналасқан жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы көтерме жәрдемақы, ал тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын көлемде 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие беріледі.

2024-2025 оқу жылына ұлттық университетке 245 (210 орын бакалавриатқа, 20 орын магистратураға, 15 орын докторантураға) мақсатты білім гранттары бөлінді.

Алдағы уақытта да білікті кадрлар дайындауда ұлттық университетте үкіметтің қолдауымен ауқымды істер атқарылатынына сенімдіміз.

Білікті маман – су шаруашылығы саласының басты байлығы. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізуге, қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануға мүмкіндік беретін қолда бар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, гидротехникалық құрылыстарды салу және тозу мәселесін шешуге, өзен-көлдердің экожүйесін сақтауға қабілетті мамандарды дайындауда ұлттық университеттің беделі жоғары болмақ.

 

Кенжеғали ШИЛІБЕК,

техника ғылымдарының

кандидаты,

Тараз қалалық мәслихатының

депутаты

Ұқсас жаңалықтар