Ғалым Иенбергенұлының ғұмыр белесі өзі ашып, абыроймен басқарып келе жатқан республикалық «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Алғашқы нөмірін ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызбен ұштастырған салалық басылым содан бері өзектілігін де, өміршеңдігін де ізгі іс, нақты нәтижелермен дәлелдеп келеді.
Айта кетсек, аумалы-төкпелі кезеңде елімізде салық саясатын саралап, жан-жақты насихаттап, түсіндіретін дербес басылым ауадай қажет болды. Ізінала, министрлік тарапынан да қолдау тапқан мемлекеттік «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына таратылды.
1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастағаны белгілі. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы Заң және кейіннен Салық кодексі талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Сөйтіп, басылымның таралымы жыл сайын артып отырды.
– Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» газеті Салық кодексіне түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Түркістан облысы, Алматы қаласы мен Жетісу және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары: «Бізде құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Содан газет аймақтық-мемлекеттік басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындадық. Әр саладан жан-жақты тақырыпты қамтып жазудың нәтижесінде, бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етуде, – дейді Ғалым Қасабай.
Бүгінгі күні осы басылымда редактордың орынбасары болып жұмыс істеп жүрген белгілі журналист Амангелді Әбіл Ғалым Қасабаймен таныстығының студент шақтан басталғанын айтты.
– ҚазГУ-ге студент болып қабылданғанымда бесінші жатақханадағы комсомолдың жедел жасағының командирі Ғалым Қасабай еді. Комсомол жасағы дегеніңіз студенттердің полициясы сияқты. Тентекті тезге салып, тәртіпті қадағалайды. Бұл «мықтың да» жерлес болып шықты. Қордайдың тумасы. Ғалым еркін күрес пен самбодан спорт шеберлігіне кандидат, әйтеуір ұстасқанды да, белдескенді де атып ұратын көрінеді.
Факультеттің аңызға айналған даңқты деканы Темірбек Қожакеев Ғалымдай спортшы жігітті әрі туған ауылында мал шаруашылығында еңбек етіп шыңдалып, дайындық бөлімінен қабылданып, «өмір көріп» келген соң жатақтағы тәртіпті қадағалау үшін комсомол жасағына басшылыққа әдейі тағайындаған-ау. Күндіз-түні өлең оқып, ән шырқап ҚазМУ қалашығын ән-жырға бөлеп жататын сауыққой студенттерге «тәйт» деп қоятын бір мықты жігіт қажет шынында да. Үздіксіз сауық-сайран құрып жатқан соң, аракідік «айқай-шу» шығып жататыны да белгілі. Журфактың бірінен-бірі өтетін ару қыздарына сырттан ұрын келетін жігіттер де аз емес. Солардың бәрін тәртіпке шықырып, бақылау Ғалым Қасабай бастаған жігіттерге жүктелген соң олар тәртіпті қатаң бақылауға алған. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттерден жасақталған «ОКД» құрамындағылар «ұр да жық» жігіттердің бірде-біреуін қиқаңдатпады. Осының бірде-бірін деканат та, қатал комендант та білмей кетті. Кей-кейде «жанжал» шығарып қоятын студенттердің кейін Ғалымға ризашылығын білдіріп, алғысын айтып жатқанын өзім талай естідім, – дейді Амангелді Әбіл.
Әріптесі айтқандай, Ғалым Иенбергенұлы өзінің туған Қордай ауданындағы Киш миш орта мектебін 1978 жылы бітірген соң жоғары оқу орнына аттанады. Бірақ, оқуға түсе алмаған ол ауылына келе сала «Коммунистический» ұжымшарында аға шопанның көмекшісі болып, еңбекке ерте араласады. Бір жылдан аса жұмыс істеген ол ҚазМУ-дің дайындық бөлімінен бір-ақ шығады. Бұл жолы оның айы оңынан туып, журналистика факультетінің студенті атанады. Студенттік өмірдің дайындық бөлімін қосқандағы думанды алты жылы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жалғыз самбо, күрестен ғана емес, басқа да спорт түрлерінен өтіп жататын жарыстардың бел ортасында жүріп, факультеттің намысын қорғап келген Ғалым Қасабай 1985 жылы университетті ойдағыдай бітіріп, журналист мамандығы бойынша диплом алып шығады. Жолдамамен туған жері Қордай ауданына келеді. Жоғары білімді журналист аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің партия бөліміне тілші болып қабылданып, журналистік еңбек жолын бастайды. Одан әрі ол облыс орталығына қоныс аударып, Жамбыл қалалық комсомол комитетінің «Дизайн» жастар өндірістік бірлестігінде безендіруші, Жамбыл технологиялық институтының қазақ тілі және әдебиет кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 1991 жылы Жамбыл гидромелиорациялық құрылыс институтында «Гидротехник» газетінің бас редакторы болып, журналистикаға қайта оралды.
Ал 1994 жылдың наурыз айында республикалық аймақтық-мемлекеттік «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бас редакторы болып тағайындалады. Тәжірибелі журналист, іскер ұйымдастырушы Ғалым Қасабайдың редакторлық қыры облыстық «Ақ жол» газетінде басшылық қызметте болған жылдары жарқырай көрінді. Іскер басшы салық саласын жаңғақша шағатын болғандықтан, ең бірінші басылымның салыққа қордаланып қалған миллиондаған теңге қарызын жапты. Редакциядағы журналистердің айлығы шайлығына жетпей жатқан кез. Оның үстіне шығармашылық ұжымдағы компьютерлердің пайдалану мерзімі өтіп әбден ескіріп, істен шығып жатты. Басқа да қажетті жабдықтар әбден тозған. Басшы ретінде екінші қолға алған мәселесі – журналистердің ғана емес, редакция ұжымының жалақысын еселеп көтеруді, қаламақы көлемін ұлғайтып, сыйақыны жүйелі түрде беріп тұруды сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың алдына мәселе етіп қоя білді. Сонымен қатар, ұжым мүшелерінің баспана мәселесін мықтап қолға алды. Редакция бюджеті үш есеге ұлғайған соң, журналистер аудандарға іссапарларға жиі шығатын болды. Айтпақшы, редакторлық қордан жалақыға қосымша 14 пайыз үстеме қосуды да Ғалым Қасабай өзі басшылық еткен кезде жүзеге асырды.
Ал журналистердің жалақысы үш есеге көтеріліп, қаламақыға қомақты қаржы бөлінді. Кезекті еңбек демалысына шыққанда емдеу-сауықтыру үшін екі айлық жалақы көлемінде көмек көрсету мәселесін де оң шеше білді.
Ғалым Қасабайдың басқаруы тұсында газеттің 90 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілді. Сол жылдары басылым таралымы 22 мыңға дейін жетті.
Осыдан кейін тәжірибелі редакторды құрылтайшысы Қаржы министрлігі болып табылатын республикалық аймақтық «SALYQ TÁRTІBІ» газеті құшағын жая қарсы алып, қайтадан директор-бас редактор етіп тағайындады.
Бүгінге дейін Ғалым Қасабайдың журналистика саласындағы сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты, облыс әкімінің грамотасы және облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалін, «Ақпарат саласының үздігі», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін және тағы басқа марапаттар алды.
Ғалым Қасабайдың әулет тарихына қалам тербеп, өткен дәуірдің беймәлім, бүгінге дейін жарияланбаған ақтаңдағын кітап етіп, әруақтардың есімін жаңғыртқаны да бар. Бабасы Қасабай Қордай өңіріне аты шыққан сұр мерген болыпты. Қазан төңкерісінен кейінгі ақ пен қызыл қырғынында Жандысай ауылының жазықсыз тұрғындарын қынадай қырып, ауыл атымен аталатын өзеннен қызыл қан аққанда ақтарға қарсы шығып, шетінен жер жастандырғанын ауылдың көнекөз қариялары аңыз қылып айтып отыратын оқиғаны «Аманатқа адалдық» атты кітабында тебіренте баяндағаны бар. Мерген бабасына арналған кітабында осы бір қасіретті жылдардағы баба ерлігімен қоса, аңшылар арасында қасиетті сертті тілге тиек еткен. Онда нағыз мергеннің мыңыншы атқан аңы оңқасынан тұрып қалады екен. Қасабай қария осындай оңқаның екеуін тұрғызған сұр мерген. Мылтығының оғы далаға кетпеген. Сексен жастан асқанына қарамай «Мені соғысқа жіберіңдер. Ұлым Сексен де соғысқа кетті. Мен де барамын» деп қайта-қайта аудандық әскери комиссариатқа бара берген екен. Дегенмен, елде жатса да майданға тонна-тонна аң етін жіберіп, жеңісті жақындатуға үлесін аз қоспапты мерген қарт.
Қасабай қарияның ашаршылық жылдары бір ауылдың халқын аң етімен асырағанын бүгінгі көнекөз қариялар жастарға үлгі етіп айтып отырады. Атасы Сексен жарықтықтың бойында да тектілік қасиет мол болған деп отыратын Қызылсайдың көнекөздері. Ал әкесі Иенберген өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Анасы Сағынбүбі бүкіл Қызылсай ауылының кіндік шешесі. Фельдшер - акушер болып денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған елге сыйлы алтын құрсақты ана. Ғалым Иенбергенұлының өзінен кейінгі екі інісі мен екі қарындасы да әр салада жемісті еңбек етіп жүрген елге белгілі азаматтар. Құдай қосқан қосағы, отбасының ұйтқысы Жібек екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған мерейлі отбасы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді