Бүгінде күннің қатты ысуына байланысты су жағалауларында демалушылардың саны күрт өсуде. Осы ретте төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындардан суға түсу ережелерін сақтап, қауіпсіздік шараларын есте ұстауға шақырады. Себебі, судағы қайғылы жағдайдың басты себебі де осы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болып жататыны жасырын емес. «Су сенің досың әрі дұшпаның» деген сөз бар. Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелерін сақтамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Балалардың жарақаттануы мен қайтыс болуының негізгі себебі де көбіне ата-аналардың балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлмеуінен болып табылады. Сондықтан мамандар балаларды назардан тыс қалдырмау керек екенін үнемі айтып келеді. Олар балаларға тек арнайы жабдықталған орындарда үлкендердің қадағалауымен ғана шомылуға рұқсат етіп, келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін бірқатар ережелерді орындауға кеңес береді.
ШОМЫЛУ КЕЗІНДЕ НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?
Мамандардың айтуынша, алдымен суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алған жөн. Тамақ ішкеннен кейін бірден суға түспеңіз және тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз. Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз, техникалык ескерту белгілерінің және басқа да белгісіз құралдардың үстіне шығушы болмаңыз.
Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіпі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді. Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына да әкеліп соғады. Егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып, суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз. Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз. Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп, қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз. Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.
Су иірімінен шығудың тәсілдерін де білген жөн. Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз. Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз. Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып, жағаға қарай жүзіңіз. Суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеліп соғады. Егер суда шаршасаңыз немесе тоңсаңыз, тез арада жағаға қайтыңыз. Сабыр сақтаңыз, әлсін-әлсін шалқалай жатып дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін жаймен дауыстап санаңыз. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз, шалқалай жатып қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.
Суық судың қауіптілігін де естен шығармаған дұрыс. Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп қайтыс болады, ал 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады. Организмнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлердің 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады екен. Сондықтан, байқасаңыз, суық суда әрбір секунд қымбат!
Мамандар судағы қатерге ұшыраған адамға алғашқы көмек көрсеткенде мүмкіндігінше тездетіп оттегі жеткіліксіздігін қолдан дем алдыру тәсілін қолдану арқылы жоюды ұсынады. Қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу керек. Ең жеңіл және тиімді тәсіл – ауыздан ауызға немесе ауыздан мұрынға ауа үрлеу. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса, қолдан дем алдырумен қатар, жүрекке массаж әдісін қолдану керек.
Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.
«БАЛАЛАРДЫ СУДА ҚОРҒАҢЫЗДАР!»
Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарындағы балалармен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында шілде айының соңғы аптасында «Балаларды суда қорғаңыздар!» республикалық акциясын өткізді. Биыл шомылу маусымы басталғаннан бері еліміздің су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің құтқарушылары 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарған. Алайда, 112 қызмет телефонына судағы жазатайым оқиғалар туралы хабарламалардың түсуі азаяр емес. Мәселен, шомылу маусымы басталғаннан бері 93 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кетті. 2023 жылы осы кезеңде 106 адам, оның ішінде 31 бала суға батып кеткен. Осылайша адам өлімі 19 пайызға азайған, алайда су айдындарында балалар өлімінің 11 пайызға өсуі байқалады. Кәмелетке толмағандардың қаза болу фактілері Атырау, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстарында тіркелді. Бүгінде еліміздің әр өңірінде құтқарушылар күнделікті рейдтерге шығып, патрульдеу кезінде жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ОН ЖЫЛДА 701 БАЛА ҚАЗА ТАПҚАН
Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының бағалауына сәйкес, әлемде жыл сайын 236 600 адам суға батып қайтыс болады екен. Ол 1-24 жас аралығындағы балалар мен жастардың өлімінің жетекші он себебінің бірі болып табылады. Суға бату салдарынан болатын өлімнің 90 пайыздан астамы өзендер мен көлдерде орын алуда. Көбінесе ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер суға батып қайтыс болады. Қазақстанда соңғы он жылда суда 2240 адам, оның ішінде 701 бала қаза тапқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық баяндама деректеріне сүйенсек, 5 пен 14 жас аралығындағы жасөспірімдер өлімінің әлемдегі үшінші себебі суға бату болып табылатын көрінеді (негізінен жүзе білмегендіктен). Бұл мәселе Қазақстанда да бар, елімізде қайтыс болған балалардың орташа жасы – 12-14 жас аралығы. Адамдар өлімінің негізгі себептері – тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, өз күштерін асыра бағалау және жүзе алмау. Осыған байланысты елімізде жыл сайын кәмелетке толмаған азаматтарға жүзу дағдыларын үйрету сабақтары мен оқыту жүргізіледі. Мәселен, биыл 32 мыңнан астам бала мамандардың көмегімен жүзу дағдыларына үйреніп, 4 мыңға жуық қоғамдық құтқарушы дайындалған.
ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАНДАР СЕГІЗ ЕСЕ ӨСКЕН
Ресми мәлімет бойынша, жаздың алғашқы елу күнінде еліміздің су айдындарында 160 адам құтқарылды. Өкінішке қарай, шомылу маусымы басталғаннан бері 35 бала суға батып кетті. Суға батқандардың басым бөлігі (85 пайызы) шомылуға тыйым салынған орындарда болды. Судағы адамдар өлімінің негізгі себептері қараусыз қалу салдарынан суға батып қайтыс болу, балық аулау кезінде, мас күйінде суға батып кету және өз күштерін асыра бағалап, жүзе алмау салдарынан суға батып қайтыс болған. Жалпы азаматтардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету Төтенше жағдайлар министрлігінің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Халықты қорғау бойынша қабылданған шаралар өзінің нәтижесін көрсетіп те келеді. ТЖМ полициямен бірлесіп рұқсат етілген және тыйым салынған орындарда тұрақты түрде патрульдеу мен рейдтер өткізуде. Іс-шараға волонтерлер, жұртшылық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда. Жыл басынан бері 55 мыңнан астам осындай шара жүргізіліп, құқық бұзған 11,5 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 1 маусымнан бері 730 адам жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 8 есе артық.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүгінде еліміздің су айдындарында ТЖМ-ның 399 объектілік құтқару бекеті жұмыс істейді, олар үшін 3801 қоғамдық құтқарушы оқытылды. Сонымен қатар жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар құрылуда. Олар су айдындарына кезекшілік пен патрульдеуді жүзеге асырады. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
Еске салсақ, бүгінгі күні республика бойынша суға шомылуға және демалуға рұқсат етілген 708 орын бар, бұл деректер «2GIS» платформасында орналастырылған.
МЫҢНАН АСА БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ
Биыл облыс аумағында шомылуға арналған 13 орын белгіленген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірдегі шомылу айдындарында 4 адам суға кеткен. Оның ішінде балалар жоқ. Шомылу маусымы басталғалы жүргізілген рейдтердің нәтижесінде демалыс орындарында 1 мыңнан аса бұзушылық фактісі анықталған. Оның ішінде ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 480 адам жауапкершілікке тартылса, 500 азаматтың қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны анықталды. Ал су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 50 адам жазаланған.
Жалпы, суға түсу кезеңі басталғалы облыс аумағында 66 300 адамды қамтыған 1526 рейд жүргізіліп, 41 мыңнан астам үгіт-насихат материалдары таратылды. Осылайша, облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға судағы тәртіп ережелерін есте сақтауға кеңес беруде. Әрбір азамат су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауы қажет.
«Балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеңіз. Балаларыңызды жүзуге үйретіңіз. Бейтаныс және шомылуға жабдықталмаған орындарда, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті иірім!» белгілері орнатылған жерлерде суға түспеңіз. Мас күйде шомылмаңыз. Жүзудің шекарасын белгілейтін қалтқылардан асып кетпеңіз. Шағын көлемді кемелерге және басқа да жүзу құралдарына жақын жүзіп бармаңыз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеңіз. Жүзу құралдарына құтқару күртешесінсіз отырмаңыз және жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз. Қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, парапеттерден, қоршаулардан және басқа да заттардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз. Осы қарапайым ережелерді ұстану сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды. Есіңізде болсын, сіздің өміріңіз және балаларыңыздың өмірі сіздің қолыңызда!», – дейді жамбылдық құтқарушылар.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Су саясаты сараланған саммит
- Бүгін, 09:49
Анықталған кемшіліктер қашан қалпына келтіріледі?
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді