Әбу Насыр Мүбашшир XIX ғасыр аяғында Тараз қаласында дүниеге келген. Сауатын Таразда ашып, діни білімді әкесі және өзге де білімпаздардан алған. Кейінірек Ташкенттегі Әбул Қасымхан медресесін бітірген соң Бұхарадағы Көкелташ медресесінде оқып, оны Қазан төңкерісі қарсаңында бітіріп шығады. Әбу Насыр медресе ашып, шәкірттер оқытады, қазылық қызмет атқарады. Ол Кеңес үкіметіне қарсы шығып, жаңа билікті қабылдамағаны үшін бірнеше рет абақтыға да жатып шығады. Бұл тұрғыда Мүбашшир тағдыры Фарабидің ғұмырына да ұқсас еді. Екеуінің де шетелге кетуіне шектен шыққан қысастық пен жазықсыз жаланың жабылуы болды. Соның салдарынан 1930 жылдың сәуір айында кеңестік үкіметтің репрессиясынан бой тасалаған ат-Тарази жеті жасар ұлы Насрулланы жетектеп Ташкентке табан тірейді. Бұл шаһарда ұзақ тұрақтап қалу қатерлі болғандықтан эмиграцияға кетуді ойластырады. Сөйтіп Ауғанстан шекарасына бет алады. Ата жұртынан амалсыз безіп сырттан сая іздеген діндарға шекараны кесіп өткенде Андхой қаласында барынша сый көрсетіліп, Мазар шәриф қаласында қырық күн қонақ еткен. Соған қарағанда Мүбашширдің аты, оның күрескерлігі Ауғанстанның ресми билігіне де мәлім болған. Андхойда ол өзінің араб тіліндегі «Дуррат ут- тижан фи мадхис-султан» деп аталатын еңбегін Ауғанстан билеушісі Мұхаммед Надир шахқа жолдайды. Шах оған ресми түрде алғыс жауабын білдіріп, егер қаласа, астанаға келуге шақырады. Кабул әкімі Мұхаммед Яғқуб ханға жолығуға ниетін білдіргенде арнайы хатпен Премьер министр cардар Мұхаммед Хашим шахтың қабылдайтынын жеткізеді. Премьер-министрдің қабылдауынан кейін шах Далкошадағы сарай дастарқанында дәм татқызып, еркін сұхбаттасады.
Ат-Таразидің өз жазбаларында көрсетілгендей, Ауғанстан арқылы киелі жерлерді зиярат етіп, одан ары Мысырға өтіп, сол жақта өз елінің азаттығы жолында күресін қалам арқылы жалғастыру ойы болған. Бірақ, Ауғанстан шахы әңгімелесе келіп оны ұнатып: «Орайы келген сәтте Түркістанға ораларсың, ал оған дейін осы еліңе шекаралас жерден күресіңді жалғастыр» дейді де, қорғаныш болатынына уәде береді. Ат-Тарази әмірдің бұл ұсынысын үлкен алғыс айтып, ризашылықпен қабыл алады. Осылайша ол жергілікті орта Амания мектебіне араб тілі және дін ғылымдары пәндерінен оқытушы болып тағайындалады. Кабулге орналасқан Мүбашшир бөтен елдегі тосын жағдайды жатсынбай тез бейімделіп, қоғамдық белсенділігін танытады, ұшқыр ойларымен маңызды әрі қауіпті күреске ғылыми, пікірталасты жолымен араласты. Аз уақытта Мүбашширге Ауғанстан азаматтығын беру қарастырылып, кезектен тыс арнайы қарармен бекітіледі. Ауғанстан атынан Саудияға баратын үкіметтік делегацияға төраға орынбасарлығына тағайындалып, 1931 жылы қажылық сапар барысында Саудия үкіметімен екі ел арасындағы қатынастарында ынтымақтастық, сондай-ақ Мекке қаласынан Ауған қонақ үйін салу үшін жер телімін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізеді. Ал, келесі жылы қажылық уақытында Сауд Арабиясы мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылады.
Ат-Тарази көп ұзамай Шах кеңсесінің редакция және аудармашы үйінің меңгерушісі болып тағайындалады. Мұндай қызмет ат-Таразидің мұсылман әлемімен қатар, араб елдерімен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік туғызды. Ислами ұйымдармен, араб қауымымен байланыс жасап, журналистермен етене араласады. Оларға Ауғанстандағы ахуал мен шах сарайы атынан хат жолдап отырады. Оның Шах кеңсесінде жұмыс істеген ұзақ жылдарында бірнеше мақалалары Мысыр, Сауд Арабиясы, Ирак, Сирия, Ливан басылымдарында жарық көреді. Осы қарым-қатынастары арқылы ат-Тарази Ауғанстан мен бүкіл Ислам әлемі арасында өз саласы бойынша және БАҚ арқылы байланыстар орнатуға септесті. Ауғанстан істері, әсіресе, шах сарайы туралы үздіксіз хабарлар беріп тұрды. Ел падишахы Мұхаммед Надир-хан 1933 жылдың 8 қарашасында «Неджет» лицейіндегі салтанат үстінде қастандықтан қаза тапқаннан кейін оның орнына шетелдегі оқуын амалсыз үзіп, 19 жасында таққа отырған ұлы Мұхаммед Заһир-шах келеді. Францияда әскери білім алған, өте білімді билеуші 40 жыл бойы басқарып, тұрақтылық пен тыныштықты сақтаған, экономикалық және саяси өзгерістер жасаған, жаңашыл-реформатор, шебер дипломат ретінде тарихта қалған. Осы тұста ат-Тарази Ауғанстан білім жүйесін реформалау және елдің басқа да мәселелері жайындағы бастамалары үшін Ағарту министрлігінің мектептердің оқу жоспары мен жүйесін қадағалайтын комиссия мүшелігіне, талапкерлерден емтихан қабылдау комиссиясына және құқық факультетін бітірушілердің диплом қорғау қомиссиясына енеді. Сондай-ақ, ол 1933 жылы елдегі мұсылмандардың артта қалуы және Кабулдың алынуы тақырыбында жазылған зиялылар мен қаламгерлердің еңбектерін талдау және бағалау комиссиясына мүше болды. Бұл алқалы комиссия құрамында Ағарту министрі, Сыртқы істер министрі, Шах кеңсесінің басшысы мен Ауғанстан әдебиетшілер қоғамының төрағасы кірген. Осылайша ат-Тарази Ауғанстандағы діндар ғұламалар мен мәдениет қайраткерлерін жақындата түсуге үлес қосты. Осы кезеңде ғалым туған жерін де естен шығармай, өзінің белсенді де ұшқыр ойларымен өз еліндегі өте маңызды әрі қауіпті күреске ғылыми жолдармен пікірталас көмегін жолдап отырды.
Ресейдің қоғам қайраткері, барлау әскерінің генерал майоры болған Лев Соцковтың дерегінше, ат-Тарази екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында «Ла Марказиат и хукумат-и Түркістан» («Түркістан орталығы және үкіметі») ұйымының мүшесі болған. Бұл ұйым Мұстафа Шоқай бастаған түркістаншылар секілді Германия үкіметімен тығыз байланыс орнатқан. Ат- Таразидің жазбаларында бұл туралы немістермен Түркістан үкіметінің тәуелсіздігін мойындауға келісімін берген соң ғана екі жақты келіссөздер басталғаны жайында айтылады. Немістер Ауғанстанда астыртын байланыс құрған бұл құпия ұйымды «Фаал» деп атап, кодтық түрде «Унион» деген атау берген. Оның басқару орталығын «Лига», Мүбашшир-хан Таразиді – «Ханза», Бұқараның әмірі Әлім ханды – «Ауди», діни қайраткер Халифа Қызыл аяқты «Мерседес» сынды есімдермен атаған. Осы ұйымның қатарында жүріп ол жергілікті күресшілерді қару- жарақпен қамтамасыз етіп, Кеңес үкіметінің түрлі құпия ақпараттарына қол жеткізумен айналысқан. Алайда, Сталинград түбіндегі немістердің сәтсіздігі мен Курск майданындағы жеңілісі соғыс тағдырын өзгертіп, Кеңес Одағы қысымымен Ауған басшылығы ат-Таразиді түрмеге тоғытуға мәжбүр болған. Тек биліктегі ауыс-түйістен кейін ғана, ол бес жыл абақтыдағы азабынан арылып, кейінгі өмірін Мысырда жалғастырған.
Саналы ғұмырында ат-Тарази қырықтан астам еңбек жазған. Бұдан бөлек, оның мақалалары Бағдаттағы «Һидаят» журналында, Мысырдағы «Минбәр уш-шарқ», «Саут әл-Хижаз, Дамаскідегі «әл-Шура» газеттерінде жарияланған. Ол қолынан қаламын тастамайтын адам ретінде ерекшеленген. Тіпті, Мұхаммед Надир шах кезінде төрт жылдық аралықта оның жазған еңбектері саны жағынан Ауғанстанға еңбегі сіңген белгілі қаламгерлердің еңбектерінен де асып түсті. Бұл мәлімет елдегі Әдебиетшілер қауымдастығы жария еткен статистикада көрсетіліп, сол үшін оған «Ауғанстан мерзімді баспасөз жүлдесі» тарту етілген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді