«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлем жаңалықтары

Әлем жаңалықтары
Ашық дереккөз
Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі заңсыз мигранттарды Руандаға жібермейтін болды. Кир Стармер миллиондаған стерлинг фунт жұмсалған, бірақ жүзеге аспаған жоспардан бас тартып отыр. Оның орнына үкімет басшысы жаңа шекаралық бақылау қызметін құрмақ.

Жаңа үкімет, ескі проблема

Баспана сұраушыларды Руандаға жеткізуі тиіс алғашқы рейс екі жыл бұрын ұшуы керек болатын. Бірақ, Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот пен Ұлыбританияның жоғарғы соты халықаралық заңдарға қайшы деп бастаманы бұғаттап тастады. Консерваторлар заңды айналып өтудің жолын тапқанымен, сайлауда жеңіліп, жоспарларын жүзеге асыра алмай қалды. Жаңа премьер-министр, бұған дейін өзі уәде еткендей, депортациялау бағдарламасын тоқтатты.

Стармер басшылық ететін үкімет мәселені шешу үшін босқындарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтарға жіті назар аудармақ. Ол үшін полиция, ішкі барлау басқармасы және прокуратура қызметкерлері Ұлыбританияда жұмыс істейтін халықаралық агенттіктермен бірігіп, шекара қауіпсіздігінің қолбасшылығы құрылады. Ал, консерваторлардың жобаға жұмсаған 300 миллион фунттан астам қаражаты мұқият зерттелмек.

Түркия ШЫҰ мүшесі атануға ниетті

Бұл туралы АҚШ-та ел президенті Ердоған мәлімдеді. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Вашингтонда өткен баспасөз мәслихатында Түркия Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) толыққанды мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді.

Режеп Тайип Ердоған НАТО саммиті аяқталғаннан кейін журналистермен кездесу ұйымдастырды.

«Қазір ШЫҰ-да бақылаушы мәртебесі бар Түркияның мақсаты – ұйымға толық мүшелікке өту. Енді ол «Шанхай бестігіне» қосылуы керек», – деді ол.

Ердоған жақында Астанада өткен ШЫҰ саммиті кезінде бұл мәселені Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Владимир Путинмен талқылап, олардан процесті қолдауды сұрағанын да айтты.

Еуроодақ Иранға қарсы санкцияны тағы ұзартты

Еуропалық Одақ Иранның Ресейге әскери қолдау көрсетудегі, сондай-ақ аймақтағы исламдық қарсыласу топтарын қамтамасыз етудегі рөлі туралы мәлімдемелерді қайталай отырып, Иранға қатысты санкцияларды тағы бір жылға ұзартты.

Иранға қарсы санкциялар 2025 жылдың 27 шілдесіне дейін ұзартылды. Жыл сайын қайта қаралатын бұл санкцияларға Иранның немесе Иранмен байланысты 12 жеке және 9 заңды тұлға кіреді.

Жарияланған мәлімдемеге сәйкес, санкцияланған адамдар мен мекемелердің активтері сақталады. Ал, ЕО компаниялары мен азаматтарына олармен қаржылық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Сондай-ақ, санкцияланған жеке тұлғаларға ЕО-ға мүше елдер арқылы кіруге немесе өтуге тыйым салынады. Ирандық және ресейлік шенеуніктер Украинадағы соғысқа байланысты әскери ынтымақтастық туралы талаптарды бірнеше рет жоққа шығарды. Бірақ, өткен жаздан бастап ЕО сионистік режимнің нұсқауымен және Иран ислам республикасының қарсыластарының қысымымен Тегеранға қарсы бірқатар санкция енгізді. Сондай-ақ Одақ өткен сәуірде Иранға қарсы санкцияларды ирандық зымырандар мен дрондарды тасымалдауға қатысатын адамдар мен ұйымдарды нысанаға алу үшін «Адал уәде» операциясы аясында күшейтті.

Республикашылдар Трампты кандидаттыққа ұсынды

Дональд Трамп бүкіл әлемді дүр сілкіндіргеннен кейін ертесінде АҚШ президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды. Вице-президенттікке кандидат ретінде ол сенатор Джеймс Дэвид Вэнсті таңдады.

Республикалық партия, жоспардағыдай Милуокидегі ұлттық конвенция барысында Дональд Трампты АҚШ-та 5 қарашадағы президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынды. Ол делегаттардың 2400 дауысының жартысынан көбін жинады. Бұған дейін Трамп Огайо штатының республикалық сенаторы Джеймс Дэвид Вэнсті АҚШ вице-президенттігіне кандидат етіп таңдағанын хабарлады.

Қазіргі президент Джо Байден Трамптың бұл таңдауына түсінік бере отырып, X әлеуметтік желісінде Джей Ди Вэнстің қарапайым жұмысшылар туралы көп айтатынын, бірақ шын мәнінде Трамппен бірге орта таптағы отбасыларға салықты көтергісі келетінін, сонымен бірге байларға салықты төмендетуге ұмтылатынын жазды.

Газада қаза тапқандар саны артуда

Израильдің Газа секторына жасаған соққыларынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 38 664-ке дейін өсті. Бұл туралы апта басында анклавтың медициналық органдары хабарлаған.

Мәлімдемеде айтылғандай, соңғы 24 сағат ішінде Израиль әскерилері 80 адамды өлтіріп, 216 адамды жаралады.

Өткен қазанда қақтығыс басталғаннан бері қаза тапқандардың жалпы саны 38 664-ке жетті, 89 097 адам жараланды. Израиль қорғаныс армиясы Әл-Кудс бригадаларының шабуылына әлі түсінік берген жоқ. Аптаның басында әскерилер Газа секторы бойынша операцияларды жалғастырып жатқанын айтты. Соңғы күні Израиль әскери-әуе күштері мен әскери-теңіз күштері анклавта «Террористік нысандарға» соққы беріп, құрлық әскерлеріне көмектесті.

НАТО Таяу Шығыста кеңсесін ашты

НАТО аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің өзгеретін ландшафтына назар аудара отырып, Таяу Шығыста өзінің алғашқы байланыс кеңсесін құратыны туралы жариялады.

Биыл Вашингтонда өткен саммитте осы ұйымға кіретін елдер НАТО-ның оңтүстік аймағына қатысты анағұрлым шешуші, стратегиялық және нәтижеге бағытталған іс-қимыл жоспарын қабылдады. Бұл жоспарды жүзеге асырудағы маңызды қадам – аймақтағы алғашқы байланыс кеңсесін Иордания Хашимит корольдігінің Амман қаласында құру болды.

Отыз жылға жуық терең екіжақты қарым-қатынастарға, әсіресе Жерорта теңізі диалогы арқылы, Амманда НАТО-ның Байланыс кеңсесінің ашылуы НАТО мен Иордания арасындағы бұрыннан келе жатқан қарым-қатынастың табиғи жалғасы болып табылады, ол одан әрі дамиды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар