Салтанатты жиында қала әкімі құттықтау сөз сөйлеп, алтын құрсақты аналарға еліміздің демографиясына қосқан айшықты үлесі үшін алғысын жеткізді.
– Еліміз егемендік алған жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионға жетіп, демографиялық дамуға қол жеткізіп келеміз. Соның есебінен Тараз қаласы тұрғындарының саны да артып, 430 мыңға жетті. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйел баласының орны биік екенін айғақтайды. Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Осы салтанатты сәт те соның бір көрінісі, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Іс-шара барысында тоғыз азаматша «Алтын алқа» иегері атанса, бұдан бөлек отыз нәзікжанды «Күміс алқа» төсбелгісін тақты. Солардың бірі – жеті баланың анасы Меруерт Әшірбекова. Былтыр ғана қала әкімінің қолынан «Күміс алқа» төсбелгісін алған алтын құрсақты ана мемлекет тарапынан әйелдер қауымына көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
– Халқымыз «Ананың құдіреті шексіз. Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтпаса керек. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек, толқымайтын көңіл болмайды. Өйткені, ол бар тіршілік атауының бастауы. Осыны терең ұғынған ата-бабаларымыз қыз баласына ерекше көңіл бөліп, құрметтеген. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін бұзылмай сақталып келеді . Бүгін де мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға бірқатар әлеуметтік көмектер қарастырылған. Өз кезегінде біз де ертеңгі ел болашағын тәрбиелеп отырған ана ретінде елдің салмақты сенімін терең ұғынып, халықтан қалаулы азаматтарды тәрибелеуге барынша күш саламыз, – дейді марапат иесі.
Жиын соңында барша аналарға естелік сыйлықтар мен төсбелгілер табысталып, олардың отбасы институтын арттыруға қосқан еңбегі елеусіз қалмады. Айта кету қажет, қазіргі таңда облысымызда 45 372 көпбалалы отбасы болса, соның 5 779-ы «Алтын алқа» және 11 374-і «Күміс алқа» иегерлері. Оларға қолдау көрсету мақсатында облыста 45 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алуда.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді