«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыл үздіктері анықталды

Жыл үздіктері анықталды
Ашық дереккөз
Қай салаға болсын жаңа есімдер керек. Аға буынның орнын басатын алғыр жастарды іздеу, оларды қолдау қашанда маңызды. Осы орайда, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа есім-2024» жобасы биыл бесінші мәрте жоғары деңгейде өтті.

Әуелі бұл жобаның ауылдық, аудандық және қалалық, облыстық іріктеу кезеңдері ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңдеріне аудандарға қарасты барлық ауылдың талантты жастары қамтылып, жобаға 628 үміткер қатысты. Ерекшелігі сол, биылғы жобаға ешқандай да музыкалық білімі жоқ, мүлдем басқа саланың мамандық иелері қатысып, бақтарын сынаған болатын. Әрине, өзге саланың өкілдеріне көпшілік алдында өнер көрсету оңайға соқпайтыны анық. Солардың ішінде, облыстық кезеңде «аспапта орындау», «вокал» және «хореография» жанрлары бойынша 12 үміткер жеңімпаз деп танылды. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтап, жас таланттардың өнер жолына сәттілік тіледі. «Жаңа есімдер қашанда керек. Біздің өңір талантты перзенттерге бай. Сондықтан, мұндай жобаны үнемі қолдаймыз», – деді Лесбек Құралбайұлы.

Жиналған көпшіліктің алдында «Жаңа есім – 2023» байқауының жеңімпазы Ұлмекен Рахметулла «Шынайы сезім» әнін тамаша орындап, ел құрметіне бөленді. Іс-шараны Сандуғаш Серімова әсерлі жүргізді.

Мұнан соң Гала-концертте жоба жеңімпаздары өнер көрсетті. Әуелі Жамбыл ауданының мақтанышы, информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүрген Ұлан Батырбек Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр қылыш» күйін орындаса, жеке кәсіпкер Әли Әзімжан «Отан ана» әнін жүрекке жеткізе шырқады. Теміржолшы Гүлдана Қаржаубай өз кезегінде Әйгерім Қалаубаеваның «Жаным қалайды» әнін, сарысулық математика пәнінің мұғалімі Дархан Дәуітбеков ««Я люблю тебя до слез» атты орыс халқының әнін әсерлі жеткізе білді. Меркілік қаржыгер Жақсылықбай Төреқұл Джош Гробанның «Per te» шығармасын , «Хореография жанры» аталымы бойынша құландық заңгер Әйкен Асан «Лезгинка» биін шеберлікпен биледі. Таластық бағдарламашы Ванэса Бадамбаева да «Хореография жанры» аталымы бойынша сәтті өнер көрсетті. Сонымен қатар, жас өнерпаздар Алуа Дәулетбергенова мен Әлішер Боранбай өздерінің нағыз талант екендерін дәлелдеді.

Жиын соңында «Жаңа есім – 2024» жеңімпаздары бірлесіп, Көпшіл Ертаевтың «Жаңа есім» әнін орындады. Бұл тағылымы мол байқау алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар