Жүрегі ел деп соққан жомарт жандар

Жүрегі ел деп соққан жомарт жандар
Ашық дереккөз
Арғы бабаларымыздан жалғасып келе жатқан құндылықтар – қазақы болмысымыздың темірқазығы. Оған ешкімнің де таласы жоқ. Қай кезде де жақсылық жасау, қамқорлық көрсету, өзгеге қол ұшын беру – сауапты іс. Шариғатта да Мұхаммед Пайғамбардың: «Жақсылықта жарысыңдар» деген хадисі барын білеміз. Яғни, өзге біреуге жақсылық тілеп, көмектессеңіз, Жаратушы сондай жақсылықты сізге де нәсіп етері сөзсіз.

Мерейлі Меркі жерінде Қанат Шайхиев деген белгілі кәсіпкер азамат бар. Кезінде бір ауылды шаруашылықтың қарызымен сатып алып, аз уақытта ұжымның берешегінен құтылып, қазір табыстың тайқазанын қайнатып отырған іскердің дәл өзі. Кезінде Шайхиевтің шаруашылығы, оның қант қызылшасын өсірудегі жаңашыл жұмыстары туралы жиі жазылды. Менің назарымды аударған оның елге жанашыр келбеті, кішілік пен кісілік қасиеттері. Жақын күндерде Меркі жеріне жиналған облыстың ең зиялы, ең белсенді ардагерлерінің алдында сөз сөйлеген Қанат Шайхиев: «2006 жылы «Сыпатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін сатып алғанымда 41 миллион теңге қарызы бар болатын. Ол қарызға 200 тұрғын үй сатып алуға болатын еді. Мен алдымен шаруашылықтың қарызынан құтылуды ойладым. Ол ойым да жүзеге асты. Аз уақытта жаңа сортты тұқым себу арқылы егіннен мол өнім алуға қол жеткіздік. Мол өнім – табыс кепілі. Осыдан 11 жыл бұрын ауданның 15 Ұлы Отан соғысы ардагерін жинап, әрқайсысына 100 мың теңгеден ақшалай сый ұсындым. Ол кезде 1 миллион 500 мың теңге дегеніңіз – мол қаражат. Сонда майдангерлердің біразы маған таңданып қарағаны бар. Олардың жүздерінен «Мынау жігіт осынша қаржысын бізге бере салғаны несі?» деген көзқарасты аңғардым. Сол кезде «Сіздер елдің болашағы үшін Отанды қорғадыңыздар. Сол көпшіліктің ішінде мен де бармын. Сондықтан бұл бекерге кеткен қаржы деп ойламаймын. Сіздердің батадан артық байлық жоқ деп едім, ақсақалдар разы болды. Біреуге жасаған жақсылықтың өтеуі еселеп қайтатынына үнемі көзім жетіп келеді», – деді.

Айта берсе, бұл кісінің елге шашып отырған шапағаты өте мол. Қазақылық қасиеттерді де жақсы біледі. Былтыр жүз адамға шүлен таратқан. Ол көпшілікке жасап жүрген қайырымдылығының бір парасы ғана. Жыл сайын 20 адамның Түркістан қаласына қыдырып, зиярат жасап қайтуына демеушілік жасап жүр. Биыл спорт түрлерінен облыстық, республикалық жарыстарға баратын Меркі аудандық ардагерлер құрамасының барлық мүшелеріне өз қаражатына спорттық киім тіктіріп беріпті. Мектептерге, мешіттерге, ерекше жағдайдағы балаларға көрсетіп жатқан көмегі өте мол.

Осындай кең пейіл мен жомарттықтың Жаратушыдан қайтарымы да аз емес. Биыл Шайхиевтің 60 гектар арпасын ерте көктемде бұршақ ұрады. Кәсіпкер аталған жерді жарамсыз болып қалды деп қарамай кеткен. Жақында масағын жинап, шөбін орып алу үшін көлік жіберген. Сөйтсе, пісіп тұрған арпа көліктерге сыймай кетіпті. Арпаның сабағы астына қайырылып, дәні аман қалып, бетін ғана бұршақ ұрыпты. Сол 60 гектардан 30 центнерден өнім өндірілген. Енді кәсіпкер осы 60 гектардан жиналған арпаның барлығын өзіне қолдау болған адамдарға кеусен ретінде (кеусен – ниеттес адамдарға берілетін үлес) тегін үлестіріп жатыр. Қанат Шайхиев Меркідегі «Жұлдыз» балалар лагерінің айналасын өз қаражаты есебінен қайтадан бау-бақшаға, жасыл баққа айналдыруды жоспарлап отыр. Осы ретте біз Меркіден басқа да қолы ашық кәсіпкерлер туралы сұрастырған едік. 79 жастағы кәсіпкер Әлімхан Шөңгербаев та кең пейіл жандардың қатарынан болып шықты. Қасымжан Исақұлов көшесіне жарық орнатып беріп жатыр. Оның шығыны 4 миллион теңгеге жуықтайды. Одан бөлек көмекке мұқтаж аудан тұрғынының үйін жөндеп беруге 5 миллион теңге қаражатын берген. Меркі жерінде өтетін Наурыз той, Жеңіс күні мерекесі кездерінде де демеушілік жасайды.

Осындай мырзалық танытқан азаматтар өзге аудандарда да аз емес. Шу ауданының Құрметті азаматы, кезінде Тараз қаласының әкімі болған Болат Сауранбаев Шу ауданының Белбасар ауылына 460 миллион теңгеге спорт кешенін салып, мемлекеттің меншігіне өткізген. Сондай-ақ, еуростандартқа сай үлкен футбол алаңын аталған ауылдағы Шоқан Уәлиханов орта мектебінің теңгеріміне тегін беріп отыр.

Жуалылық кәсіпкер Талғат Тұрымбаев өзі туып-өскен Бауыржан Момышұлы ауылына құны 23 миллион теңге тұратын футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын салып берген. Сонымен қатар, аудандық ауруханаға құны 20 миллион теңгеге жуықтайтын заманауи рентген аппаратын сыйлаған. Жуалылық кәсіпкер Гүлнар Мырзахметованың Бақалы ауылына 50 миллион теңгеге зәулім мешіт салғанын да айта кетейік. Жамбыл ауданына қарасты Еңбек ауылында кәсіпкер Үсен Құрманбеков 150 миллион теңгеге спорт кешенін салуда. Талас ауданы, Ойық ауылындағы мәдениет үйін өз қаржысына сатып алып, мемлекетке тегін қайтарған Аманбек Бектай, осы ауылға зәулім мешіт салып берген Ақынбек Бектай, Ойық ауылдық округіне қарасты Тұрымқұл ауылына жаңа мешіт салған, бұл күнде Талас аудандық мәслихатының депутаты Мақұлбек Мырзақұловты да айрықша атап өтуге болады.

«Мен мемлекетіме, Отаныма не беремін» дейтін мұндай азаматтардың қолы да ашық, жолы да ашық. Олардың ісі көпшілікке үлгі. Олардың қатары молайған сайын әлеуетіміз де жақсара беретіні анық.

Олар жақсылық жолында жарысып жүрген, жүрегі ел деп соққан азаматтар!

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар