Айтыскерлер аламаны

Айтыскерлер аламаны
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Астана күніне орай «Жасай бер, жайна – Астана!» әдеби сазды кеш өтті.

Іс-шараны аталған орталықтың басшысы, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков ашып, бас қала жайлы өзінің толғаныстарымен бөлісті. Мұнан соң, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің студенті, оқушылар арасындағы «Ақберен» ІХ республикалық өнер байқауының «Ақындар айтысы» аталымы бойынша бас жүлдегері Айсұлу Жүнісбек халық әні «Дей салдым- ай», «Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуы» шығармаларын орындады. Айсұлу Жүнісбек бас қала жайлы әдемі әсерлерін де айтты. Облыстық оқушылар айтысының бірінші орын иегері Інжу Жаңабай Мәлс Өзбековтің «Келші айым» әнін орындап, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін көпшілікке ұсынды. Жас айтыскер Аят Бәтей арнау өлеңінде ару Астананы теңеуге толы шумақтарымен жырлап өтті.

Тараз қаласындағы «Өрлеу» ән- саз студиясының тәрбиеленушілері Мансұр Әлішев «Молдабай» әнін, Даниал Сұлтанхан «Көкшолақ» әнін нақышына келтіріп орындаса, ІІІ Халықаралық «ART-BAYTEREK» өнер мен білім байқауының бас жүлде иегері Әлмерек Қыдырбай «Алаш аманаты», «Әлқисса» күйін шеберлікпен орындап шықты.

Ал, Аяна Ким Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Астана жайлы да жыр шумақтары көпшілік назарынан тыс қалмады. Іс-шараны жас айтыскер, облыстық «Әулиеата үміті» сыйлығының лауреаты Дидар Апбасов өлең шумақтарымен өрнектеп, сәтті жүргізді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар