«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейбітшілік пен ізгіліктің ордасы

Бейбітшілік пен ізгіліктің ордасы
Ашық дереккөз
Ерболат САУРЫҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты

Астана тәуелсіз еліміздің айбары мен айдынына, төрткүл дүние түгел таныған бейбітшілік пен ізгілік ордасына айналды. Бүгінде бас қаламыз қай салада да серпінді дамып келеді.

Былтыр Астананың елорда мәртебесіне ие болғанына 25 жыл толды. Осынау ширек ғасырда ел астанасының адам танымастай өзгергеніне куә болдық. Есілдің сол жағалауы болашағына батыл қадам басқан Тәуелсіз Қазақстанның жаңа бейнесіндей көрінеді.

Жас Астана бүгінде жаһан құлақ түрген ауқымды оқиғалардың орталығы. Ғаламдық келіссөздер, кездесулер мен басқа да ауқымды іс-шараларда талай мемлекет басшылары, аузы дуалы саясаткерлер, қаржыгерлер Елордада бас қосып, әлемдік күрделі оқиғалардың күрмеуін шешіп келеді. Осылайша, Астана қазақстандықтар үшін құтты мекенге айналды.

Жиырма бес жыл кез келген қала үшін, оның ішінде, біздің Астанамыз үшін де ұзақ мерзім емес. Дегенмен, осы уақыт аралығында Президент пен Үкімет басшылығымен қыруар жұмыс атқарылып, ен далада жаңадан қала тұрғызылды, бүгінде бұл шаһарда қазақстандықтардың жаңа буыны бой түзеді. Экономикаға салынған инвестиция көлемі 44 есе өсті. Экономика мен географиялық қарқынды өсім қаланы заманауи урбанизация, өмір сүру сапасы жоғары жəне инновациялық жаңашылдықтардың орталығына айналдырды.

Қазіргі Астана – саяси көшбасшылар, іскерлік серіктестер мен инвесторлар, зиялы қауымның кездесіп, кеңес құратын құтты орны, шығармашылық жоспарларды, инновациялық идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыру алаңы болып отыр.

Жалпы, Астана өзінің ширек ғасырлық тарихында уақытпен үндесе бой түзеп, әлем қызыққан Елордаға айналды. Күн санап көркейген қаламыздың жыл өткен сайын маңызы артып, мәртебесі өсе түсуде. Оған қай-қайсымыз да тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен қайталанбас қолтаңбамызды қалдырғанымызды біле жүруіміз керек.

Астананың туған күні – барлығымызға қымбат, жалпыхалықтық мереке. Астана – тәуелсіздіктің белгісі. Елдің, халықтың, қоғамның жаңа тарихының көрінісі. Астанамыз гүлденіп, құлпырып, әр отбасының өмірі қуанышқа, өркендеуге және ертеңгі күнге деген сенімділікке толы болсын!

 

 

Ұқсас жаңалықтар