«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сирек кездесетін суреттер

Сирек кездесетін суреттер
Ашық дереккөз
Биыл белгілі композитор Кенен Әзірбаевтің туғанына – 140 жыл. Қазақ- қырғызға бірдей танылып, Алатаудың дүлділі атанған ақын атын жаңғырту мақсатында елімізде бірқатар мәдени-танымдық іс-шаралар жалғасын тауып, композитор мұралары кеңінен насихатталуда. Мерейтой қарсаңында тыңнан түрен түріп, мұқым елге жаңалық болған жәдігерлер де табылуда. Соның бірі – ақынның еш жерде жарияланбаған эксклюзивті суреттері.

Кенен есімін күллі қазақ Алатау баурайын әнге бөлеген нәзік өнердің өкілі ретінде таниды. Ал, оның ел ісіне етене араласып, туған еліне қатысты тағдыр кесті шешімдердің ортасында жүргендігін бірі білсе, бірі білмес. 1963 жылдың 12 қарашасында түсірілген сурет те ақынның сол қайраткерлік қырынан хабар береді. Суретті сол кездегі облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Тілеумағамбет Елемісов түсірген. Ол ақынды Қордай ауданының Киров атындағы колхозы және Георгиевка кендір өңдеу зауытының еңбеккерлері мен жұмысшыларына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында түсіріп алған. Бүгінде бұл сурет облыстың мемлекеттік архивінің қорында с ақт аулы. Кенен атамыздың суретінен бөлек бұл қорда сол кездегі «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, майдангер-жазушы Құрманбек Сағындықовтың ел арасында тұрған суреті де бар. Ал аталған суреттің тарихы туралы сала маманы айтып берді.

– Биыл туғанына 140 жыл толған ақын, жыршы, әнші әрі композитор, қоғам қайраткері Кенен Әзірбаевтің бұл суретте 79 жастан асқан кезі. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен тұлға туралы облыстық архивте тағы да біршама деректер сақталған. Мәселен өнер айдынында жүрген Кенен атамыздың көпшілігі күрескерлік қырын, елшілік қызметін тани бермейді. Ол турасында 1960 жылдардағы Қордай аудандық партия құжаттарының марапат қағаздары сақталған ісінде жазба қалған. Ақын 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған, яғни Кеңес өкіметінің орнауына ықпал етіп, патшалық Ресейдің озбырлық әрекетіне қарсы шыққан. Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене атсалысты. Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Тоқаш Бокин сияқты жалынды революционер- большевиктермен бірге болды, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова.

Ақынның азаматтық болмысы мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Ұлт-азаттық көтеріліс жылдары қазақтың ірі байларын тәркілеп, ауылды ұжымдастырамыз деген өкіметтің шешімі елдің хәлін нашарлатып, азықсыз қалдырғанын көрген Кенен Қордай жеріндегі Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген. Көтеріліс басшысы Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген сарбаз ақыны болған. Осы жылдары шығарған «Аттаныңдар!», «Қайран елім, қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері қазақ өнерінің алтын қорына айналған дүниелер. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты «Әли батыр» атты дастанын дүниеге әкелді.

Қордай жеріндегі көтерілістен кейін ақын қудалауға да ұшырайды. Дегенмен, дер кезінде тау асып, қырғыз елінде бірнеше жыл паналап, елге қайта оралады.

– Сталиндік репрессия жылдары кеңестік Қазақстанның барлық шығармашыл зиялылары сияқты ұлтшыл деген айып Кенен Әзірбаевқа да тағылды. Зерттеушілер Кенен Әзірбаевтің тұтқындалуына оның Ораз Жандосовқа арнап шығарған «Оразжан» өлеңі себеп болды деп санайды. Ол Алматыдағы НКВД қабырғасында төрт ай отырып, ақыры ақталып шығады. 1939 жылы Кенен ақын ССРО Композиторлар одағының мүшелігіне қабылданады. Айта кету керек, ол сол кездегі салалық екі Одақтың мүшесі болған бірінші адам. Соғыс басталардың аз алдында Кенен Әзірбаев Мәскеуге оқуға аттанады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Кенен Қазақстанда болды. 1916 жылғы көтеріліс жылдары сияқты ол халықты партияның айналасына бірігуге шақырды, ән-жырларымен Ұлы Жеңісті жақындата түсті. Осылайша ол қызыл империяның қалшылдаған қылышынан аман қалған. Бұл турасында ұлттық қауіпсіздік комитеті жариялаған ашық деректер базасында да ақпараттар бар, – дейді Н.Қожамарова.

Ал, бұл суретте тарихта есімі қалған тұлғаның темекі тартып отырған сәті бейнеленген. Туындыда қоғамның қим-қиғаш қиралаңы мен бұралаңынан бір сәтке дамыл тапқан жанның бейнесі көрініс тапқандай. Боямасыз өмірдің әрбір сәті әдемі екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізген сирек әрі шынайы фотосуретінің құндылығын бүгінгі ұрпақ жете ұғып, жылы қабылдайтынына кәміл сенімдіміз.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

 

Ұқсас жаңалықтар