«Aq jol»-мен 65 жыл дос ақсақал

«Aq jol»-мен 65 жыл дос ақсақал
Ашық дереккөз
Ең бай адам – рухани бай адам. Сондай рухани бай жанның бірі – Т.Рысқұлов ауданы, Қайыңды ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Шәріпхан Мәзболдиев.

Ол ерекше адам. Газет-журналдардың нағыз оқырманы. Әсіресе, облыстық «Aq jol» газетін 65 жылдан бері қызыға оқиды. Газетті жай ғана қарап шықпайды, әр мақаланың астын сызып оқиды. Әр журналистің жазу стилін танып, ойлы жазбалардан ерекше әсер алады. Сонымен қатар, кейде бір сөйлемдер байланыспай, сөздің көркемдігі төмендеген тұстарды да аңғарып қояды. Ондайда жаны қалмай редакцияға хабарласып: «Әй, бала, мынау нөмірдің пәленшесіні бетіндегі жазбада сөздің байланысы келмей тұрған сияқты» немесе «Анау кісінің фамилиясы дұрыс жазылған ба?», – деп сұрап жатады. Онысын тырнақ астынан кір іздеу емес, басылымға деген жанашырлығы деп қабылдаймыз. Мақалалары арқылы «ақжолдық» тілшілерді тегіс таниды, құрметтейді.

Басылыммен 65 жыл бойы «дос» болғанының арқасында «Aq jol» газетін кезінде басқарған Ғайса Сармурзин, Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев бастаған барлық бас редакторлары туралы әдемі, әсерлі, есті естеліктер айта алады. Сонымен қатар, аталған газетке барлық саналы ғұмырын арнаған Бақытяр Әбілдаұлы, Рахметбек Құдабай, Елен Әлімжан, Несіпбек Дәутай туралы мәнді пікірлер айтудан да жалыққан емес. Оның барлығы газет оқумен, рухани ізденіс жолымен келгені анық.

Жалпы, Шәріпхан Мәзболдиевтың өзі де қатардағы көптің бірі емес. Кезінде Алматыдан агроном мамандығы бойынша жоғары білім алған. Ұзақ жыл бойы Т.Рысқұлов ауданы, бұрынғы «Мақпал» кеңшарында көмекші агроном, кейіннен ұзақ жыл бас агроном қызметін атқарды. «Мақпал» кеңшарының он мыңдаған гектар жерін жыл сайын игеріп, қандай жерге қандай дақыл жақсы шығатынына дейін зерделеп, мол өнім алу жолында біліктілігін көрсетті. Ол еңбек еткен жылдары «Мақпал» кеңшары аудан бойынша үздіктер қатарынан түскен жоқ. Ауылдық, аудандық кеңеске депутат кезінде де тұрғындардың ең өзекті мәселесіне назар аударып, жергілікті биліктің көмегімен шеше білді.

Мәзболдиевтың ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2019 жылы облыс әкімінің шешімімен «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мұнан өзге де аудандық деңгейде алған марапаттары жетерлік.

Ақсақалдың ұл-қыздары Айтолқын, Абзал, Асылбек, Асқар – бір-бір мамандық иесі. Немерелері де еліміздің ең таңдаулы университеттерінде білім алуда. Асыл жары Қалдыкүл ақсақалды қабағынан түсініп тұрады.

«Aq jol -мен» «дос» ақсақалға ауданның үлкен-кіші, зиялы азаматтары құрметпен қарайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар