Осы Салқынайды, неге екенiн қайдам, күйеуi Сиқымбай жақтырмайды. Жақыны, немере сiңiлiсi ғой, қалай кет деп айтсын, бұл байғұс оны құрақ ұша қарсы алады. Жыл он екi айда бiр келгенде ыстық шайын берiп, барын алдына салады. Бүгiн де сөйткен. Кеседегi күрең шайдан бiр ұртт аған Са лқынайдың жүзi сынық көрiндi бұл жолы. Әлденеге алаңдап, абыржитындай. Көктемнiң көкөзегiнде жол жүрiп жаураңқырап қалған ба, сырт киiмi-плащын да шешкiсi келмейдi. Нұрхан да көп қыстаған жоқ. «Бойы жылынсын».
Мектеп бiтiргелi әкесi мен шешесiне масыл болған басқа бауырларындай еме с, Салқынайдың жұмыс iздегенiне көп болыпты. «Қайда барса да, Қорқыттың көрi». Алақандай ауылға да сыймады. Қаланы да көрдi. «Танысың болмаса тұмсық тығуың қиын екен. Өзiңнiң iстеп жатқан жерiңнен маған да бiр орын қарастыршы, Нұрхаш», – деп қиылған соң, былтыр уәде берген. Соған келген – ау, сiрә.
«Менiң жуып жүрген еденiм жекеменшiк тiгiн цехынiкi. Алғаным бiр қап ұнның құнынан артылмайды. Сиқымбайдың тапқаны да жыртығымызды жамауға жетпейдi. Дұрыстау жұмыс табылса өзiмiздi жарылқамаймыз ба. Айтпақшы, осындағы әне бiр үлкен мектептiң бiр техничкасы декретке шығады деп естiп ем. Соны сұрап көрсейшi».
Нұрхан самбырлап сөйлеп отырған өзiн Салқынайдың тыңдамай отырғанын ендi байқады. Қабағын шытып, қинала ыңқылдайды.
– Салқынай, саған не болды?
–...Іш-i-iм-м.
– Ойбай-ау, бiр түрлi боп кеттiң ғой. Ауырып отырғаннан саусың ба? Манадан берi айтпайсың ба. – Дастарқанның шетiн қайыра салып Нұрхан қонағының бетiне үңiлдi. Ернін тiстей жымқырып, жамбастай берген Салқынайдың өңi демде қуқыл тартып бара жатты. Сасқанның көкесi ендi болды. «Ендi қайттiм»?.. Үйдегі кiшкентайлардың да көздерiне үрей ұялап қалыпты.
– Салқынай-ау, көзiңдi ашшы! Қай жерiң? Iшiм дейсiң бе? Құдай ұрды онда. Соқырiшек шығар. Мен қазiр. Қазiр... – Аяғына тәпiшкесiн iле телефоны бар көршi-қолаңдардың үйiне жүгiрдi. Жедел жәрдем шақырмаса болмайды ғой.
Сиқымбайдың да келе қоймауын қарашы. Қырсыққанда көршiнiң ешқайсысының телефоны iстемейтiн болып шықты. «Кабельдi қиып ұрлап кеткен». Бәрiнiң айтқаны сол. Қарсы көшедегi төрт қабатты үйдiң бiр подъезiнде тұратын келiншектiң де телефоны бар сияқты едi. Далбасалап сонда жүгiрдi. «Жетi қараңғы түнде қайда қаңғып кеткенiн». Есiгiнде құлып. Тісi-тiсiне тимей сақылдап кеттi. Асыққаннан үстiне де кимей, көйлекшең шыға салыпты ғой.
Үйге қайтып келдi. Жаңағы шай iшiлген жерде үрпиiп отырған балаларын көргенде жүрегi зу еттi. Салқынай жоқ.
Сөйткенше болмады, әжетхананың iшiнен Салқынайдың шақырған даусын естiдi: «Нұрхаш, қайшы бар ма?! Пышақ болса да әкелiп бершi».
«Уһ-һ, бар екен ғой әйтеуiр!» – Нұрхан селк ете қалды. Қайшы, пышағы несi?
Қолына iлiккенiн әжетхананың сығырайта ашылған есiгiнен Салқынайға ұсына берген Нұрхан унитазда «пық, пық» деп тұншыға үнi шығып, тырбаңдап жатқан тiрi қызыл шақаны көргенде есiнен танып қала жаздады.
– Ойбай, Салқынай, мынауың не? Сұмдық-ай! Сұмдық-ай, о сұмдық! – деп қорыққаннан тiлi байланып та қалды. Жүрелей отыра кеткен күйi «Не қылдың, ойбай! Не масқара бұл. Не көрдiм мен, ойбай», – деп едендi тоқпақтай бердi. Мұның көз алдында әжетханадағы суы бар шелекке шарананы салып алған Салқынайдың е сiктен қалай шыққаны есiнде жоқ...
Ашық қалған есiктен кiрген Сиқымбай балалары улап-шулап, өзi байбалам салып жатқан Нұрханды көрiп шошып кеттi. Еңiреген Нұрханның сөзiнен мән-жайды ұққан Сиқымбай алғашында өз бала-шағасының аман екендiгiне шүкiршiлiк етiп, келiншегiн бауырына басып, басынан сипай берген...
Содан бері Нұрхан көпке дейiн өзiне-өзi келе алмай жүрдi. Қызыл шақа нәресте көзiне елестеп, түсiнен де шошып оянады.
Салқынай сол кеткеннен ұшты-күйлi жоғалды. «Қарасы өшсiн, кәпiрдiң, қарасы өшкiр». Күйеуi осылай жұбатқанымен, ол оқиғаны Нұрхан ұмыта алмады. Ұмытатындай да болған жоқ.
Бүкiл қаланы дүрлiктiрген тосын хабардан ел жағасын ұстады. Үшiншi шағынауданның қоқыс салатын жәшiгiнiң түбiн тырмалап, сыпырып жүретiн орыс кемпiр ери қоймаған көлеңкедегi қардың астынан көгiс тартып бұзыла бастаған нәрестенiң мәйiтiн тауып алыпты. Әлде қолмен iстелiнген, әлде тырманың ұшы тиген бе, баланың оң жақ мойынында тiлiнiп тесiлген тыртық бар дейдi...
Iз кескен полиция қызметкерлерi көп ұзамай-ақ, қатыгез ананы тауыпты. Салқынай екен. Соры қайнаған Салқынай бәрiн мойынына алып, баяндап берiптi. Салқынайдың оқиғасының салқыны немере әкпесі Нұрханға да тидi.
Тергеуде бәрiн Нұрханға жапты.
«Менiң толғақ дегендi, туу дегендi бiрiншi рет басымнан кешiруiм. Қансырап, әлсiреп жаттым. Бәрiн iстеген Нұрхан», – дептi Салқынай.
Бармағын тiстеп, өрiмдей балаларын үйiнде құшақтап Сиқымбай қалды.
Сүттей ұйып отырған ұясының тұнығы лайланып, бес жылға сотталып келіншегі Нұрхан кете барды. Жедел жәрдем шақыру үшiн телефон сұрап барғанын растаған көршiлердiң куәлiгi де түктi шешпедi.
Соттың үкiмi Салқынайға сегiз жыл кесті...
PS. Адам аттары белгілі себептермен өзгертіліп алынды.
Бұл оқиғаның кейіпкерлерінің бәрі бүгінде дін аман. Қиюы қашқан күндердің бәрі артта қалды. Қар жауды, із басылды. Ең бастысы – шалыс басқан аяқ түзелді, адасқандар тура жолға түсті.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді