Жалақы белгіленген уақытта төленуі керек

Жалақы белгіленген уақытта төленуі керек
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы – облыстағы еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының орындалуын бақылайтын бақылау-қадағалау функциясы бар мемлекеттік орган. Еңбек кодексінің 192-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек заңнамасының мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өтініштерін, арыздарын және шағымдарын қарайды. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жоспардан тыс және профилактикалық бақылау болып бөлінеді. Жоспардан тыс тексерулерге жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары және прокуратура органдарының тапсырмалары негіз бола алады.

Осыған байланысты тек ресми тіркелген (еңбек шарты бар) жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік бар. Ал жалақы төлеудiң тәртiбiмен мерзiмдерi еліміздегі Еңбек Кодексінің 113-бабына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы баптың талабына сәйкес, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшалай нысанда айына кемiнде бiр рет, келесi айдың бiрiншi онкүндiгiнен кешiктiрiлмей төлену керек. Жалақы төленетiн күн еңбек шартында, ұжымдық шартта көрсетілуі тиіс.

Дегенмен, былтыр облысымыздың 14 кәсіпорнында 852 миллион теңгенің жалақы қарызы анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 3430 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұдан бөлек, басқармаға 2022 жылы «Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Тараз» кәсіпқой футбол клубы КММ-не қатысты 25 жұмыскерден 10 арыз түскен. Мекемеге 1 401 775 теңге көлемінде 4 айыппұл салынып, жұмыскерлерге тиесілі 35 966 266 теңге қарызы анықталып, оның 15 566 199 теңгесі өндіріліп берілді. Ал, 459 450 теңге көлеміндегі айыппұлды және жалақы мен жұмыстан босатылғаннан кейін жұмыскерлерге тиесілі есептесу (расчет) көлемі 20 400 067 теңгесі мәжбүрлі түрде орындату үшін сот орындаушыға жолданып, орындалды.

Өткен жылдың қаңтар айында Тараз қалалық прокуратурасының ұсынысына сәйкес, «Тараз» кәсіпқой футбол клубы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында заң бұзушылықты жою бойынша нұсқама беріліп, 345000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде 149 қызметкердің 370,4 миллион теңге айлық жалақысы толығымен төленді. Осындай заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша күн сайын мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтарды қабылдап, консультациялық көмек көрсетеді. Ол үшін облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы орналасқан Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, №78 мекенжайға келіп неме с е 43-01-96 және 43-06-31 телефондарына байланысып ақпарат алуға болады.

 

Нұрбол ДОСМАХАНОВ,

облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар