«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Aulieata - media» серіктестігінде «Ашық есік күні» өтті

«Aulieata - media» серіктестігінде «Ашық есік күні» өтті
Юрий Ким
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Aulieata - media» серіктестігі «Ашық есік күнін» өткізді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйінде өткен мерекелік іс-шара еркін форматтағы басқосудан басталды. Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған «Aulieata - media» серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы холдингтың тыныс-тіршілігі мен толайым табыстары туралы кеңінен тоқталды. 

– Біздің серіктестік ақпарат саласындағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, заманауи үдерісті игеруге күш салып келеді. Осы ретте өзім бастамашы болып жыл басында холдингке қарасты «Цифрлық контент орталығын» құрдық. 

Сонымен қатар басты жаңалықтың бірі – жуырда «Aulieata-Media» серіктестігіне қарасты үш газетке онлайн жазылу тетігін елімізде алғаш болып «Halyk bank» қосымшасына енгіздік.  

Ал, холдингке қарасты «Jambyl-info» ақпараттық порталы жыл басында республикалық деңгейде хабар таратуға көшті. Қазіргі таңда ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігіне ресми тіркелген республикалық 1600-ден астам сайттың ішінен ZERO және LIVEINTERNET статистикалық ресурстарының қорытындысы бойынша «Jambyl-info» ТОП-50 сайттың тізіміне кірді. Бұл – біз үшін үлкен меже! , – деді холдинг директоры Данияр Асқарұлы өз сөзінде.  

Сондай-ақ, ізгі істің басынан табылған облыс әкімдігінің басқармалары мен барлық аудан әкімдігінің БАҚ-қа жауапты өкілдері кәсіби мереке қарсаңында журналистерге ерекше құрмет көрсетіп, арнайы Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етті. 

Айта кетейік, «AULIEATA – MEDIA» холдингі 2020 жылы тамыз айында құрылған.

Ұқсас жаңалықтар