Ал, биылғы еске алу іс-шарасы Арғынбай Бекбосынның туған күні қасиетті Құрбан айт мерекесіне тұспа тұс келгендіктен, ұлы бабасы Қосы батыр атындағы қоғамдық қордың мүшелерінің ұйымдастыруымен және қолдауымен Байзақ ауданындағы өзі туып, өскен Қосы батыр ауылында өтті. Оған Тараз қаласы мен аудан орталығы Сарыкемерден ардагерлер, Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Хасенқызы, қыздары Жәмилә мен Жанерке қатысты.
Еске алу іс-шарасына қатысушылар әуелі Қарасу көлінің жағасындағы қорымдағы Арғынбай Бекбосынның қабірі басында болып, «Қосы батыр» мешітінің имамы Нұртілеу Оралбайұлы оқыған Құранға қол жайды.
Қосы батыр ескерткіш кешені аумағындағы мешіт ауласында саялы ағаштардың көлеңкесінде құдайы тамақ берілді. Өңіріміздің Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев, өңіріміздің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, Суханбаев ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Өзенбаев, ауыл қариясы Мұса Тілеуқұлов, Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Қасенқызы мен қызы Жәмилә, ауыл әкімі Абдулмұрат Мәдібаев қайраткер тұлға туралы естеліктер, облыстың, ауданның рухани өміріне қосқан үлесі, адамгершілік биік қасиеттері, ізгілік жасауға, имандылыққа үндеген шығармаларының оқырмандарын көп тапқаны, туған ауылында есімін қастерлеуде атқарылып жатқан істері туралы айтып, сөз сөйледі.
Еске алу іс-шарасын Аманкелді Карентаев түйіндеп, іс-шараға қатысқандарға алғыс айтып, елдің қалауымен Арғынбай Бекбосынның есімін өзі салғызған мектепке беру мәселесі оң шешімін тапқалы жатқаны туралы хабарлады.
Бұл күні еске алу іс-шарасына Тараз қаласынан барғандардың бір тобы Қосы батыр ауылындағы Арғынбай Бекбосынның есімі берілгелі жатқан Қарасу орта мектебінде болды. Мектеп директорының орынбасары Бағлан Үсіпбаев осында ашылғалы жатқан ауылдан шыққан кайраткер-қаламгердің мұражайына жәдігерлер жинау барысы қалай жүріп жатқаны жайлы айтып берді.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді