Ұлағатқа толы ұмытылмас басқосу

Ұлағатқа толы ұмытылмас басқосу
Ашық дереккөз
Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы кезінде өмір сүрген, өз заманының көрнекті қайраткері әрі кемеңгері, Талас, Шу өңірлерінде, Ташкент, Сайрам қалаларында билік жүргізіп, Ұлысбегі атанған, халқының қамын жеп өткен Шымыр батыр тарихта ойып алар орны бар ірі тұлғалардың бірі. Батыр баба рухы ғасырлар бойы жүрегінің оты бар ұрпақтарын ерлікке , ел қамы жолындағы өркенді істерге жігерлендіріп келеді. Бабамыздан тараған ұрпақтан барша қазақтың мақтанышы болған қолбасшы Қойгелді батыр, Байзақ датқа, Қосы батыр, Балуан Шолақ, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Өмірбек Байгелді, Жақсылық Үшкемпіров және басқа да батырлар мен билер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, көптеген белгілі азаматтар шыққан.

Ташкент қаласында жыл сайын көктемнің жазға ұласар мамыражай шағында Шымыр ата кесенесінің басында ұрпақтары бас қосып, әруағына арналған еске алу шарасын өткізу игі дәстүрге айналған. Таяуда дәстүрлі асты Шымыр бабаның Бекболаттан тарайтын Жаңабай ата ұрпақтары берді. Оған Қазақстаннан және Өзбекстаннан төрт жүзге жуық, оның ішінде Жамбыл облысынан 300 адам қатысты. Бұл – берекелі дастархан жайылып, бірлік, достық, ынтымақ және туыстық туралы ұлағатты сөздер айтылған ұмытылмас басқосу болды. Оны Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Жамбыл облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы Оңласын Есіркепов ашып, кемеңгер әрі батыр бабамыз туралы тың деректерді алға тартты.

– Бүгінгі басқосуда елді риза етер іс атқарған ағаларымыздың аттарын айта кеткен артық болмас. Белгілі қаламгер – тарихшы Бақытяр Әбілдаұлы Шымыр атаның Ташкенттегі қабірін анықтауда, оны ғылыми түрде дәлелдеуде орасан еңбек сіңірді. Оңтүстік өңіріне танымал Қозыке Бишімбаев, генерал Есен Демесінов, Елтай Мырзайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді және белгілі кәсіпкер, марқұм Рәтбек Олжабаев кесенені жаңғыртуды ұйымдастыруда ерекше белсенділік көрсетті.

«Шымыр ата» қоғамдық қорының атынан баба әруағына бағышталған бүгінгі асқа атсалысқан Рахман Әбдіқадыров, Ерлан Сатыбалдиев, Қыдырәлі Оралов, Нұрғали Пананов, Орынбай Рысбаев, Ілияс Ысқақов, Жарылқасын Тәжіхан, Алтынбек Жамишжанов, Тезекбай Исаев, Ғазизжан Мәдімаров және Ерсін Замишевке барша ағайынның атынан алғыс айтамын, – деді ол.

Шымкенттен келген еңбек ардагері Әліпбек Мырзагелдиев баба рухына бағыштап Құран оқыды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, термеші Бақыт Шағырбаев сырнаймен құйқылжыта ән шырқап, жұрттың құлақ құрышын қандырды. Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Санат Қырықбаев, Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық университетінің профессоры, академик Медетхан Заппаров, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы Дәулетбай Есімбеков және Түркістан облыстық «Шымыр ата» қоғамдық қорының төрағасы Орынбасар Лештаев жиында ел бірлігі, ұлт келешегі және ұрпақ тәрбиесі туралы келелі сөз қозғады. Келесі жылы бабаға арналған асты Шымкенттегі Шымыр ата ұрпақтары беретін болады.

 

Ақылжан МАМЫТ,

журналист,

Тараз – Ташкент – Тараз

Ұқсас жаңалықтар