«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақ тыныштығы үшін алдыңғы шепте

Аймақ тыныштығы үшін алдыңғы шепте
Ашық дереккөз
Қазақстан Қарулы Күштері Аумақтық әскерлер күнін атап өтті. Әскери мерекелер күнтізбесіндегі бұл дата мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтудағы аумақтық әскерлердің рөлінің маңыздылығын арттыруға бағытталған.

Еліміздің басқа аймақтарындағы сияқты Жамбыл облысында да аумақтық әскерлер, аумақтық қорғаныс бригадалары қызмет етуде. Аумақтық күштер күнін тек әскерилер ғана емес, Қазақстан халқының басым көпшілігі атап өтеді. Олай дейтініміз, әскери борышын өтеуге міндетті әрбір азамат аумақтық әскерлердің әлеуетті жауынгері. Қауіпсіздікке қауіп төніп, Қарулы Күштер мақсаты бойынша міндеттерді орындауға кіріссе, аумақтық әскерлер өз аймағын қорғауды тікелей мойнына алады. Сол себепті бұл әскерилерге «аумақтық» деп айдар тағылған. «Аумақтық қорғаныс бригадаларының ең маңызды міндеттерінің бірі – ерекше кезеңде облыстың айрықша маңызды объектілерін қорғауға алу және сол арқылы тұрақты армияны бұл міндеттерден босату. 2018 жылдың желтоқсан айында Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасы өз жұмысын бастаған болатын. Жергілікті атқарушы органдар аумақтық әскерлерді басқаруды және оларды материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бірақ, әскери мәселелерде әскери қорғаныс бригадасының командирі Қарулы Күштердің аумақтық әскерлерінің органдарына бағынады. Бригада құрылғаннан бері сегіз тактикалық және арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Біздің бригадаға Қарулы Күштер мен басқа да әскерлер қатарында қызмет етуде үлкен тәжірибесі бар нағыз кәсіби мамандардың келіп жатқанына қуаныштымын», – деп түсіндірді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Әлжан Хамзин.

Уақытпен санаспай қызмет сапында жүрген әскерилер соңғы жылдары салада соны серпілістер байқалып келе жатқанын айтуда.

«Көмек керек болса, ел үшін сапқа тұруға бәріміз міндеттіміз. Оқу-жаттығу жиынында біреулері полигонда алғаш рет жаттығудан өтеді, енді біреулері алған білімдерін қайталап, шеберліктерін шыңдайды. Біз бәріміз әскери дайындықтан өтіп, жауынгер ретінде дайындалуымыз керек. Соңғы уақытқа дейін аумақтық қорғаныс бригадасында жалғыз белсенді әскери қызметші және оның командирі полковник Әлжан Хамзин болатын. Бірақ, биылғы жылы бригаданың штаты кеңейді, қазір оның құрамында жүз әскери қызметші бар», – дейді әскери борышын өтеуші, Меркі ауданының тұрғыны Данияр Әбдіразақ.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасы оңтүстік өңірдің тағы үш резервтік бригадасымен, атап айтқанда, Түркістан және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласымен бірге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамында. Әскер қолбасшысы мен облыс әкімдерінің қатаң басшылығымен еліміздің аумақтық әскерлерінің нығаюын қамтамасыз ететін аумақтық қорғаныс бригадалары кезең-кезеңімен дамып келеді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

 

Ұқсас жаңалықтар