«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар кітапханасы жаз апталығын бастады

Балалар кітапханасы жаз апталығын бастады
Ашық дереккөз
Балаларды ойната отырып ойлануға, білімдерін арттыруға шақыратын кітапханалар оқушылардың жазғы демалысын ұтымды пайдалануға да үлес қосады. Тараз қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Армысың, жаз!» атты апталықтың ашылуын ертегі желісімен ұйымдастырды. «Кітап мұхитындағы аралдар» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара жазғы демалыс кезіндегі балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруды мақсат етті. Өскелең ұрпақ үшін балалар кітапханасының имиджін қалыптастыру, сол арқылы қалың оқырман тарту үшін мектеп жанындағы лагерьлерде демалып жүрген оқушыларды шақырды.

Балаларға кітапхананың әр бөлімін таныстырып, оқуға деген құштарлықтарын арттыру негізінде кітапхана ұжымы қызықты қойылым ұйымдастырып, оған жас оқырмандардың өздерін қатыстырды. Яғни, «Армысың, жаз!» апталығы «Юнга» кемесіне мінген Капитан Гектор Барбосса бастаған теңіз қарақшыларының келуімен басталды. Джек Воробеймен «Қара маржан» қазынасын табу үшін Кітап мұхитындағы «Нептун», «Мотунуй» аралдарының викториналық сұрақтарына жауап бере отырып, кедергілерден өтеді. Балалар сүйіп оқитын «Су перісі», «Кариб теңізінің қарақшылары» шығармаларының және Уолт Дисней студиясының кейіпкерлері жас теңізшілермен, яғни кітапхана оқырмандарымен жасырылған қазынаны тауып, сыйлықтарға ие болды.

– Оқушылар мектептегі сабақтан босаған уақыттарында білімнен алыстап кетпесін деп кітапхана ұжымы да жазғы демалыс апталығын ұйымдастырады. Апталықта жас оқырмандарымызға арналған танымдық іс-шараларды тек кітапханамызда өткізбей, қала сыртындағы лагерьлерге барып, сондағы демалушы балалармен бірге ойнап, әдеби шығармалардың кейіпкерлерінің кейпіне еніп, туындыларды танытамыз. Сол арқылы балаларды кітап оқуға шақырамыз. Сондай-ақ, жаз мезгілінде саябақтарда да жастар үшін қызықты іс-шаралар ұйымдастырып, мейлінше кітапқа оқуға құштарлықтарын арттыруға күш саламыз, – дейді кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова.

Кітапханадағы жаз апталығының ашылуына арнайы барған балалар жазушысы Марат Құлибаев та жасөспірімдерді білім бұлағы саналатын кітапханаға жиі келіп тұруға шақырды.

Іс-шараға келген оқушылар ертегі кейіпкерлерімен бірге ойнап, сұрақтарға жауап беріп, білімдерін ұштады. Соңынан кітапхана қорындағы кітаптармен танысты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар