Кездесу дарынды балалардың жетістіктері туралы көрмеден басталды. Айта кетейік, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар конкурсының республикалық кезеңі биылғы оқу жылында облыстың 85 жылдығына орай Тараз қаласында, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткен болатын. ISEF-2024 Дүниежүзілік Ғылым және техника көрме сіне сәйкес өткізілген байқауға еліміздің әр облысынан 912 оқушы қатысқан. Аталған байқауға облысымыздан 46 оқушы қатысып, 27 жас ғалым жүлделі орындарды иеленген еді. Бұдан да басқа білім сайыстарында алдыңғы орындардан көрініп жүрген жамбылдық оқушылардың жеңісі мемлекетіміздің, ата-аналардың, білімге баулитын мұғалімдеріміздің қамқорлығының арқасында екені сөзсіз.
– Әлемдік өркениетке бет алған біздің еліміздің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. Тәуелсіз еліміздің бұл маңызды саласы Мемлекет басшысының айрықша назарында. Себебі, бүгінгі оқушы білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, тілдерді еркін меңгерген тұлға ретінде ертең егемен елдің иесі болары анық. Сондықтан, ұстаздар мен ата-аналарға бірлескен еңбектеріңіз балаларымызды білім шыңына жетелеп, бәсекеге қабілетті, отаншыл азамат, еліміздің туын биік ұстайтын тұлға ретінде қалыптастырады деп сеніммен айта аламын.
Облысымыздың дарынды, білімді әрі талантты ұл-қыздары түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда облыстың мерейін асырып, жеңістің жалауын желбіретіп жүр. Бұл жеңіс – сіздердің терең білімдеріңіздің жемісі. Еңбектің ең үлкені – білім. Осы кездесуге келіп отырған дарынды оқушыларымыз биыл халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 331 медальді иеленді. Оның ішінде, 54 медальды Халықаралық білім жарыст арында а лғаны бәрімізді қуантады. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы он бесінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Сондай-ақ, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Бірқатар дарынды оқушыларымыз биыл маусым-тамыз айларында өтетін Халықаралық олимпиадаларға қатысуға жолдама алып отыр. Олардың барлығы мектеп бітіріп отырған түлектер. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Биыл 12 мыңнан астам оқушы мектепті бітірді. Осы кездесуге мектеп бітіруші 37 түлек қатысып отыр. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық мектеп бітіруші түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді ойдағыдай тапсырып, жоғары оқу орнының грант иегері атануларына тілектеспін. Қазірдің өзінде сіздердің араларыңызда отырған 13 түлек Оңтүстік Корея мемлекетіндегі UNIST университетінің, КИМЭП, Назарбаев Университеті, Қазақ-Британ Техникалық Университеті, Халықаралық ІТ университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының грант иегері атанған. Осы тамаша заманның керемет мүмкіндіктерін пайдаланып, білімдеріңізді дамытуға қашанда асығыңыздар. Озық ойлы, өрісі кең, өрелі азамат болуға әркез ұмтылыңыздар. Болашақ өз қолдарыңызда, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев олимпиада жеңімпаздарын дайындаған 11 педагогты Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Кездесуге қатысқан облыстың дарынды оқушыларының барлығына облыс әкімінің Алғыс хаты және 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.
Аймақ басшысына сұрақтарын қойып, ашық сұхбаттасқан оқушылардың сөзін «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Диас Қоршыбек пен Марғұлан Шарел ұстаздарға деген алғыстарымен қорытындылады.
– Мен 7-сыныптан бастап химия пәніне қызығушылық танытып, түрлі республикалық олимпиадалардың 7 дүркін алтын медаль иегері және Халықаралық Менделеев Олимпиадасының қола медаль, Хиуа қаласында өткен Әл-Беруни Халықаралық олимпиадасының күміс медаль иегері атандым. Биылғы оқу жылында Корей мемлекетінің жоғары оқу орнының грантын жеңіп алдым. Биылғы оқу жылында облысымыздың құрама командасына арналған оқу-жаттығу жиындары Астана қаласының «НұрОрда» мектебінің және облыстағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру лагерінің базасында өтті. Оқу-жаттығу жиынында Халықаралық деңгейдегі олимпиада жеңімпаздарын дайындайтын тренерлер бізге күрделі есептер шығартып, зертханалық жұмыстардың тиімді әдіс-тәсілдерін үйретті. Біздің мектепте жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы дарынды балаларға тәлімгерлік жасап, олимпиадаға дайындалуға көмек беру үрдісі қалыптасқан. Осының нәтижесінде жасөспірімдерге арналған республикалық пәндер олимпиадасынан лицейіміздің 8-сынып оқушысы Мухаммад Сыздыков І орынды, Айдайбек Абдурахман ІІІ орынды иеленді. Биылғы лицей түлегі ретінде, соңымыздан ерген ізбасарларымыздың ел намысын қорғап, халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсететініне сенемін. Олимпиада резервін дамыту мақсатында бізге қолдау көрсеткендеріңізге алғыс айтамыз, – деді Диас Қоршыбек.
Биылғы оқу жылында республикалық «Зерде» конкурсында жас ізденімпаз зерттеушілер 18 медальды иеленсе, «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 3 оқушы жеңімпаз атанды. Халықаралық Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика зерттеу жобаларынан 4 оқушы, Ғарыштық зерттеулер бойынша «Ғылым әлемін ашамыз» Халықаралық ғылыми жарысына қатысқан 6 оқушының 4-еуі жеңіске жетті. 2023-2024 оқу жылында алғаш рет ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының арасында академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл мектептері арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада» ұйымдастырылды. Біздің облыстан қатысқан 49 оқушының 22-сі республикалық кезеңнің жеңімпазы болды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 64 оқушы қатысып, 29 оқушы жүлделі орындарды олжалап, облысымыздың командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды. Облысымыздың оқушылары Халықаралық олимпиадаларда да ел намысын қорғап жүр. Сербия Республикасында географиядан өткен Еуропалық олимпиадада «Дарын» лицей-интернатының оқушысы Жомарт Сабыр қола медальды иеленіп, биыл Белград қаласында және Ирландия Республикасында өтетін халықаралық олимпиадада бағын сынамақ. Болгария елінде өткен математика пәнінен Халықаралық 41-ші Балқан олимпиадасынан «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Марғұлан Шарел күміс медальды иеленіп, биыл Ұлыбританияның Бат қаласында өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алды. Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасында Авиценна атындағы халықаралық олимпиадаға «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының оқушысы Рауан Есен қатысса, Амина Ғалымжанқызы Бразилияда өтетін лингвистикадан халықаралық олимпиадаға жолдама алды. Әлемнің 24 елінің қатысуымен Грузия мемлекетінде өткен «EJOI-2023» информатикадан Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасына «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Сұңғат Серікбай қатысып, күміс медальды жеңіп алды. Түркия мемлекеті, Анталия қаласында өткен робототехникадан халықаралық «Robotex Turkiye-2024» чемпионатына қатысқан Меркі ауданы, М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушылары Нұрғиса Тұрғынбай, Хамза Сауытбек күміс медальға ие болды. Халықаралық «INFORMATRIX-ASIA-2023» конкурсы, информатикадан Еуразиялық олимпиада, робототехникадан «Robotek Grand Tournament» Халықаралық чемпионаты және «Roboland–2024» IX Халықаралық робототехника фестивалінде 30 оқушы жеңімпаз атанды. Ұлттың рухани мұрасымен тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылатын Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш оқулары сынды байқауларға 89 оқушы қатысып, 53-і жеңімпаз атанды. Республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысында Жамбыл ауданының оқушысы Алина Айдаралы бас жүлдені иеленсе, республикалық XXIV «Абай оқулары» байқауынан облысымыздың командасы ІІІ орынды иеленді. Өскемен қаласында өткен Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадаға 8 оқушы қатысып, 7-еуі жеңіске жетті. Республикалық VI «Абайтану» олимпиадасына 7 оқушы қатысып, 5-еуі жеңімпаз атанды. Ерекше білім берілуге қажеттілігі бар шығармашыл дарынды балалар арасында өткен «Шексіз өмір» республикалық фестиваліне 6 оқушы қатысып, 5 оқушы жүлделі орындарды иеленді. 2020 жылдан бері «Ел үміті» корпоративтік қорының бастамасы аясында ұйымдастырылатын «Мың бала» ұлттық олимпиадасынан да жеңіске жеткен оқушыларымыз бар.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді