Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқан еді. Президент жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дерттің алдын алуға қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты. «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеліп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Әлемде 275 миллион нашақор бар
Дәл қазір көптеген ақпарат құралдарында есірткі сатушылардың құрықталғаны жөнінде мәліметтерді кездестіруге болады. Қала берді түрлі әлеуметтік желілерде есірткіні қойып кетушілердің бейнежазбасы да кең таралуда. Жалпы, жауапты органдар есірткімен күресте қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Ал, саладағы кемшін тұстарды толықтыру үшін не істеу керек? Бүгінгі мақаламызда синтетикалық есірткінің зияны мен зардабы жөнінде жан-жақты баяндауды жөн көрдік.
БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Қазіргі таңда әлемде шамамен 275 миллион нашақор адам бар көрінеді. Ал, жыл сайын 500 мыңнан астам азамат есірткіден қайтыс болады екен. Ұйымның мәлімдемесінде соңғы 30 жылда есірткі заттарынан болатын өлім 134 пайызға артқаны да айтылады. Бұл фактор, әсіресе, Шығыс және Оңтүстік Азия мен Солтүстік Америка елдері үшін аса қауіпті. Атап өтейік, БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жылдары Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған. Ресми дерек бойынша қазір Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр.
«Спайс» пен «снюстен» басталған заңсыз сауда
Елімізде «синтетикалық есірткі» осыдан он жылға жуық уақыт бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келсе, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудалана бастады. Ал, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы, бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жалынды жастар ілінді.
Бір таңғаларлығы, күн өткен сайын синтетикалық есірткімен күресу құзырлы органдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Мұны буыны бекіп үлгермеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына онлайн сауда арқылы ілігіп жатқанынан-ақ байқарсыз. Себебі, синтетикалық есірткілер, негізінен, ғаламтор арқылы саудаланады. Елімізде кез келген азамат үшін интернет дүкендері қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни, сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып, төлем де қашықтықтан жасалады. Кейіннен тұтынушы мен сатушы түрлі мессенджерлер арқылы байланыс орнатып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөніндегі нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша барлық іс көзге көрінбейтін іс-әрекеттермен түйінделеді.
Бүгінде синтетикалық есірткінің тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отырғаны айтпаса да түсінікті. Себебі бұл есірткі түрінің еркін саудасы, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, «синтетиканың» жарнамасы жалт-жұлт еткен сан түрлі сайттарға қатаң бақылаудың жоқтығы – онсыз да күрделі осы мәселені ушықтырып жіберді. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын сол кездегі Мәжіліс депутаты Қанат Мусин сайттарда есірткі жарнамасы ғана емес, оны дайындау жолдары да егжей-тегжей көрсетілетінін айтып, дабыл қаққан еді. «Интернетті шарлап жүрген түрлі сайттарда синтетикалық есірткіні саудалап қана қоймай, оны дайындайтын құрал-жабдығына дейін, тіпті жеке өндірісін ашуға үйрететін ашық бейнекурстар бар» деген мәжілісмен бұл кеселді жасырын таратуға жария түрде жастарды тартып жатқанын айтып, осы мәселеге құзырлы органдардың ғана емес, дүйім жұрттың назарын аудартқан болатын. Осыдан соң қара нарықта «синтетиканың» саудасын қыздырып жүрген сайттарға «соғыс» ашылды. Алайда, сол кездің өзінде-ақ әлгі сайттардың біреуі жабылғанымен, артынша сананы улайтын сайттар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай түсті.
«Есірткіні қара күшпен жеңе алмаймыз»
Есірткімен күресте алдыңғы шепте жүретін құзырлы орган өкілдері синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығы мен қолжетімділігі оның кең таралуына жол ашып отырғанын айтады. Мамандардың сөзінше, аталған есірткіні қолдану әдістері ерекше дайындық пен дағдыны талап етпейді. Сондықтан дәл осы құмарлық жастар арасында үлкен сұранысқа ие.
– Синтетиканың барлық компоненті былай қарағанда заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Ал, бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылдарға тәуелділік пен ауыр азапқа толы болмақ, – деген Ішкі істер министрлігінің өкілі Бақытжан Әмірханов есірткі қылмысы тек қара күш қолдану арқылы шешіле қоймайтынын алға тартты. Сөзінше, болары болып, бояуы сіңген қылмысты әшкерелегеннен гөрі, оның алдын алған, себеп-салдарын болдырмаған өте маңызды. Ол өз сөзінде синтетикалық нашақорлықтың таралуы, интернеттегі оның жарнамасы мен саудасына қоғам болып қарсы тұрып, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру аса маңызды екенін тілге тиек етті.
«Адамды іштен жеп, тауыспай қоймайды»
Шын мәнінде, кәдімгі шегетін немесе егетін «дәстүрлі» есірткімен салыстырғанда «синтетиканың» тартқызар зардабы ауыр. Онколог дәрігерлердің айтуынша, не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны ірітіп жіберуге қауқарлы. Соңғы жылдары «Альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид», «кристалл» дейтін түйіршіктер мен ұнтақтар күрт көбейіп, олардан төнген қауіп пен кеселдің азаймауы осының анық дәлелі.
Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 90-ға жуық синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Нарколог дәрігерлер бұл заттардың әрқайсысы «Адам ағзасы мен психикасына ешқашан өшпейтіндей із қалдырады», дейді. Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана және анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді екен. Дәрігерлер тіпті, «синтетиканы» тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталып жатады деген алаңдаушылығын да білдіріп отыр. Яғни, «синтетиканы» тұтынушылар суицид жасауға бейім келеді деген сөз.
Әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні қолданудың салдары өте ауыр болатынын жиі айтып жүрген «Recovery» қалпына келтіру және психосоматикалық медицина орталығының меңгерушісі Николай Малахов «оны емдеу одан да қиын» деген пікірде. «Мәселен, «синтетиканың» қазіргі таңда ең көп таралған әрі жастар арасында «тренд» болып жүрген «тұз» дейтін түрі бар. «Тұзға» мықтап отырған адамның бойынан, психикасынан бұзушылықтардың нақты тізімін жасау әлі де мүмкін емес. Алайда, кейбір жалпы проблемаларды оқшаулауға болады. Бұл «синтетиканың» салдарына психикалық бұзулар, ішкі ағзалардың патологиялары мен әлеуметтік проблемаларды жатқызуға болады. «Тұзды» қолданған кезде адам бірте-бірте апатия мен депрессияға ұшырайды, бұрынғы хоббилерге, оқуға, жұмысқа деген қызығушылығын жоғалтады. Керісінше, адамда ұйқысыздық, өз-өзінен дүрбелең туғызу, паранойя, есту галлюцинациясы және делирий, дисфория пайда бола бастайды», – дейді нарколог дәрігер.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Жыл сайын жер шарында 450 мыңнан астам адам есірткінің кесірінен ажал құшады. Сондай-ақ, 270 миллионнан астам әлем халқы тұрақты нашақорлар тізіміне алынған. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалады. Ал, денсаулық сақтау министрлігі елімізде есепте тұрған нашақорлардың 1,5 мыңнан астамы әйел, 43-і буыны қатпаған жасөспірім екенін мәлімдеді. Түсіне білгенге халқының саны 20 миллионнан енді ғана асқан ел үшін осы сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп екені анық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді