«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихтың тереңінен маржан терген журналист

Тарихтың тереңінен маржан терген журналист
Ашық дереккөз
Кез-келген мамандықтың өзіне тән қыры мен сыры, қызықтары мен қиындықтары болуы заңдылық. Журналистік мамандық та сондай. Былайша қарағанда, журналист – ақпарат беруші, хабаршы, жаңалық жаршысы. Солай десек те, оның да өзіне тән қиындықтары бар. Ол – сол жаңалықты, ақпаратты жеткізудің әдіс-тәсілдері. Оқырманның оны қабылдауы журналистің жеткізе білуіне байланысты. Міне, мамандықтың ерекшелігі де осында. Журналист ой-өрісі кең, барлық саладан хабардар, өзі жазып отырған жаңалық немесе оқиға туралы жетік білетін, жан-жақты болуы керек. Сонда ғана оның жазған мақаласы, хабарламасы тұщымды әрі түсінікті болады. Сонда ғана ол оқырманның, тыңдарманның немесе көрерменнің көңілінен шыға алмақ. Сонда ғана ол – құрметті. Әріптесіміз Қамбарбек Қойшыбайұлы мамандығын жете меңгерген журналистердің осы санатынан.

Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың, Қамбарбек – Ұлы Отан соғысына алғашқылардың бірі болып аттанып, басқыншы жаумен қиян-кескі шайқастардың бірінде ауыр жараланып елге қайтқан майдангер жауынгер Тамабай мен оның жары Әуестің тұңғышы. Бірақ, перзентке зар нағашылары асырап алып, Ырысалды апасы бауырына басқан. Ырысалды мен Тұрсынай аналарының тәрбиесінде өскен Қамбарбек Қойшыбайұлы оларды туғанынан артық көрді. Қос ананың да тілеуі – Қамбарбектің үстінде. «Үстінен құс ұшырмай өсірді» десек, өсіріп айтқандық болмас. Құдай алдындағы шындық – осы.

Талас ауданының сол кездегі орталығы Ақкөл ауылындағы орта мектептен аттестат алған жылы сондағы Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түскен Қамбарбек осы орта-арнаулы оқу орнын 1965 жылы зоотехник мамандығы бойынша Луговой (қазіргі Құлан) ауылында бітіріп шыққан. Алғашында мамандығы бойынша «Ойық» кеңшарында ферма зоотехнигі болып бір жыл қызмет атқарған ол кейіннен сол кездегі үрдіспен аудандық атқару комитетіне нұсқаушылыққа ауысып, араға екі жыл салып аудандық «Ленин жолы» газетіне тілшілікке қабылданған. Қамбарбектің журналистік қызметінің бастау алған кезеңі де осы тұс. Сол кезде яғни, 1968 жылы облыстық «Еңбек туы» газетінде «Таланттылармен таныстырамыз» айдарымен өлеңдер топтамасы жарияланған жас қаламгер 1972 жылы осы басылымға қызметке шақырылып, газеттің Талас, Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Талантымен танылған жас журналист 1981 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы партия мектебіне жіберіліп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін, облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Еңбек туына» (қазіргі «Aq jol» газетіне) қайта оралған. 1984 жылы обкомның шешімімен Свердлов аудандық «Село жаңалығы» газетіне редакторлыққа тағайындалған Қамбарбек Қойшыбайұлы 1985 жылы журналистік жолын бастаған Талас аудандық «Ленин жолы» газетіне бөлім меңгерушісі болып ауысты. Осында редактордың орынбасары қызметінде жүргенінде Кеңес үкіметі ыдырап, партия тарағаннан кейін депутат Қамбарбек Қойшыбайұлы 1994 жылы бірінші шақырылған аудандық мәслихат тексеру комиссиясының төрағалығына сайланады. Ауданда депутаттық корпустың қалыптасуына үлес қосқан қоғам белсендісі 2000 жылы облыстық газет редакциясына аға тілші болып ауысып, 2007 жылы республикалық-аймақтық «Салық тәртібі» газеті редакциясынан зейнеткерлікке шықты.

Тәуелсіздік тізгіні қолға тигенге дейін саясат шеңберінен шыға алмай, әртүрлі тақырыпта мақала, суреттемелер, хабарлар жазып жүрген журналист Қамбарбек Қойшыбайұлының қаламгерліктегі екінші тынысы ашылды. Ол тарихи тақырыпқа ден қойып, осы бағытта кең көсіле қалам сермеген. Ол қазақ елінің өткен-кеткені, тарихи ақтаңдақтар туралы қалам тартып, көптеген шындықтың бетін ашуға белсене атсалысты. Таңдаған тақырыбын жан-жақты, жеріне жеткізе зерттеп жазды. Ол үшін кітапханалар мен архивтерде ұзақ отырып, ел аралап, өткеннің тарихи оқиғаларын бүгінгімен безбендеп, шындықтың бетін ашып жазуды мақсат етті. Ол мақсатына жетті де. Мақаламызға «Тарихтың тереңінен маржан терген» деп тақырып қоюымыздың сыры осында. Ол осы ізденісімен оқырманның көзін ашты. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдарға жүгінейік.

Қаламгер Қамбарбектің талмай ізденісінің нәтижесінде 2007 жылы дүниеге келген «Шымылдықтау. Көсегенің көк жоны және қазақтың қазыналы қара өлеңі» атты эссесі мақаладан гөрі «кішігірім хикаят» деп бағалауға лайық. Қарт Қаратаудың айналасындағы Қыршынды, Билікөл, Тәңірқазған, Борқазған, тағы басқа топонимия атаулардың тарихы туралы дәлелді мысалдар осыған айғақ.

Партияның тың игеру саясатымен Көсегенің көк жолына түрен түсіп, шырайлы да шұрайлы өлкенің соқа тісімен тілгіленуі, келімсектердің туған жердің жабайы аң-құсын қырып, көпшілігінің жоғалып, жойылып кетуіне апарып соққан жабайы әрекеттері жайлы журналист жүрегі жылай отырып баяндаған. Ол жүз жасаған қарт ана, абыз ана Балакүлдің аузынан естіген әңгімесі мен жыр жолдарын егіле отырып қағазға түсіріпті.

«Қаратауға шыққанда бел кетеді,

Шөбі кеткен жайлаудан ел кетеді» деген өлең жолдары туған жерге деген махаббаттың шынайы белгісі.

«Әкесі – болыс, баласы – Еңбек Ері» атты еңбегі екі заманды таразының басына қойып салыстыра баяндайды.

1905-1918 жылдары Ойық болысын басқарған Тауасарұлы Бекберген – Меккеге қажылыққа барған санаулы қазақтардың бірі. Халқына имандылықты насихаттаған Бекберген болыс еліне еңбегі сіңген тұлға. Ал, оның ұлы Махамбет жаңа өкіметке қызмет етіп, қоғам малын шығынға ұшыратпай, оны өз төлі есебінен өсірген. Мемлекетке ет, жүн тапсырудағы жоспарын асыра орындағаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Ал, оған дейін қажының ұрпағы, байдың баласы болғаны үшін басынан кешкен мехнаты айтса адам шошығандай. Дегенмен, «еңбек – бәрін де жеңбек» деген мәтелдің шындығына көз жеткізесіз. Автор бұл жерде Махамбеттің қызы Зифаның ізденісті істеріне ризашылығын заманмен үндес жеткізген. Бұл – қаламгер шеберлігі.

Жұбан ақын жырлағандай «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан кешкен оқиғаларға Қамбар ағаның «Сақыпкерей», «Көсемге хат жазған Құлжабай» атты очерк-суреттемелерден қанығасыз. Ақтаңдақтар ақиқаты айтылатын бұл еңбектерде Қазақ автономиялық үкіметінің тізгінін ұстаған Сақыпкерей Арғыншиевтің Әулиеата жеріне тап болуы, Шымкенттегі ауыл шаруашылығы техникумының Жамбылға көшірілуі бүгінде өңірде іргелі оқу орны Құлан жоғары ауыл шаруашылығы колледжі өмірімен шебер сабақтастырылған.

«Көсемге хат жазған Құлжабай» деген мақаласы деректі хикаят сипатында. Мұнда да қазақ халқы бастан кешкен нәубет, жантүршігерлік оқиғалар шеберлікпен суреттеліп, аяғы ұрпақтар сабақтастығына келіп тірелген. Бүгінде өскен-өнген Құлжабай әулеті журналистің суреттеуінде тәуелсіз Қазақстанның жасампаздығын жырлайды.

«Айтматовтар әулетінің Әулиеатадағы іздері» атты зерттеу мақаласы ұлы тұлғаның қазақ еліне, қазақ жеріне қатысын шынайы суреттеген. Қамбарбек Қойшыбайұлының бұл тақырыпта қалам тартуы өзі түлеп ұшқан зооветтехникумда «Адамзаттың Айтматовы» Шыңғыс ағасының да оқығанынан туындаса керек. Бірақ, біздің көбіміз Шыңғыстың әкесі Төреқұлдың қазақ жерінде – Сырдария облысы, Әулиеата уезі, Күркіреу болысының 5-ші ауылында дүниеге келгенін біле бермейтініміз шындық.

Қаламдас, әріптес аға Қамбарбек Қойшыбайұлының тарихи тақырыптағы еңбектеріне дендеп енген сайын оның қалам қарымы мен суреткерлік шеберлігіне тәнті бола түсесің.

«Шақантай батыр», «Төлек батыр» очерктері Қоқан хандығының езгісіне қарсы күресте ерлік көрсеткен бабаларымыз туралы мәлімет бере отырып, Тәуелсіздік жолындағы күрестің тарих қойнауында жатқан беттерін парақтайды. Бұл еңбектерде оның отаншылдық, перзенттік пиғылы атойлап тұр.

«ГПУ қиратқан кесене», «Көрген түсіне бола жазаланған жауынгер», «Арқа жұрты әспеттеген Қозыбақ батыр», «Мәселесі Мәскеуде қаралған»... Қамбарбек Қойшыбайұлының мақалаларының көпшілігі бір-бір хикаяттың жүгін арқалап тұр.

Біздің кейіпкеріміз отаншыл, ұлтшыл ғана емес, дос құшағы кең, бауырмал жан. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи Отаны Германияға қоныс аударған неміс қызы Анна Иккестің 1994 жылы облыстық «Знамя труда» газетінде жарияланған «Моя Родина» деген өлеңін мысалға келтіре отырып жазған «Моя Родина» мақаласы – еркін көсілген көсемсөз. Автор өзінің кіндік қаны тамған Ойық ауылында қазақтармен қоян-қолтық өмір сүрген неміс ұлтының өкілдерінің тұрмыс-тіршілігінен суыртпақтай отырып, Қазақстандағы халықтар достығы туралы кең форматты алдыңызға жайып салады. Бұл – бейбітшілік сүйгіш, бауырмал қазақтың жүрек сөзі.

Қамбарбек Қойшыбайұлы – тұлғатанушы. Оның жылдар бойы шаруашылық басқарған Сейітбек Әбдиев, мұзбалақ ақын Мұқағали, тағы басқалар туралы толғана жазған туындылары осылай батыл айтуымызға дәлел.

Қамбар аға Қойшыбайұлының журналистік қызметі мен шығармашылығы туралы айта отырып, оның отбасынан әңгіме қозғамауымыз әділетсіздік болар еді. Өйткені, кез келген адамның өмірінде отбасының орны өзгеше. Сенің қол жеткізген барлық жетістіктерің отбасылық тұрмыс-тіршілігіңе байланысты. Бұл ретте Қамбар аға жарты ғасырға жуық жұбайлық ғұмыр кешкен асыл жары Бостанкүл жеңгейге дән риза.

– Бостанкүл менің аналарыма қараумен, қызметімнің жиі ауысуымен оқып, мамандық ала алмады. «Отбасының берекесін кіргіземін» деп жүргенінде оған уақыты да болған жоқ. Дегенмен, жұмыссыз да болған емес. Ол жазу машинкасының «құлағында ойнайтын» шебер еді. Сол қабілетінің арқасында қайда да машинисткалық немесе хатшылық қызмет табыла кететін, – дейді ол осыдан 11 жыл бұрын дүниеден озған отанасы Бостанкүл туралы.

Бостанкүл алтын құрсақты ана болды. Құдайдың бергені шығар, дүниеге 10 бала әкелген екен. Солардың жетеуі жастай шетінеп кетіп, Ақмарал, Орынкүл, Құралай атты үш қыз ата-анасының көз қуанышына айналған. Қыздардың үшеуі де үйлі-баранды. Қамбар аға олардан 12 жиен немере сүйіп отыр. Бүгінде жиен немересі Нұрсұлтан мен келіні Жансұлудың қолында тұрады. Олардан сүйіп отырған Даниял, Елдар, Әлихан атты шөберелері – аталарына ыстық.

– Баланың бәрі жақсы ғой. Бірақ, қолдағылары жүрекке жақындау, – дейді Қамбар Қойшыбайұлы қашанда турасын айтатын әдетімен. Шындығы да солай ғой. Оған талас жоқ.

Маужыраған мамырдың алғашқы күнінде дүниеге келген ағамыз 80 жасқа толып, 90-ның ауылына аяқ басып отыр. Ол туралы әлі талай әңгімелеуге болады. Біраз жайды айтып та тастағандаймыз. Әлі де айтатын боламыз.

Әзірге «Мерейтойыңыз құтты болып, мерейіңіз өсе берсін, әріптес аға!» деген тілекпен әңгімемізді тәмамдаймыз.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Редакциядан: Бұл суреттеме әріптесіміз Қамбарбек Қойшыбайұлының 80 жасқа толатын мерейтойы қарсаңында жазылған. Тағдыр ғой, Қамбар Қойшыбайұлы 80 жасқа толуына небәрі 3 күн қалғанда бақилық болып кетті. Енді бұл мақаланы естелік ретінде марқұмның қырық күндік асы берілетін күні жариялап отырмыз.

Ұқсас жаңалықтар