Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?

Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?
Ашық дереккөз
Облыс айтыскерлері 1 Маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты елдің ұрпағы» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» ұйымдастырған кеште жас ұрпақты өнерге баулу, олардың домбыраға, айтысқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсат етілді. Балаларды мақал-мәтел, жаңылтпаш айтумен жарыстырып, интеллектуалды ойын арқылы терең ойлануға жетелейтін іс-шаралар өткізілді.

Кешті орталық басшысы Ахметжан Өзбеков балаларды келе жатқан мерекесімен құттықтап, ізгі тілекпен бастап берді. Содан соң балалар «Жасырын хат» ойынында өз ата-аналарына, ұстаздарына, достарына және басқа да жақын адамдарына жасырын түрде хат жазды. Бұл арқылы ұйымдастырушылар жасөспірімдердің ашық айта алмайтын ой-пікірлерін жеткізіп, адамдар арасындағы жан жылуын өрбітуді көздеген. Ал, берілген тақырып бойынша мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып, жеңіске ұмтылдыру арқылы жеткіншектерді озық ойлап, әдепті сөйлеуге, көркем тілін байытуға жетеледі.

Іс-шара барысында облыстық ақындар айтысының жүлдегері, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Аят Бәтей арнауын, «Өрлеу» ән-саз студиясының тәрбиеленушісі, күйші Бекарыстан Исламбек Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» күйін, халықаралық «Жас толқын» байқауының және республикалық «Ұлы дала» байқауларының бас жүлдегері, облыстық ән конкурсының бас жүлдегері, Астана қаласында өткен «Бала әлемі» өнер байқауының І орын иегері, «Өрлеу» ән-саз студиясының «Ән-терме» класының тәрбиеленушісі Мансұр Алишев К.Әзірбаевтың «Көкшолақ», «Молдабай» әндерін нақышына келтіріп орындады.

Өнегелі кеш халықаралық айтыстардың жүлдегері, айтыскер ақын, әріптесіміз Есет Досалы мен «Жыр алыбы – Жамбылым» атты оқушылар айтысының бірінші орын иегері, республикалық «Ақберен» байқауының арнайы жүлдегері Інжу Жаңабайдың «Әке мен бала» айтысымен қорытындыланды. Барлық қатысушылар, «Мақал-мәтел, жаңылтпаштар» сайысы мен «Жасырын хат» ойынының жеңімпаздары Алғыс хатпен марапатталып, оларға сый-сияпат тарту етілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар