Тіл ғылымының маманы

Тіл ғылымының маманы
Ашық дереккөз
Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, доцент Алмасбек Белботаевтың 75 жылдығына орай, «Қазақ филологиясының өзекті мәселелері және цифрландыру кезеңіндегі IT-лингвистиканың зерттелуі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алғашқы құттықтау сөз Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбековке берілді. Пленарлық мәжілістің баяндамашыларына ақ жол тілеп, ғылымдағы соңғы жаңалықтармен таныстырып өтті.

Конференцияға Қазақстанның түрлі университеттері мен мектептерінен 150-ге жуық ғылыми мақалалар мен баяндамалар келіп түскен.

Жиынға алыстан ат арылтып келген Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Захардин Қыстаубайұлы және жазушы, журналист Нұридин Шамшиұлы мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.

– Алмасбек Батанұлы, сізді 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздің ғылымдағы еңбектеріңізбен жақсы таныспыз. Олар мұғалімдер үшін де, студенттер үшін де таптырмас еңбекке айналды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып жатқан жас ғалымдар өзекті әрі қызықты ақпараттарға ие болады деп сенеміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Нұридин Шамшиұлы өз сөзінде.

Конференция барысында баяндамалар ғана емес, әріптестердің филологқа деген құрметі, ұстаздың шәкірттерімен сыйластығы сөз болды. ХТИИ студенттері мерейтой иесі туралы шағын бейнесюжет дайындап, жиынға қатысушылар назарына Алмасбек Батанұлы туралы толық ақпарат ұсынды.

– Тіл білімі барлық ғылымдармен, әсіресе математика және кибернетикамен тығыз байланысты. Лингвистика математикалық статистика әдістерін қолдана отырып, машиналық аударма мәселелерінде математикамен шектеседі. Сонымен қатар, кибернетика – бұл тірі организм. Мұны көпшілік біле бермейді. Техника мен адам тілінің қарым-қатынас процестерінде бірқатар ерекшеліктер бар. Сондықтан, оқыту мен басқару белгілі бір дәрежеде лингвистикаға байланысты. Ғылым электронды машинаның механикалық құрылымы бар екенін дәлелдеп, анықтады. Оның функциялары адам миына ұқсас. Сондықтан, тіл ғылымға, техникаға және басқа да салаларға ауадай қажет. Біздің басты міндетіміз – қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру. Біз осы деңгейге жеткенше жұмыс істейміз, жас ғалымдарға өз зерттеулерімізді жалғастырудың жолдарын нұсқап, үлгі көрсетеміз, – деді Алмасбек Белботаев.

Пленарлық мәжіліске қатысқан зиялы қауым өкілдерін Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты «Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар» басқармасының басшысы, профессор Латифа Сейдахметқызы, «Педагогика» факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты Әдемі Еркебайқызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент Рабиға Беркенова І дәрежелі дипломдармен, сертификаттармен марапаттады.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар