Киікоты – биіктігі жетпіс сантиметрге дейін жететін көпжылдық өсімдік. Ол мамыр айынан бастап, тамыз айына дейінгі аралықта гүлдейді. Қазақтың халық медицинасы бұл өсімдікті ерте кезден-ақ жүрек, асқазан ауруларын емдеу үшін қолданып келді. Тіпті орта ғасырдың белгілі ғалымы Авиценна өсімдіктің бүгінде бунге киікоты деп аталатын түрінің шипалық қасиетін жоғары бағалап, оның жапырақтарын іріңді жараларды емдеуге пайдаланған деседі.
Ал заманауи медициналық зерттеулер киікотыдан жасалған дәрілік заттар мен тұнбалардың қан қысымын төмендететін, жүрек тұсының ауырғанын басатын, ұйқыны реттейтін қасиеттері бар екендігін анықтаған. Осыған байланысты соңғы кездерде инфаркті, атеросклерозды, гипертонияны және асқазан ауруларын осы өсімдікпен емдеу арқылы өте жақсы нәтижелерге жетуге болатыны белгілі болып отыр. Сондықтан дертіне дауа іздегендер киікотыны кептіріп, шай күйінде де ішіп жатады.
Сонымен қатар, киікотының қадір-қасиетін жеке танығандар оны қымыз дайындау ісінде де кәдеге жаратады. Тек бұл әдісті білетіндер қатары бүгінде аса көп емес. Тіпті кейбірі кәріқұлақ қариялардан шөптің шипалық қасиетін естіп білгеніменен, оның түр-түсін ажырата алмайды. Атауынан ақбөкендердің азығы екендігін айшықтайтын емдік шөп бүгінде тау баурайының тек тастақты бедері мен сайлардың күнгей беткейінде өседі. Тиісінше, мұны тек осы аймақтағы малшылардың ғана көретіндігін болжай беруге болады. Биосферадағы мұндай популяцияны заңғар жазушы Шерағаң өзінің «Киікотын көксеу» атты шығармасында: «Енді жан- жануарларды қойып, өсімдік те тауға қарай қашатын болыпты. Киікотының шипалы қасиетін біліп алған келімсектер оны баудай түсіріп, отап жатыр екен», деп жазады. Сол арқылы ол заңсыз броконьерлердің қатыгездігі алдымен киік санын азайтып, жердің де отын қашырғандығын жеткізеді. Ал осы шөп түрін жылқы бағып, бие сауғандар қымыз дайындауда қалай пайдаланады дерсіз?
Киікотыны бие байлап, қымыз сауатындар күбі ыстағанда пайдаланады. Ол үшін арнайы жерошақ қазылып, соған ағаш күбі төңкеріле қойылады да, астына кептірілген киікоты тасталып, от жағылады. Сол арқылы өсімдіктен шыққан түтін ысы ағаш күбіге сіңеді. Ал кейіннен бұл ыдысқа жаңа сауылған бие сүті мен ашытқы құйылады. Мұнда тіпті, кейбірі қойдың құйрық майын да салып жатады. Осылайша, емдік күші мен дәмі өзара шебер үйлесім тапқан табиғи сусын әзірленеді.
Қазақы колориттің, иен даланың бөлінбес бөлшегіне айналған киікоты туралы жазушы Мархабат Байғұт та орамды ой қозғайды. Ол «Арқадан қашып, тау мен тастан пана тапқан» киікотын ұлттық құндылықтарымызбен қатар қойып, ұлтынан алысқа ұзаған ұстанымдар жайында тебіренеді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді