«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халық даналығы. Бұл қанатты қағида қай заманда да өз құндылығын жойған емес. Атадан балаға қанмен беріліп, ананың ақ сүтімен бойға дарыған осы қасиет, қайырымдылық, адамның адамға һәм айналасына, өскен өлкесіне деген кіршіксіз көңілі, таза ниеті, риясыз сүйіспеншілігі бүгінгі буынның, келешек ұрпақтың да жарқын болашағын жақындатқан шамшырағы іспетті. Оған соңғы жылдары қазақилықтың қаймағы бұзылмаған, қазақ хандығының алтын қазығы қағылған киелі Әулиеата жерінде бастау алып, қарашаңырақ – қастерлі ауылдардың ажарын арттырған «Жомарт түлек» жобасы айқын дәлел бола алады.
Қаймана халық өзінің тағдырлы тарихында қаншама нәубетті, қиындық пен зұлматты бастан кешсе де тектілігінен тамыры ажырамай, қайырымдылық жасаудан қол үзген емес. Ал, еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген уақытта бұл ізгі қасиет еселеп арта түсті. Бұған қазыналы қарияларға, ана мен балаға мемлекеттің үздіксіз қамқорлығын, оған қоса ел арасындағы атымтай жомарт азаматтардың демеушілігімен жасалып жатқан ілкімді істерді дәйек етсек те дәлел бола алады.
Халықтың қалыбынан шығып, қалтқысыз қызмет етуді парыз санайтын әрбір азамат үшін тектіліктің тереңінен нәр алатын қайырымдылықты қазақ қауымынан ажырамас қасиет екенін және болашақтың рухани бағдаршамы боларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сөзіне арқау етіп: «Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі, біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет... «Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды іс. Бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті» деп айшықтап айтқан болатын. Президенттің бұл сөзі қазақ халқының рухани құбыласына айналған хакім Абайдың «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген терең мағыналы ұлағатымен астасып жатқаны айтпасақ та түсінікті.
Осы ретте түлектерді туған жермен қауыштырған «Жомарт түлек» атты игі жобаның республика бойынша тұңғыш рет Әулиеата топырағынан бастау алғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл бастаманың, расында мәні терең, маңызы бөлек. Өйткені, елдің өркендеуі мен дамуы жолына ерекше атсалысып, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп жүрген түлектеріміздің жетістіктері – туған жердің топырағымен тамырлас. Нәтижесінде еңбек ерлері, мемлекет қайраткерлері, мәдениет саласының майталмандары, спортшылар, ұстаздар мен кәсіпкерлер ел аумағынан ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерден де туған жермен байланыс орнатты.
Заманауи тұрғыда «ЖамбылТүлек.kz» сайты құрылып, оған ә дегеннен жүз мыңнан аса түлек тіркелді. Облыс әкімдігінің қолдауымен республикалық түлектер форумы ұйымдастырылды.
Жобаның алғашқы жылдарынан-ақ, түлектер тарапынан 75,9 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетілді. Тараздағы мектептердің базасынан арнайы «Түлектер орталығы» ашылды. Барлық мектептердегі «Түлектер тақтасы» қайта жаңартылды.
Ал, аудандарда түлектердің қолдауымен 73 елді мекенде жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жобаның іске асуына серпін сыйлады.
Расында өсіп-өнген өлкесіне қолдан келгенше көмегін беріп, бір тал ексе де қарайласып жүрген түлектердің игі ісі еріксіз көңіл қуантады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өңір мектептерін 400 мыңға жуық түлек бітірсе, соның 71 454-і Тараз қаласына тиесілі.
«Түлек жолы», «Белсенді түлек» кіші жобалары аясында, жоба бастау алған 2021 жылдың өзінде мыңнан аса түлекпен білім ошақтарында кездесулер ұйымдастырылды.
Түлектер мектептерге жалпы 50 миллион теңге көлемінде демеушілік көмектер көрсетті. Атап айтсақ, барлық мектептердің ауласында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, декоративті, жеміс ағаштары және гүлзарлар отырғызылды, мектеп кітапханаларына көптеген әдеби кітаптар, оқу-әдістемелік құралдар сыйға тартылды, мектептердің мәжіліс залдары безендірілді, робототехника құрылғылары мен музыкалық аппаратуралар алынды, зертханалық кабинеттерді жабдықтау, рәміздер бұрышын жаңарту және басқа да көмектер көрсетілді.
Міне, осылайша «Жомарт түлек» жобасы ел егемендігін алған аумалы-төкпелі жылдардағы экономикалық байланыстармен, сан саланың күре тамырларымен бірге туған жер және ұрпақтың арасында үзіліп қалған үмітті қайта жалғап берді.
Ең қуанарлығы, облыс әкімдігі тарапынан басымдық беріліп, басталған ізгі іс бүгінгі таңда ел арасында өздігінен белсенді қарқын алып, ауыл-ауылдарда жемісті жалғасын тауып жатыр. Мәселен, Қордай ауданындағы Қаракемер ауылының тумасы Қайрат Молдасейітовтің есімі ауылдастарына етене таныс. Себебі, ол бұған дейін де ауылына қайырымдылық жасаудан немесе ауылдастарына көмек қолын ұсынудан алдына жан салған емес. Атымтай жомарт дәл бүгін мемлекеттің емес, өзінің жеке қаражаты есебінен ауылына үлкен жабық футбол алаңын сыйға тартып отыр. Былтыр қараша айында құрылыс жұмыстары басталған нысанның жалпы құны 300 миллион теңгеге жуық. Қазіргі таңда бұл нысан толығымен аяқталып, соңғы қоңырау сыңғырымен бірге өскелең ұрпақтың игілігіне берілуде. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжановтың айтуынша, спорт нысанында алдағы уақытта футбол, волейбол үйірмелері ашылатын болады. Ауылына ғана емес, барша қордайлықтарға қайырымды ісімен үлгі болған Қайрат Молдасейітов халық игілігі үшін жасаған еңбегі ел аузында. Өзінің туған жері, осы Қаракемер ауылына заманауи спорт кешенінен бөлек 110 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория және мешіт салып бергені де ел есінде, жұрт жадында.
Дәл сол секілді Жамбыл ауданына қарасты шағын ғана Еңбек ауылының тумасы, «Аса Даму» құс фабрикасының басшысы Үсен Құрманбеков те 150 миллион теңге жеке қаражатына ауыл тұрғындарына арнап спорт кешенін салып жатыр. «Жасаған жақсы істерін жарнамалағанды немесе жария еткенді аса қаламайтын, қарапайым азамат Үсен Құрманбековтің ауыл тұрғындарына арнап жеке қаражатына соқтырып жатқан спорт кешені бәріміздің қуанышымызға айналды. Кезінде ауылдағы шағын футбол алаңын да осы Құрманбековтер отбасы тарту еткен болатын. Фабриканы соғу мақсатының өзі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, ауылдағы жұмыссыздықты жою болып еді. Бүгінде жүз түтіні бар ауылда бір құс фабрикасы, орта мектеп, медпункт, клуб және 64 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Осындай азаматтар барлық ауылдарда кездесетінін білеміз. Елім деген осындай жомарт азаматтарымыз көп болсын», – дейді Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров.
Сол секілді Шайдана ауылының мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған азаматтары кіре беріске арка салып, сәнді саябақтың құрылысын жүргізіп жатыр. «Ауылдан артық кіндік қаны тамған азамат үшін ыстық жер бар ма екен. Қайда жүрсек те ауылға деген сағыныш адам баласынан алыстамайды. Ауыл көркіне үлес қосу үшін білім ұясын осыдан 20 жыл бұрын аяқтаған сыныптастарымызбен бірлесіп, келген қонақтар бір сәт сергіп, демалуы үшін ауылға кіре бергенде көзге көрінетін арка маңынан саябақ салып жатырмыз. Ай соңына дейін аяқтау ниетіміз бар. Құрылыс жұмыстарына 2 миллионнан астам қаржы кетеді. Мұнда орындықтар, көлік тұрағына орындар қарастырылған. Бастысы бұл өзіміздің қалауымыз, ортақ шешіміміз», – дейді ауыл тұрғыны Жәлел Қасықбаев.
Оған қоса Талас ауданынның Ақкөл ауылындағы мектеп түлектері ауылдың төлқұжатын жасап беріп отыр. «Ақкөл ауылындағы екі мектептің, бірі Ыбырай Алтынсарин мектебі, екіншісі Ақкөл орта мектебінің балалары бірігіп, ауылымызды көркейту мақсатында, біржағы түлектерден сый ретінде Ақкөл ауылының төлқұжатын жасадық. 2 миллионнан астам қаржы кетті. Жалпы, бұл жылда 20, 30 жылдық түлектер арасында эстафета іспетті қалыптасқан дәстүр деп айтуға болады. Бір жағы ауылдың көркі, сәні болса, екінші жағы өзімізден кейінгі өрендерге үлгі-өнеге боларлық игі шара деп түсінемін. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – дейді ауыл тұрғыны Ерімбет Досалиев.
Міне, ауылына қарап, азаматын таны деген осы. Біз айтып өткен түлектер тартуы аймақта атқарылып жатқан ауқымды істердің бір парасы ғана. Мұндай ізгіліктер әрбір ауданда игі жалғасын тауып жатыр. Әлі де жалғаса беретініне сеніміміз мол.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңа мектеп пайдалануға берілді
- Бүгін, 00:07
Франция сапары: стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі
- 6 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді