«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауласын бақшаға айналдырған қария

Ауласын бақшаға айналдырған қария
Ашық дереккөз
«Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады», «Еңбектің наны тәтті» дейді қазақ даналығы. Осындай бағаға лайық, еңбексіз бір сәт отыра алмайтын еңбекқор жандардың әр қимылы қуантады. 86 жасында еңбектен қалмай, су суарып, бақша баптап жүрген Талас ауданының Құрметті азаматы Садық Сәрсенбековтың бағбандығына таңданасың.

Садық Сәрсенбеков кезінде Талас ауданында «Аққұм» кеңшарының директоры болған. Кәдімгі партияның пәрмені жүріп тұрғанда, кеңшарлардың айы оңынан туып тұрған кезінде бір үлкен шаруашылықты дүрілдетіп басқарған. Жай жетекші болып жүре бермеген, ол басқарған кеңшар аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатарға шыққан. Себебі, бұрын аудандық деңгейде жоғары лауазымды қызметтер атқарған, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған Сәрсенбековтың тәжірибесі жоғары болатын. Кеңшардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жоғары көтергені өз алдына, Садық Сәрсенбекұлы беріректегі жаңаша көзқарастың бағытын, нарықтың талабын да бек түсінді.

Сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында Тараз қаласына қоныс аударған оның мамандығы инженер-механик болғанымен, егіншіліктің жағдайын да бір кісідей білетін еді. Қазіргі таңда ауладағы 10 сотық жерге жеміс-жидек, бақша дақылдарын өсіре бастады. Сол ауладан құдық қаздырып, моторлы аппаратты қосып, әлгі бақшалықты қалаған кезінде суара алатын мүмкіндік алды. Қазіргі таңда бақшалықтың ыңғайлы жерінде екі түп алма, үш түп алмұрт, үш түп қара өрік, сары өрік, жүзім ағаштары өсіп, жеміс салып тұр. Жеміс талдардан төгіліп түсіп жатқан тәтті жемістерді немерелері теріп, жинап алып жатыр. Келіндері әлгі жемістерді ұқсатып, қысқа дайындық ретінде жауып алады. Базардан сатып алсаң, сонша килограмм жеміске қып-қызыл ақша төлейсің. Ал мұнда бәрі тегін. Мұнан бөлек, қызанақ, картоп, асқабақ, қияр, жүгері де жайқалып өсіп тұр. Бұл өнімдер де үш-төрт отбасына жетерліктей мол. Оның үстіне дәрі қосылмаған табиғи өнім. Оған тәтті қауын мен бал татыған қарбызды қосыңыз. «Осы жаста атамның бақша өсіріп жүргенін қара. Біз өсіріп, атаға жемісін жегізуіміз керек қой негізі», – деп қояды кейбір қыздары мен келіндері. Ақсақал немере, шөберелерінің өзі өсірген жемісті жегеніне мәз. Қарияның үйіндегі Әлия әжеміз де мұны құп көреді. «Бұл жерде табыс табайын деген ниет жоқ. Біріншіден, бос жатқан бақшаны игеру, екіншіден өзіме қимыл-қозғалыс, үшіншіден, немерелерімді еңбекке баулу. Әсіресе, Димаш деген немерем үнемі қасымда жүріп көмектеседі. Алла күш-қуат берді. Сол аздаған сергек қалпымды осындай игі іске арнап жүрмін», – дейді ақсақал. Тараз қаласы.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар