«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балабақша бағасы неге қымбат?

Балабақша бағасы неге қымбат?
Соңғы бір жылда қазақстандықтардың білім алуға жұмсалатын шығындары 29,1 пайызға артқан. ҚР Ұлттық Статистика Бюросы жүргізген зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, 2023 жылы бір отбасының ақылы білім беру қызметтеріне және соған байланысты өзге де қызметтерге төлейтін қаражаты ай сайын орта есеппен 78,6 мың теңгені құраған.

Статистка бюросының әдістемесіне сәйкес іріктемелі зерттеулер еліміздің барлық ірі қалалары мен аймақтарында жүргізіледі. Сауалнама 12 мың отбасын құрайтын бақылау тобына ғана жүргізіліп, нәтижесі жалпы халыққа ұсынылып отыр.

Әр отбасындағы бала саны әртүрлі болғандықтан, ұсынылған мәліметтерді әрбір отбасы үшін бірдей деп санауға болмайды. Дегенмен, зерттеулер салыстырмалы түрде ай сайын жұмсалатын шығындарды есептеуге көмектеседі.

Қазақстандықтардың білім беру қызметтеріне жұмсаған қаражаттарының көрсеткіші пандемия кезіндегі сәтсіздік пен қашықтықтан оқытудан кейін айтарлықтай өскенін көрсетеді. Өсімге инфляция ғана емес, азаматтардың белгілі бір қызмет түрлеріне жұмсайтын шығындарының артуы да әсер етіп отыр. Атап айтқанда, 2023 жылғы шығыстардың үлкен үлесін балабақша шығындары (31,1 пайыз) құраған. Бұл баланың мектепке дейінгі мекемеде тамақтануы үшін төлемге емес, балабақшада жүретін жалпы уақытына арналған шығын. Көрсетілген деректер ата-аналардың балаларын балабақшаға беруде үлкен мәселе барын ашық көрсетіп берді. Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің 2024 жылғы сәуірдегі жалпылама мәліметтері 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 91 пайызды құрайтынын көрсеткен.

Өңірлерде балабақшадағы орындардың жақсы қамтамасыз етілуіне байланысты бұл орташа республикалық көрсеткіштен мегаполистердегі орын тапшылығы білінбейді. Мәселен, елордада өткен жылы 45 мың кішкентай қазақстандық кезекке тұрған. Жекеменшік балабақшаларды мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасына қарамастан бұл тізімнің соңы көрінер емес.

Тиісті басқарма осы жылдың бірінші тоқсанында Астанада 125 балабақшаның ашылғанын хабарлады. Бірақ, шенеуніктердің күш-жігері мәселені түбегейлі шешуге және барлық балаларды (оның ішінде жекеменшік балабақшаларға баратындарды) мектепке дейінгі тегін біліммен толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Мектепке дейінгі тәрбиеге қомақты қаржы жұмсайтын отбасылардың негізін жекеменшік балабақшаға баратын балалардың ата-аналары құрайды.

Материалды дайындау барысында Алматы мен Астана қалаларындағы мемлекеттік субсидия алатын жекеменшік балабақшаларға балаларды орналастыру шарттарына көз жүгірттік. Анықталғандай, субсидияның арқасында ата-аналарға төленетін төлемақы 20 мың теңгеге арзандағанымен, қалған коммерциялық бөлігін төлеуге мәжбүр. Мысалы, Алматы үшін бұл сома 60 мыңнан 110 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Алайда, көрсетілген сомалар балабақша тапшылығы бар мегаполистердегі бағамен сәйкес емес. Ірі қалаларда кей балабақшалардың бағасы бұдан да қымбат. Мектепке дейінгі жекеменшік мекемелердің сайттарындағы ашық деректерге сүйене отырып, айына 200 мың, 300 мың теңге төлейтін (жылына 3,6 млн. теңге) балабақшалардың бар екеніне көз жеткіздік. Бұл сомаға тәрбиешілер баламен ағылшын тілінде сөйлесіп, қосымша сабақтар өткізіп, олардың ерекше талантын ашуға күш салады мыс.

Жамбыл облысындағы аудан тұрғындары балаларын мемлекеттік балабақшаға беру үшін айына 8500 теңгенің көлемінде ақы төлейді. Ал, ақылы балабақшалардың қызметі 15 000-нан басталады. Айына әр бала үшін 30 000 теңге төлейтін отбасылар да бар. Кейбір балабақшалар бір үйден екі бала келсе жеңілдік жасайды. Ал, жекеменшік мектептерге ата-аналар ай сайын 40 000 – 60 000 теңге аралығында төлейді. Бұл сомаға баланың үш мезгіл тамағы, үйірмелер кіреді. Оқушылар үй жұмысын мектепте орындайды. Сөмке арқаламайды. Ата-аналар көбіне осындай қолайлы жағдай үшін де балаларын ақылы мектепке беруге тырысады.

– Екі балам ақылы жекеменшік балабақшаға барады. Әрқайсына ай сайын 22 000 теңге, жалпы 44 000 теңге төлеймін. Сондай-ақ, екеуіне 5000 теңгеден шахмат және би үйірмелеріне қосымша төлеймін. Сонда екі балаға ай сайын 54 000 теңге жұмсаймыз. Балалар бақшада бес мезгіл тамақ ішеді. Ата-ана ретінде көңілім толады, – дейді ата-ана Динара Құрманалиева.

Өткен жылы білім алуға кететін шығындардың ауқымды үлесін (22,9 пайыз) формаға тапсырыс беру, оқулықтар сатып алу, бастауыш және орта білім беру ақысы және одан да басқа шығындар құраған. Бұл тізімнің кейбіреулері ата-аналардың мәжбүрлі шығындары. Педагогикалық кәсібиліліктің төмендігі, баланың оқу үлгерімінің нашарлығы, орта мектептердегі білім сапасына қанағаттанбау кейбір ата-аналарды қосымша мұғалім жалдауға немесе баланы жекеменшік мектепке ауыстыру туралы шешім қабылдауға мәжбүр етеді. Бұл қызметтердің қай-қайсы да арзан емес. Салыстыру үшін мегаполистердегі бағаны алып көрдік. Ірі қалаларда облыстарға қарағанда балабақшалар мен мектептердегі орын мәселесі күн тәртібінен түспейді. Оқушының жеке білім беру ұйымында күн ұзаққа білім алуы Алматы мен Астана тұрғындарына айына 65-100 мың теңгеге есептеледі. Жекеменшік мектепке бару қымбатырақ, айына 200 мың теңгеден немесе жылына 2,5 миллион теңге.

Бір қызығы, отбасы шығындарының ішінде жоғары оқу орындарына төленетін ақы балабақша мен мектеп шығындарына қарағанда пропорционалды түрде аз. «Студенттік» шығыстардың үлесі небәрі 16,2 пайызды құрайды. Кейбір жекеменшік балабақшалар мен орта немесе элиталық мектептердің шығындарымен салыстырғанда, ақылы студенттік білім ата-аналар үшін арзанырақ. Ұлттық университеттерде биылғы оқу жылындағы оқу ақысы 1 миллион теңгеден басталады.

Қазақстандықтардың шын мәнінде мемлекет тегін көрсетуі тиіс білім беру қызметтерінен бас тартып, ақылы білім алуға белсене кірісе бастағаны да жалпы білімнің қолжетімділігі мен сапаға қатысты біршама мәселе бар екенін айқындап отыр. Бұл бюджет атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бұйрығымен жүргізілген сауалнамалар арқылы расталған мәлімет. Өткен жылы Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі және орта білім беру сапасына азаматтардың қанағаттанушылық деңгейі 65,4 пайызды құраған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 1 пайызға ғана артқан.

2023 жылғы көрсеткіштерде Қазақстандағы мектепке дейінгі және орта білім берудің сапасы мен қолжетімділігінің негізгі бағасы он балдық шкала бойынша 7,8-7,9 балды құрайды. Сонымен қатар, ақылы білім алуға мүмкіндіктері жоқ орта тап пен аз қамтылған қазақстандықтар жағдайды қанағаттанарлықсыз деп санайды. Олар қолжетімділік пен сапаны 5-7 ұпаймен бағалайды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

 

 

Ұқсас жаңалықтар