«Отау» бағдарламасымен баспаналы болыңыз!

«Отау» бағдарламасымен баспаналы болыңыз!
ашық дереккөз
«Отау» бағдарламасымен баспаналы болыңыз!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар, сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады», – деген болатын. Әр мемлекеттің өз стратегиялық мақсаттары мен міндеттері бар. Қазақстан үшін әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтарды қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. «Отбасы Банк» АҚ – еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ал, аталған жинақ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тарту және оларға тұрғын үй заемдарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Отбасы банк 1 наурызда елімізде баспана алудың жаңа жобасы – «Отау» бағдарламасын іске қосты. Сол күннен бастап 30 сәуірге дейін қазақстандықтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысуға өтініштер бере бастады. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін баспана сатып алудың қосымша құралы. Ол қазақстандықтар арасында үнемдеу мәдениетін нығайтуға әрі арттыруға арналған. Себебі, ең үнемшіл салымшылардың төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша заем алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінде салым жинақтау бірнеше жылдан кейін заем бойынша мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл мүмкіндік «Отбасы банк» клиенттеріне «несиеден шаршауды» болдырмауға көмектеседі. «Отау» бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, «Отбасы банкінің» салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жыл сайын заемдардың жартысынан астамы 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға кредит беруге бөлінетінін білдіреді. Жыл сайын банк қаржыландыруға 150 миллиард теңге бағыттайтын болады. Бұл ақша «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен бөлінеді, сондай-ақ қазақстандық қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отыр. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде «Отбасы банк» 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеспек.

БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?

Банк өкілдерінің хабарлауынша, біріншіден, аталған бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Бұл ретте үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы және өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауы тиіс. Бағдарламаға жасы 18-ден 63 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Тек олардың соңғы алты айда тұрақты табысы болуы, ал бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы шарт. Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда, аталған қалаларда тұрақты тіркеуі болуы қажет.

ҰПАЙЛАР ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?

Тұрғындардың өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Ұпайлар қалай есептеледі? – Салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1000 теңгеге 5 балл; салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл; тіркелген неке үшін – 10 балл; балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балл. Егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, оны сатып алуы керек. «Отау» бағдарламасын іске асырудың барынша ашықтығы үшін оның қатысушыларының тізімі (заем алушылардың келісімімен) «Отбасы банкінің» сайтында жарияланатын болады. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында таныса алады, – дейді «Отбасы банк» АҚ Жамбыл филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейрманова.

ЗАЕМ КӨЛЕМІ ЖӘНЕ БАҒДАРЛАМА ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

«Отау» бағдарламасы бұған дейін ел арасында «9-20-25» деген атаумен белгілі еді. Енді атауы өзгергенімен, негізгі шарттары сол күйінде қалады. «Отау» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесі 9 пайыз болады. Бастапқы жарна 20 пайыз, ресімдеу мерзімі 19 жылға дейін. Астана мен Алматыдағы заемның ең жоғары сомасы 30 миллион, қалған өңірлерде 18 миллион теңгеге дейін. Енді баспанаға қойылатын талаптарға келсек, бағдарламаның шарты сол, банк беретін сомаға кез келген үйді ала алмайсыз. Мәселен, Тараз қаласында алғашқы нарықтағы пәтерді ғана алу қарастырылған. «Бағдарламаға қатысушы жаңа тұрғын үйді Баспана маркет порталынан ғана сатып ала алады. Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған», – дейді Жұлдыз Жарылқасынқызы. Ал, шағын қалалар мен аудан, ауылдарда екінші нарықтағы баспаналарды банк мақұлдаған жағдайда «Отау» бағдарламасы аясында ипотекаға ресімдеуге болады. Атап өтерлігі, Отбасы банк 18 миллион теңгеге дейінгі соманы баспана сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде аударған кезде ғана береді.

7 ПАЙЫЗДЫҚ ЖАҢА БАҒДАРЛАМА БАСТАЛАДЫ

Бүгінде елімізде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға ден қойылғаны белгілі. Мемлекет тарапынан оларға қолайлы жағдай жасау үшін түрлі жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асуда. Олардың қатарында «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламалар бар. «Отбасы банк» арқылы берілетін мұндай ипотекалардың талаптары екінші деңгейлі банктердің қалауына қарағанда әлдеқайда тиімді. Бастапқы жарнасы да, пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Жаңадан бастау алған «Отау» бағдарламасын да солардың қатарына жатқызуға болады. Тағы бір жағымды жаңалықты 2 сәуірде өткен Үкімет отырысында Индустрия және құрылыс министрі айтты. Қанат Шарлапаев 1 мамырдан бастап Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы басталатынын, «Отбасы банк» қазіргі таңда жаңа бағдарламаға 300 миллиард теңге көлемінде қаражат тартып жатқанын хабарлады. «Бұл – бағдарламаның жалпы көлемі. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көрсеткіш 7 пайыздан аспайды. Бағдарлама 1 мамырдан басталады, сол кезде біз барлық шартын толық жариялаймыз», – деді министр. Оның айтуынша, бағдарламаның шарттарын сәуір айының ортасында «Отбасы банк» өкілдері түсіндіріп береді. Еске сала кетсек, 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отау» бағдарламасына қосымша ретінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын тағы бір жеңілдігі бар ипотеканы іске қосу керегін мәлімдеген болатын.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар