Отаншылдық тәлімнің берері мол
Патриотизм – санада біртіндеп қалыптасатын, үздіксіз тәрбиенің нәтижесінде орнығатын күрделі сезім. Патриотизмге тәрбиелеу ісі – әуелі жастардың сана-сезіміне, одан соң іс-әрекетін ұйымдастыруға ықпал етуден басталатыны белгілі. Осы мәселені тарихи- педагогикалық тұрғыда зерттеудің маңызы зор. Бүгінгі күні ғылыми еңбектерде «қазақстандық патриотизм» ұғымы кеңінен әрі жан-жақты зерттелуде. Бұл қазіргі қоғамда қалыптасқан патриоттық сананың үш түсінігін білдіреді. Біріншісі – ұлттық-этностық, екіншісі – жалпы адамзаттық, үшіншісі – әлеуметтік. Енді осы аталған түсініктердің әрқайсысына тоқталатын болсақ, ұлттық- этностық түсінік – бұл ұлттық намыс сезімі. Ол Отанға деген, ұлт мәдениетіне, тіліне деген сүйіспеншілікті білдіреді. Патриоттық сана – отандық атрибуттардың жалпы санада бейнеленуінің нәтижесінде қалыптасады. Отан деген ұғымға белгілі бір жеке адамның, адам топтарының, жалпы халықтың ден қоюшылығы мен қажетсінуі тұрғысынан қарағандағы шынайы маңызы бар қоғамдық тұрмыстың элементтері кіреді. Патриоттық сана дегеніміз – Отанға деген ізгілікті қарым- қатынаспен байланысты идеялар мен көзқарастардың, Отанды қорғау мен дамытуға бағытталған адамдардың, әлеуметтік не ұлттық топтардың сезімдері мен көңіл-күйлерінің басқарылатын күрделі жүйесі.
Патриоттық қасиет–қоғамдық ой-сана керуенінің ерекше бір бөлігі. Сондықтан ол қоғамдық ортаның даму үдерісіне сай әртүрлі мазмұнда көрініс береді. Олай болса, патриотизмнің табиғи тамырларына, оның тарихи кезеңдеріне тереңірек назар аударғанымыз жөн. Патриотизм азаматтың, қоғамның, мемлекеттің ортақ күш-жігеріне келіп саяды. «Қазақстан – өз Әнұраны, Елтаңбасы, Туы, жері бар мемлекет» деген ұғым қоғамда түпкілікті қалыптасуы керек және оны сүю, қорғау – осы қоғамда өмір сүріп жатқан барша адамның міндеті.
Қазақстан қоғамындағы жасөспірімдер арасындағы «патриотизм» ұғымының мәселесіне тікелей қатысты басты-басты ойларға тұрарлық мына мәселелерді атап өтуге болады. Олар–прагматикалық құндылықтарға негізделген батыстық өркениетке, батыстық мәдениет үлгілеріне талғамсыз еліктеу, идеологиялық, ақпараттық экспанцияның зардаптарын алдын ала ескермеу және оларға қарсы тұрудағы құлықсыздық пен шарасыздық, ұлттық идеяға негізделген сындарлы идеологиямыздың болмауы, мектептің тәрбие жүйесінде стратегиялық көзқарастың болмауы, оған тиісті көңіл бөлінбей қосымша міндет деп қарау, тәрбие жүйесінің ғылыми әдіснамалық, педагогикалық психологиялық және рухани әлеуметтік негіздерінің осалдығы, тәрбие мәселесіндегі отбасының, социумның, қоғамның рөлінің төмендеуі, өзімізде барды бағаламай еліктеп-солықтау секілді басқа да жағдайлар.
Қазақстандық патриотизм – Отан-Анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім мен білікті, ақыл-парасатты ел игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнау. Өз елінің өткенін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек. Қазақстандағы патриотизм ұғымы – халықтың патриоттық рухын, сана- сезімін қалыптастыруда, сақтауда діни факторлардың рөлімен сәйкес келеді. Бұған да қазақ жерінде көптеп кездесетін петроглифтер дәлел бола алады. Мысалы, Алматы облысының Қапал ауданындағы Баянжүрек тауында табылған ежелгі адамдардың жартасқа салған суреттері. Солардың бірінде басы күн сәулелі адам бейнеленген.
Осындай бабалардан қалған ізбен өнегелі істерді үлгі ете отырып, жас ұрпақты патриоттық негізде тәрбиелеуді білім беру саласында да жүзеге асырып келеміз. Өзім қызмет ететін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде тек кәсіби білім берумен шектелмей, әскери тәрбиелеу де жүзеге асырылады. Сол арқылы Отанын қорғауға, мемлекетіне адал қызмет етуге дайын жастарды баулуды мақсат етеміз. Қорыта айтқанда, отаншылдық тәлім беру – білім мен тәрбиенің ең басты қайнар көзі, кәусар бұлағы.
Мұхтар АБУ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді