«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағыты айқын бизнеске қолдау бар

Бағыты айқын бизнеске қолдау бар
ашық дереккөз
Бағыты айқын бизнеске қолдау бар
Өз кәсібін жүргізіп, отбасына табыс түсірумен қатар, ел экономикасына үлес қосатын шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Осы қолдау іс-шараларында биыл бірқатар өзгерістер бар. Айта кетейік, биылғы өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік гранттар алуға конкурстық іріктеудің қатысушысы болып, тек әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы ұсынылған өтінімге байланысты 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерді құрайды. Грантқа ие болған кәсіпкерлер мемлекеттік грант қаражатын келесідей мақсаттарға пайдаланады. Яғни, тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу, жаңғырту, реконструкциялау, күрделі жөндеу), шикізат пен материалдарды сатып алуға қолданады. Сондай- ақ, материалдық емес активтерді, технологияны, сатып алуға, кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алуға жұмсайды. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарына және жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстарға пайдалануға көзделген. Мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Кәсіпкердің бизнес-жобаны іске асыру мерзімі грант беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 18 айдан аспауы тиіс. «Даму» қорының Бірыңғай кешенді бағдарламасы арқылы берілетін «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» құралында да өзгерістер орын алды. Жаңа субсидиялау бағыттары микро және шағын кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлік, шағын орта және ірі кәсіпкерлік, моно және шағын қалалардағы, ауылды елді мекендердегі кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік, қор биржасында (KASE, АХҚО) ашылды. 2019 жылы Мемлекет Президентінің Жарлығымен Қазақстанда тексерулер және профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізілген болатын. Биылдан бастап елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулермен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий мерзімі аяқталды. Тексерулерді жүргізу тәртіптері жөнінде де айта кетелік. Барлық тексеру Кәсіпкерлік кодексінің 141-бабында көрсетілген тәртіппен өтуі керек. Яғни, кәсіпкерлер тізімі алдын ала бекітіледі, Бас прокуратура жанындағы Статистика департаменті оның заңдылығын тексереді. Кәсіпкердің өзіне 1 ай бұрын хабарлама жіберіліп, тексеру негіздемесі көрсетілуі қажет. Кәсіпкерлік субъектісінің қатынастарында бақылау органдарының лауазымды адамдары тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 175-бабында лауазымды адамға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда 25 айлық есептік көрсеткіш айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыс бойынша департаментінің мәліметтері бойынша 2021 жылы мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге қатысты 1182 тексеру жүргізген. Оның 405-і шағын кәсіпкерлік объектілеріне қатысты болса, 442-сі орта және 335-і ірі кәсіпкерлікте болған. 16 заңсыз тексеру анықталды және 4 тексеруді тіркеуден бас тартылды. 2022 жылы мемлекеттік органдар 1077 тексеру жүргізіп, департаментпен 4 заңсыз тексеру анықталды. Ал, өткен жылы мемлекеттік органдар тарапынан 843 тексеріс болған. Департаментпен 5 заңсыз тексеру анықталды және 2 субъектіге қатысты тексерулерді тіркеуден бас тартылды. Мораторий кезеңінде 3 жылдағы статистикадан 2023 жылы шағын бизнеске қатысты тексерулердің ең көп саны тіркелгенін байқауға болады. Өткен жылы облыстың кәсіпкерлер палатасына 161 өтініш түскен. Оның ішінде бизнесті қорғау желісі бойынша 91 өтініш қаралып, нәтижесінде 33-і оң шешімін тапқан. Өтініштерді сараласақ, мемлекеттік сатып алу саласына 22, жерге қатысты 11 мәселе туындаған, мемлекеттік органдарға 16, құқық қорғау органдарына 6 шағым және басқа да мәселелерге байланысты 36 өтініш түсті. Өткен жылы 1 миллиард 637 миллион 97 мың теңгенің мүліктік құқықтары қорғалды. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 14 мәселе қаралды. Олар бойынша бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға және аталған саладағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 19 ұсыным әзірленді. Қаралған 14 сұрақтың ішінен 8 сұрақ оң шешілді. Мұның бәрі де кәсіпкерлерді қолдау мақсатында атқарылып отырған жұмыстар. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, заңсыздыққа жол берілмейді.  

Ислам ТҰРСЫНБЕК,

облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар