«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірліктің тірлікке пайдасы мол

Бірліктің тірлікке пайдасы мол
ашық дереккөз
Бірліктің тірлікке пайдасы мол
Өткен аптаның соңын ала еліміздің бірқатар өңірлерінде су тасқыны орын алды. Күтпеген апат, ойламаған жайт. Мұның бәрі елге оңайға соққан жоқ. Көктемгі қар суы еріп, салдарынан бірнеше ауылды су басып қалды. Әрине, апат – айтып келмейді. Тілсіз жаудың тұтқиылдан келген сынағы қалың қазақты әбігерге салғаны да шын. Қазақтың дархан даласындағы Солтүстік, Батыс, Шығыс аймақтарындағы ахуал күрделі күйге түсті. Жағдайды бірден бақылауға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Президент Премьер-Министрдің төрағалығымен Республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Биліктің бұл жағдайға бейжай қарап отырмағанын көрсетті. Тиісті шешімдер қабылданды, тиісті тапсырмалар берілді, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өкініштісі, қазақтың бірнеше ауылы су астында қалды. Әуелі адам аман болса дедік. Енді апат салдарын қалыпқа келтіру маңызды. Бұл ретте Мемлекет басшысы мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтауды, алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар барлық жерде жүргізілуде. Алайда, әсіресе қазір түрлі әлеуметтік желілерде су тасқынының салдарын талқылау, оған билікті кінәлау белең алып кетті. Сол сияқты, толассыз тарап жатқан түрлі ақпараттар тасқыны да қарапайым халықтың ойын сан-саққа жүгіртті. Қарап отырсақ, сол әлеуметтік желілерде су тасқынының салдарын жою үшін көбісі өз ойын ортаға салып жатқан жоқ. Көбінің тірлігі «айқайға сүрең қосу» сияқты бірдеңе болып кете береді. Жалпы, соңғы кезде қазақ қоғамында кінәні өзгеге арту, өзін ұлт жанашыры ретінде көрсету сияқты нәрселер көбейіп кетті. Яғни, біреуге кінә арту, неге олай істемейді, неге бұлай істемейді деген сөз көп. Көрінген нәрседен ілік іздеу, болмаса ештеңеге көңілі толмау, тағы да сол өз қолынан келмегенді өзгеден талап ету дегендер ешкімді де ұшпаққа шығармайтыны анық. Ел үшін, жер үшін не істеп жүрсің деген сауалды әркім өзіне қойса, көбінің тосылып қалатыны шын. Ақпараттар ағыны тасқындап тұрған қоғамда қандай ақпараттың шын, қайсысының жалған екенін де ажырату қиынға соғып тұр. Айналып келіп, тағы да сол су тасқыны мәселесіне тірелеміз. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желідегі парақшасында су тасқынына қатысты арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар тарап жатқанын, жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын жазды. «Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан өте күрделі төтенше жағдай орын алуда. Бұл ретте әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар да тарап жатыр. Жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады», деді министр. Қазір айналаны қарасақ та бірін-бірі кінәлаған адамдар көп. Өтірік-шыны белгісіз ақпарат та жетерлік. Мұның барлығы да қарапайым халыққа оңай емес. Табиғаттың тосын құбылысына тап болған алыстағы ағайынның түрлі сөзге, түрлі ақпаратқа құлақ асатын шамасы да жоқ. Көпшілік көмекке зәру. Ал, көмек беру мәселесі Мемлекет басшысы өткізген жиындарда жан-жақты айтылды. Су тасқыны еліміздің кез келген өңірінде болуы мүмкін. Осы орайда, табиғат апатының алдын алу мақсатында Жамбыл жерінде де жүйелі жұмыстар қолға алынды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бүгінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-нен қауіп жойылып, 2 елді мекеннің қаупі төмендетілгенін, су басуға бейім 6 елді мекен бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда екенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Су тасқынының салдарымен күресу аймақ атқамінерлерінің назарында тұр. Табиғи апат талқылайтын нәрсе емес. Әрине, кез келген болуы мүмкін апаттың алдын алу керек. Ол үшін тиісті лауазымды тұлғалар өздеріне жауапкершілік алған. Алайда, болары болып қойған соң мәселені әр саққа жүгіртіп, бір-біріне тас атудың еш пайдасы жоқ. Мұндайда бірлікте тірлік етудің ғана пайдасы зор.  

Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар