Жұмыс көп, бірақ ынта жоқ

Жұмыс көп, бірақ ынта жоқ
ашық дереккөз
Жұмыс көп, бірақ ынта жоқ
Деректерге сүйенсек, Тараз қаласында жұмыссыз жастар саны 4 мыңға жуық екен. Ел дамуын тежейтін елеулі факторлардың бірі – жастардың жұмыссыздығы. Мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамтуға арналған бірнеше бағдарлама бар. Алайда, жыл өткен сайын NEET жастар саны азаяр емес. Себебі неде? Жастар құлықсыз ба, әлде мемлекеттік бағдарламалар қауқарсыз ба? Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Оның бірі – біз тек жұмыс бермей жатыр деп, өзгеден ғана қателік іздейміз. Ең басты қателігіміз – ынтаның болмауы. Жастардың басым бөлігі табылған жұмыстағы жалақыны азсынады. Мысалы, қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көре алады. Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жасқа бұл бағдарлама қызмет өтілін сұрайтын жұмыс орнына да орналасуға мүмкіндік береді. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында бір жыл бойы ол мамандығының қыр- сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. Онысы еңбек кітапшасына жазылады. Жас маман басшылыққа бар қарым-қабілетін көрсетуге тырысады. Қазір басшылық қызметтерде жүрген жас кадрлардың көпшілігі «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының аясында жұмыс тапқандар. Бірақ, олар әуелі аз жалақының өзіне қанағат етті. Бірте- бірте алдарынан даңғыл жол ашылды. Ешкім мол табысқа бір күннің ішінде жете алмайды. Тәжірибе жылдар бойы қалыптасады. Жұмыс табылмаған күнде қазір көзі ашық жастарға жаңа кәсіп ашудың мүмкіндігі көп. Жаңа кәсіп – жаңа нәсіп. Бізге ата-анамыз: «Кез келген нәрсенің өз қиындығы болады, сынаққа шыдасаңдар бәрін жеңесіңдер», – деп ақылын айтып отырады. Кәсіп ашуда да сынақ пен кедергілер кездесетіні рас. Шыдай білсеңіз, нәтижесі болатыны анық. Тіпті жұмыс күші жетіспейтін солтүстік облыстарға жас замандастарым тәуекел етіп барып жатса, артығы жоқ. Ең басты қағидамыз – қоғамға пайда келтіру болса, шіркін! Мемлекет басшысының Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда: «Бүгінде солтүстік аймақтарда жұмыс күші жетіспейді. Ол жақта тегін білім алуға, жақсы жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекет беріп отырған осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет» деген сөзі баршамызға ой салуы тиіс. Айтайын дегенім, жұмыстың жаманы жоқ. Табылған жұмыстың алыстығы жоқ. Жастар жақсы болашақ жолында барлық сынақтарды жеңе білгені жөн.  

Аяжан АҚЫЛБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар