
Қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Кешегі күн кетті, көп нәрсеге қолымыз жетті, бірақ ұлттық намысымызды, тілімізді әлсіретіп алдық. Біз күш-қайратымызды, жастық жігерімізді тәуелсіз Қазақстанның дамуына жұмсасақ, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жасампаз үлгісін жаңғырта беруді мақсатымызға айналдырып, татулық пен бірлікті қорғасақ, бізден асқан ел болмас еді!
Өмір – толғауы тоқсан ұласпалы күй, сондай-ақ, ол бақ пен сордың, жапа мен машақаттың, зейнет пен бейнет ырғақтарының қосындысы. Ал біз, жастар қауымы, уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беріп, қиындыққа қасқайып қарсы тұрғанда ғана табысқа өріс аша аламыз. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қасжауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деген екен. Демек, ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта тәрбиесі түзу болып бой түзесек, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ боларымыз анық. Сондықтан ұлтымыздағы ұрпақ тәрбиелеу құндылықтарын заман талабына сәйкес пайдалана білгеніміз жөн. Ата-бабамызбен кеткен керімсал заманды кері қайтара алмайсың, оларда тәттілеу тегеурінсіз сал дәурен, біздікі электронды, ақпаратты, жанталасып жан бақпасаң, жар басында қалатын тар дәурен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда жаттың жылтырағына қызығып, жақынның жармағына үздігіп, өз басындағы дәуренін мәнсіз сезінетін жастарымыз да аз емес.
Ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылып, «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешердей» заманды артқа қалдырып, бүгінгі таңда азаттықтың суын қанып ішкен тәуелсіз елдің білімді ұрпақтарына, яғни замандастарыма айтарым, есіргенге есік ашып, ессіздіктің есімін қайталауды доғарғанымыз жөн. Ғылым мен білім үйрен, кәсіп істеп, нәсібіңді молайт! Жаман қылыққа жарты өміріңді жегізбей, жақсы дүниені жаныңа жарық тұт! Жігерді құм қылатын түрлі қиялдармен әлек болмай, өмірге үмітпен қарап, адалдығымызды асыра берейік.
Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Ал, қандай заман болмасын, елдің ертеңі, мемлекеттің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында екені анық. Иә, жарқын болашақтың бейнесі, ол – жастар! Ендеше, кешегі еркіндікке шөлдеген, талай зұлматты бастан өткеріп, қайсарлықпен жеңе білген халқымыздың рухын қашанда биік ұстап, талантымызбен тас жарып, атағымызды Алатаудан ары асыратын жарқын өмір үшін күресейік дегім келеді.
Жайнар МҰРАТ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Мектеп аштырып, мешіт салдырған майдангер
- 20 ақпан, 2025
Руханиятқа еңбегі сіңген Рахымбай Құлбаев
- 20 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді