Шекарашылар оқушылармен кездесті
Кез келген мемлекет үшін ең алдымен тыныштық, бейбітшілік маңызды. Сондықтан шекара қызметі үлкен жауаптылықты талап етеді. Шекарашыларға жүктелер міндет салмақты болғандықтан, бұған бала жастан бойына патриоттық тәрбиені сіңдіріп, шымырлыққа жастай баулыған ұтымды. Осыны назарға алған жамбылдық шекарашылар мектептерге барып, оқушылармен кездесіп, отансүйгіштік, қырағылық тақырыбында ашық сұхбат өткізіп жүр. Жақында Жамбыл ауданының Бесағаш ауылындағы Абай орта мектебінде «Мемлекеттік шекараны күзетудің жаңа тәсілдері» атты мектеп оқушыларымен сұхбат ұйымдастырылды.
– Белсенді іс-қимыл бағытында шекара учаскелерін инженерлік жабдықтау жалғасып келеді. Сонымен қатар, шекараны күзетудің жаңа техникалық құралдары, заманауи қару-жарақ пен техника үлгілері сынақтан өткізіліп тұрады. Шалғайдағы аймақтарға пилотсыз ұшу аппараттары және мобильдік бейнебақылау кешені қолданылып жатыр. Кейбір учаскелерде термовидео мен бейнебақылау жабдықтарын қолдана отырып, шекараның ұзын учаскелерін күзетудің техникалық кешендері құрылған. Мектептердегі балалармен кездесу барысында біз шекара қызметін таныстыра отырып, қазіргі заманауи құрылғыларды да айтып өтеміз. Абай орта мектебіндегі кездесуді осындағы алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Мұхтар Абдукадировпен бірлесіп ұйымдастырдық. Шекара күзетудің жаңа әдістерін жеткізіп, оқушыларға жоғары оқу орындарына және келісімшарттағы әскери қызметке барудың ұтымдылығы жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын да өткіздік, – дейді Бесағаш шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Мирас Камон.
Сондай-ақ, Мирас Сұңғатұлы оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, шекара қызметі туралы бейнеролик көрсетілді.
Дәл осындай кездесу №11 Тайыр Тастандиев атындағы орта мектебінде де өтті. Оған патриоттық тәрбие беру мен әскери қызметті, оның ішінде шекара қызметінің ерекшеліктерін насихаттау мақсатында Ақсуат шекара заставасы бастығының орынбасары, аға лейтенант Дархан Кабдулкадыров келді. Дархан Бауыржанұлы білім алушыларды әскери қызметтің қыр-сырымен таныстырып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар, саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан қазақстандық батырларды еске алу арқылы ерліктерін дәріптеп, оқушылармен пікір алмасты.
Мұндай патриоттық тәрбиеге негізделген іс-шаралар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Әскери өмірді балаларға таныстыру арқылы олардың бойында өз Отанын сүйіп, құрметтеуге және өз елін қорғауға деген азаматтық борышын сезіндірер рухты ояту көзделген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді