Оспанәлі Иманәлиевке күй тартып бергенмін
Менің анам Айткүл Шералиева өте ақкөңіл, кішіпейіл, адамгершілігі мол, айналасына шуағын шашып жүретін жан. Мамандығы – есепші. Ол кісі мәдениет саласында, сонымен бірге бірнеше мекемеде есепші болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда құрметті зейнет демалысында. Бүгінде екі ұл, бір қызынан 14 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Анамның өнерге деген құрметі ерекше. Қазіргі таңда екі ұлы мен екі келіні де аудандық мәдениет үйінде еңбек етудеміз. Ол кісі үйде балалардың бабын тауып, тәрбиелеп, немерелерін әжелік махаббатына бөлеп, мейірімін төгіп отыр. Қарашаңырақта жұбайым, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншісі Мадина екеуміздің алаңсыз, уақытпен санаспай еңбек етуімізге анамыздың көмегі зор.
Анам бізді де адал, шыншыл және кішіпейіл болуға тәрбиеледі. Бала кездегі мына бір әдемі сәттер есімде сақталып қалыпты. Ол кезде біз Талас ауданында тұратынбыз. Қазақтың қай өңірі болса да ауылдағы жағдай бірдей ғой. Ауылда қоршау дейтін болмайтын. Балалар жүгіріп бірге ойнап жүреміз. Анам далаға таба нан пісіргенде көршінің балалары жиналып күтіп отыратын. Сонда анам бірінші нанды міндетті түрде ішіне шұжық салып пісіретін. Нанды табадан ала салып, ыстықтай бізге, көршінің балаларына, бәрімізге бірдей етіп бөліп береді. Барлығымыз мәз-мейрам болып ыстық нанымызды жеп алып, әрі қарай ойнап кететінбіз. Анамның бұл іс-әрекеті бізді қолыңдағы барыңмен бөлісуге, көпшіл болуға үйретті.
Анам үнемі үлкеннің батасын алыңдар деп айтып отырады. «Анаға сәлем» деген әннің сөзін жазған Оспанәлі Иманәлиев деген кісі біздің көршіміз еді. Ол кісі өмірінің соңына қарай төсек тартып жатып қалды. Сонда мені анам «Балам, атаңа барып көңілін сұрап кел» деп жіберетін. Мен домбыра тартамын. Оспанәлі аға менен домбыра тартуды өтінеді. Мен ол кісіге «Көңіл толқыны» күйін тартып беремін. Сонда аға: «Сен бүгінгі жастардың арасынан шыққан Құрманғазы боласың!» деп мақтап, алғысын айтатын. Мен мәз болып, мерейім өсіп қалатынмын. Анам үйреткен кісінің көңілін сұрау, көмектесу маған өмірлік тағылым болды. Әлі де ақжаулықты анамнан үйренетінім көп. Осындай мейірімді анамның шуағына жылынған сайын шүкір деймін.
Бауыржан ХАЛЫҚҰЛЫ,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының музыкалық өңдеуші және дыбыс операторы.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Еңбек қатынастарында еңбек шартының рөлі зор
- 9 желтоқсан, 2024
Зерделеу жұмысы кемшіліктерді анықтады
- 5 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді