«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар да ұлттық өнерді ұлықтаса...

Жастар да ұлттық өнерді ұлықтаса...
ашық дереккөз
Жастар да ұлттық өнерді ұлықтаса...
Жақында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әйгілі Кенен ақынның 140 жылдығына орай концерт ұйымдастырды. Филармония әншілері Кенен Әзірбаевтың әндерін керемет шабытпен шырқады. Домбырашылар оркестрінің жанды дауыстағы әндерін тыңдап, жақсы әсерге бөленді. Айтайын дегенім, концертке жастар келмейді, жастар халық әндері мен термелерді тыңдамайды деп жазғырып жатамыз. Бірақ, мен тамашалаған концертке ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер де келмеді. Залда тыңдарман өте аз болды. Сонда біздің замандастарымыз не тыңдап жүр, ол кісілерді қандай құндылықтар қызықтырады? Менің замандастарым телефонға телміріп, таңертеңнен кешке дейін болмайтын сериалдарды тамсанып көріп отырады. Біз жасы үлкендер өз халқымыздың ән-жырын, халық әндері мен халық композиторларының шығармаларын өзіміз тыңдамасақ, ол әндер басқа кімге керек? Ұрпақ тәрбиесі аталарға да, әжелерге де қатысты. Ұлттық өнерге, қазақтың қасиетті қара домбырасына қызыға білмейтін ұрпақ пайда болды. Олар даңғырлаған басқа әуенге, не мәні жоқ, не әні жоқ, мәтіні де түсініксіз немесе анайы мәтіндегі музыкаларға құмартып, құрдымға кетіп барады. Мен Кенен Әзірбаевқа арналған кештен керемет әсер алдым. Жоғары сынып оқушылары мен студенттерді осындай концерттер мен шығармашылық кештерге тарту керек. Бір қуанарлығы, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы қазір өнерлі балаларды жетілдіру жолында жақсы еңбек етіп жатыр. Аталған кеште сол оқушылар сарайынан келген «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі Кенен әндерін тамаша шырқады. Ансамбль жетекшісі Ақерке Қырықбаеваға ерекше алғысымды айтқым келеді. Қолдау болған жерде ұлттық өнер дамиды. Ұлттық өнерді қаланың балалары бойларына сіңіріп жатқанына қуанамын.  

Бақтыгүл ӘБДІБАЙҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар