«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Барлық жұмыс сапалы атқарылуы керек

Барлық жұмыс сапалы атқарылуы керек
ашық дереккөз
Барлық жұмыс сапалы атқарылуы керек
Тұрғындар мен коммуналдық маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз ету қашанда күн тәртібіндегі мәселе. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі жылыту маусымының өту барысы мен газ саласын дамыту жайы айтылды. Жиында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов жылыту маусымындағы атқарылған жұмыстар барысына тоқталды. – Облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық жұмыс істейді. Осы арқылы 1600 көпқабатты тұрғын үй мен 1737 әлеуметтік маңызы бар нысан жылумен қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда барлық жылу көздерінде температуралық кестелер сақталып, апаттық - диспетчерлік бөлімшелер тәулік бойы жұмыс істеуде. Штабтың жұмыс жоспарына сәйкес, облыс нысандарында жылыту маусымының өту барысында тұрақты түрде зерделеу жүргізіліп, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Мойынқұм, Шу аудандарында бірқатар кемшіліктер анықталып, олқылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілді, – деді Дамир Сейсенбекұлы. Сондай-ақ, жиында тұрғын үйлермен коммуналдық нысандарға табиғи газ жеткізу жұмыстарының сапасы сараланды. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатовтың сөзінше, былтыр облыс көлемінде 11,8 миллиард теңгеге 30-дан астам елді мекен газдандырылған. – 2023 жылы 11,8 миллиард теңгеге 36 елді мекенге газдандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен 11 ауылдың тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп, облыстың газбен қамтылу деңгейі 91,1 пайызға жетті. Ал, қалған 25 ауылда құрылыс- монтаждау жұмыстары өтпелі саналып отыр. Аталған бағытта жұмыстар биылда жалғасын тауып, 2024 жылы 11 елді мекенде 17 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Д.Тұңғатов. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев газ құбырларын жөндеу жұмыстары кезінде жол- көлік қозғалысын реттеп, жаңарту жұмыстарын сапалы жүзеге асыру керектігін айтты. – Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін көп созбай, жаңарту жұмыстары басталады. Өздеріңізге белгілі, биыл қыста Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында бірқатар газ құбырлары жарылып, тұрғындарды әбігерге салды. Сонымен қатар, 15-шағын ауданның тұрғын үйлері жылумен толық қамтамасыз етілмей, тұрғындар тарапынан шағым түскен болатын. Сондықтан, жаңа жылыту кезеңіне дейін барлық жұмыстар сапалы атқарылып, дайындық барысы пысықталуы қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Тараз қаласының 15-шағын ауданында тұрғындар тарапынан көп шағым түсетіндігін атап өтіп, аймақта 10 ақпаннан бастап құрылысы басталуға тиіс су жинақтауға арналған насо сты станцияның іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.  

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар