Ауыл медицинасын дамыту – басты міндет
Елді мекендердегі медицина саласын дамыту – мемлекет алдында тұрған басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында осы саланы дамыту үшін кешенді жоспар құрып, алдымызға нақты мақсат қойып бергені белгілі. Бүгінде ауданымызда 36 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Онда өз ісінің мамандары жұмыс істеуде. Атап айтсақ, аудандағы медициналық ұйымдарда 98 дәрігер, 467 орта буындағы медицина қызметкері бар. «Дені саудың – тәні сау» демекші, ауданға қарасты ауылдық округтерден ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттер көптеп салынуда. Мәселен, өткен жылы Өрнек, Айша бибі амбулаториялық пункттеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Жаңаөткел ауылында 5 келушіге және Шайқорық ауылында 45 келушіге арналған денсаулық нысандары бой көтерді.
Сондай-ақ, жекеменшік серіктестік негізінде Шайқорық ауылында өткен жылы отбасылық медициналық орталығы ашылды. Ал биыл тұрғындар сұранасына сәйкес, Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылдарында медициналық пункттердің құрылысы басталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш міндетті қамтиды. Біріншісі – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшіншісі – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету. Аталған жоба аясында елді мекендерде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, ауыл тұрғындарына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артпақ. Сондай-ақ, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге септігі тиеді деген сенім бар.
Ауыл тұрғындарына медициналық көмек ретінде жылжымалы медициналық кешендер берілді. Бұл шағын емхана түрінде жасалған, медициналық жабдықтармен, жиһаздармен және барлық тиісті медициналық жабдықтармен толық жабдықталған заманауи медицинаның жаңа деңгейі.
Бүгінде елді мекендерді аралап, медициналық көмектер мен кеңестер беріп отырған жылжымалы медициналық кешенге тұрғындар үйренді. Бекітілген кестеге сәйкес, ауыл орталығында жиналған тұрғындар денсаулыққа байланысты шағымдарына түрлі тексерулер жүргізеді.
Жылжымалы кешендегі медициналық қызмет түрлеріне келер болсақ, мұнда тіркелген халық арасынан скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың тізімдерін қалыптастырады; нысаналы топтағы тұлғаларды көлемін көрсете отырып, скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігі туралы хабардар етеді, қан айналымы жүйесі, глаукома, жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, тік ішек обыры, В және С вирусты гепатитін ерте анықтау бойынша скринингтің бірінші кезеңін жүргізеді. Нысан бойынша медициналық ақпарат жүйесі бағдарламасына деректерді енгізеді, шақырылған және скринингтік тексеруден өткен, консультациялық-диагностикалық қызмет алған адамдарды жылжымалы медициналық кешендерге тіркейді; денсаулық сақтау саласындағы есепке алу және есептілік құжаттамасының бекітілген нысандарына сәйкес пациенттердің деректерін, көрсетілетін медициналық қызметтер туралы мәліметтерді медициналық ақпарат жүйесі бағдарламасына енгізеді.
Мамандандырылған медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бейінді маман науқасқа алдын ала диагнозды, жүргізілген тексеру мен емдеу нәтижелерін, сондай-ақ медициналық тексерудің нәтижелерін көрсететін алдын ала медициналық қорытынды береді.
Жалпы айтқанда, бұл қызмет түрі өзінің тиімділігін көрсетіп, тұрғындарды тұрғылықты мекенжайынан тексеруден өткізуге таптырмас медициналық құрал болып отыр.
Сейдахмет ШЫНЫБЕКОВ,
аудандық орталықаурухананың бас дәрігері.
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді