«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

54 жоба іске асады

54 жоба іске асады
ашық дереккөз
54 жоба іске асады
Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартудың бір тетігі елді мекендердің инфрақұрылыммен жеткілікті қамтылуы. Әсіресе, таза ауыз сумен жабдықтау денсаулық үшін де аса маңызды. Облысымызда өткен жылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтау саласында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталған. Жыл қорытындысында 34 нысан пайдалануға берілген. Ал, қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болыпты. Өткен жылдың қорытындысында 17,2 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылған. Яғни, облыс халқын таза ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда 97,5 пайыз, ауылдық 313 елді мекенде 94,9 пайызды көрсеткен. – Қаржыландыру жоспарына сәйкес 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болып көзделген. Олар Қордай ауданында Цемзавод, Еңбек, Күнбатыс-2, Т.Рысқұлов ауданында Арай тұрғын алабы, Шу ауданында Қант зауыты. Алайда, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуіне және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады. Атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша 12 нысанда өндірістік кестеден кешігу орын алды. Меркі және Мойынқұм аудандарында 3 нысанда мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұзақ мерзімге созылған. Облыста сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алабы қалып отыр, – дейді облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Мәулен Қожаков. Мәулен Рахматалинұлының айтуынша, биыл облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,7 миллиард теңге қаралған. Оған 26 елді мекен мен қалалардағы 5 тұрғын алапты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жыл соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін қалаларда 98,8 пайызға, ауылдық елді мекендерде 96,9 пайызға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар, 2024 жылғы республикалық бюджеттің нақтылауына қосымша 17,8 миллиард теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылыпты.    

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар